Accessibility links

«Гэллап»: Қазақстан тұрғындарының 15 пайызы шетелге көшкісі келеді


Наурыз мейрамы кезіндегі театрландырылған көш. Алматы, 22 наурыз 2006 ж.
Наурыз мейрамы кезіндегі театрландырылған көш. Алматы, 22 наурыз 2006 ж.

«Гэллап» халықаралық зерттеу орталығы пост-советтік мемлекеттерде 70 миллион халық шетелге көшуге ынтызар деп хабарлады. 12 елді қамтыған зерттеуде Қазақстан бесінші орында тұр.


«Гэллап» зерттеу қызметінің әлеуметтік сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 15 пайызы шетелге біржола қоныс аударуды қалайтындықтарын айтқан. Бұған қоса, респонденттердің 30 пайызы шетелге барып табыс тауып қайтқанды жөн көретіндігін білдірді. Шетелде оқу немесе түрлі бағдарламалармен сыртқа шыққысы келетіндер – 32 пайыз.

Орталық Азиядағы бес мемлекет ішінде Қазақстанды бұл көрсеткіштер бойынша Қырғызстан ғана басып озыпты. Биыл сәуір айындағы наразылық шерулерінен соң президент Құрманбек Бакиевті биліктен кетіріп, маусым айында ұлтаралық қақтығыстарды басынан өткерген Қырғызстан тұрғындарының 18 пайызы шетелге біржола кеткісі келетіндіктерін білдірген. Одан қалды сауалнамаға қатысқан қырғыздардың 34 пайызы шетелде нәпақа табуды жөн көреді.

МемлекетШетелде жұмыс істегісі келетіндерШетелде білім алғысы келетіндерШетелге біржола көшкісі келетіндер
Армения44%39%39%
Молдова53%30%36%
Беларусь35%32%20%
Қырғызстан34%32%18%
Қазақстан30%32%15%
Украина21%20%15%
Грузия34%31%14%
Әзірбайжан24%19%12%
Ресей22%24%11%
Тәжікстан28%25%9%
Өзбекстан24%30%6%
Түркіменстан19%24%5%

Қазақстан мен Қырғызстанға қарағанда, аймақтағы қалған үш мемлекеттің тұрғындары шетелге кетуді қаламайтын көрінеді. Зерттеуге қатысқан тұрғындар арасында шетелге біржола көшкісі келетіндер көрсеткіші Тәжікстанда - тоғыз, Өзбекстанда - алты, Түркіменстанда бес пайыз ғана болды.

«Гэллап» зерттеуіне сәйкес бұл жағынан Молдова мен Арменияға жетер ешкім жоқ. Еңбек күштері шетелге ағылып жатқан Молдовада сауалнамаға қатысушылардың 39 пайызы өзге мемлекетте түпкілікті тұрақтағысы келетіндігін білдіріпті. Арменияның бұндай көрсеткіші бар болғаны үш пайызға аз екен.

Зерттеу қызметі Балтық елдерін қоспағанда, пост-советтік 12 мемлекетте сауалнамаға қатысушылардың шамамен 30 пайызы өз елінен көшуді қалайды деп көрсетті. Яғни, бұл елдердегі әрбір төртінші ересек адам шетелге кетуді армандайды.

Әлеуметтік зерттеуге 13 мыңнан астам адам қатысты, әрбір мемлекеттен мыңнан астам тұрғын пікір білдірді.

Тақырыпқа орай Алматы тұрғындары арасында жүргізілген сауалнаманы мына жерден тыңдаңыз.
XS
SM
MD
LG