Accessibility links

Зеленский АҚШ сенаторларына Starlink жұмысындағы ақаулар жайлы айтты

АҚШ сенаторы демократ Ричард Блюменталь. Украина, Киев, 26 тамыз, 2026 жыл
АҚШ сенаторы демократ Ричард Блюменталь. Украина, Киев, 26 тамыз, 2026 жыл

Америкалық сенаторлар Ричард Блюменталь (Демократиялық партия) мен Том Тиллис (Республикалық партия) 19 қазанда Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон шалып сөйлесті. Әңгімеге Конгресстің тағы бірнеше мүшесі қатысқан.

Блюментальдің айтуынша, Зеленский Украинаның Starlink байланысын қолдану мен АҚШ-тан барлау ақпаратын алу барысында әлі де қиындықтар көріп отырғанын жеткізген. Сенатор бұл жайтқа алаңдап отырғанын айтты. Оның сөзінше, Зеленский егер «Путин келісетін болса», Ресей мен Украинаның бір-бірінің энергетика нысандарына шабуыл жасауды өзара тоқтатуға Киев дайын екенін мәлімдеген. Бұған қоса Блюменталь Конгресстегі екі партияның өкілдері де Украинаны қолдауда бір ұстанымда екенін және мұны нақты іспен көрсететінін хабарлады.

Кейінірек Зеленский де АҚШ заң шығарушыларымен телефонмен сөйлескенін хабарлап, оның видеосын жариялады.

Бұған дейін сенатор Блюменталь – марқұм әріптесі Линдси Грэмнің есімімен аталған, Ресейге қарсы жақында қабылданған санкциялар туралы заң жобасы авторларының бірі – АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейге қатысты кейінгі әрекетін қатты сынға алған еді. Зеленский де АҚШ әкімшілігінің бұл қадамдарын қош көрмейтінін айтқан. Трамп болса Ресеймен дизель отынын жеткізу жөніндегі келісімді Мәскеудің Украинадағы бейбітшілік туралы келіссөзден шығып кетуіне жол бермеу мақсатымен жасадым деп түсіндірген.

19 қазанда Зеленский кеңес өткізіп, оның барысында Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Starlink қызметтерін қолдану жайлы баяндаған. Украина армиясының өкілдері Starlink жұмысында әлі де шектеулер барын тіркеп отырғанын айтқан.

"Өкінішке қарай, түрлі жерде жабдықтар жылдамдық сағатына 130-161 шақырымға жеткен кезде жұмыс істемей қалатыны байқалып отыр. Бұл майдандағы логистикамызды тежеп, әртүрлі дрондарды, әсіресе соққы беретін және реактивті "шахедтерді" атып түсіретін дрон-қаққыштарды қолдануды шектейді", – деп жазды Зеленский.

Сонымен бірге Украина президенті АҚШ қорғаныс министрлігі деңгейінде "өмірлік маңызы бар кейбір жабдықтардың" жеткізілуі кешігіп жатқанын хабарлады.

Бұған дейін бірқатар БАҚ дереккөздерге сүйеніп, украин армиясы пайдаланып отырған Starlink қызметі Ақ үйдің нұсқауымен шектелген деп жазған. Дональд Трамп өзі де, Илон Маск та Украина қолданатын спутник байланысын шектемегенін мәлімдеген. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да бұл сөзді растап, Зеленскийдің мәлімдемелерін сынға алған. Ол Украинаға барлау деректерін беруде кідіріс болғанын мойындады, алайда мұны саяси себептермен емес (Зеленский бұл АҚШ-тың Киевті Ресейдің дегеніне көнуге мәжбүрлеу үшін жасаған қысымы болуы мүмкін деп есептейді), техникалық ақаумен байланыстырған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG