Accessibility links

Трамп Зеленскийді ресейлік МӨЗ-дерге жасалған шабуыл үшін тағы да сынады

АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 16 қазан, 2026 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 16 қазан, 2026 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина армиясының Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарын сынға алды. Оның айтуынша, бұл шабуылдар дизель отынының әлемдік нарығына, соның ішінде Америка нарығына нұқсан келтіреді. Трамп Ресей әлемдік нарыққа арзан бағамен миллиондаған баррель дизель жеткізіп жатқанын, ал Украина президенті Владимир Зеленский соққылардың экономикалық салдарын ескермей отырғанын айтты.

Ол бұған қоса Зеленскийді Еуропа мен бұрынғы америкалық әкімшіліктің қаржылай қолдауына қарамастан, соғысты аяқтауға құлық танытпай отыр деп айыптады.

"Ол екі жыл бұрын қазіргіден әлдеқайда тиімді мәмілеге келе алар еді", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Сонымен бірге Трамп Ресеймен дизель отынын жеткізу жөнінде келісімге келгенін және Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздерге кесірі тимес үшін Мәскеуге қарсы жаңа санкциялардың бір бөлігін қолданудан бас тартқанын мәлімдеді.

"Менің Ресей бойынша шешімім өте қарапайым. Мен Ресей мен Украина арасындағы соғыста бейбітшілік орнату жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмын және ақымақтықпен Ресейді келіссөзден тайдыратын ештеңе жасағым келмейді", – деді Трамп.

АҚШ президенті бұған қоса Ресейдің қолынан келсе де, Иранға іс жүзінде көмектеспей отырғанын атап өтті. Трамптың сөзінше, ол осы жағдайдың сақталуына мүдделі.

АҚШ Украинаға қайтадан барлау деректерін бере бастады

Украина президенті Владимир Зеленский NBC News телеарнасына берген сұхбатында Вашингтонның үш күндік үзілістен кейін ресейлік баллистикалық зымырандар ұшырылғанын ескертіп отыруды қайта бастағанын хабарлады.

"Біз бұған дән ризамыз. Қазір бәрі жұмыс істеп тұр", – деді Зеленский.

Оның сөзінше, Украина мұндай ақпаратты АҚШ-тан ғана ала алады. Әйткенмен украин әскерінің Starlink спутниктері байланысын пайдалануына қойылған шектеулер әлі күшінде қалып отыр.

9 қазанда Трамп америкалық және әлемдік нарықтарға ресейлік дизель отынын жеткізу жөнінде Владимир Путинмен келісімге келгенін жариялаған. Осыдан кейін Вашингтон Киевтен ресейлік МӨЗ-дерге шабуыл жасауды тоқтатуды талап етті. Киев Ресей Украинадағы азаматтық инфрақұрылымдарға шабуылды тоқтатса келісетінін айтып, өз уәжін келтірді, бірақ Ресей Украинаға әуе шабуылдарын тоқтатқан жоқ. Әуе соққыларын біржақты тоқтатуға көнбеген Киевке АҚШ барлау ақпаратының бір бөлігін беруді уақытша тоқтатып, Starlink жұмысын шектеді деп мәлімдеді Зеленский.

Путин Трамп пен Си Цзиньпинге Украина мәселесін Зеленскийсіз талқылауды ұсынды

The Wall Street Journal (WSJ) басылымының мәліметінше, Путин соғысты тоқтатуды талқылау үшін Трампқа Қытай басшысы Си Цзиньпиннің қатысуымен үшжақты саммит өткізуді ұсынған. Журналистердің дерегі бойынша, мұндай бастама Путин мен Трамптың 9 қазанда телефонмен сөйлескенде айтылған. Сол кезде тараптар ресейлік дизель отынын жеткізу жөнінде де келіскен.

Кездесу 18-19 қарашада Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында өтуі мүмкін. Шараға Украина президентін қатыстыру қарастырылмаған.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков WSJ басылымына кездесу өткізу мүмкіндігі талқыланып жатқанын, бірақ оны өткізу және күн тәртібі бойынша әзірге келісім жоқ екенін растаған. Басылымның Америка әкімшілігіндегі дереккөзінің хабарлауынша, Трамп саммитке қатысуға әлі келісім бермеген. Газет сөйлескен дереккөздердің айтуынша, Қытай АҚШ президенті қатысқан жағдайда ол келіссөзге қарсы емес.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG