Accessibility links

Қашаған кенішіндегі ереуіл тоқтады


Каспий шельфіндегі жасанды D аралы
Каспий шельфіндегі жасанды D аралы

Каспий шельфінің Қашаған кенішіндегі жасанды аралдарда еңбек етіп жатқан қазақстандық жұмысшылардың үш күнге созылған ереуілі тоқтады. Consolidated Contractors Company құрылыс компаниясының жұмысшылары (Аgip KCO-ның мердігер мекемесі) жалақыны өсіріп, жергілікті мамандарды кемсітуді жою жөніндегі талаптарын орындау үшін билік пен компания басшылығына он күн мұрсат беріп отыр.


АРАЛҒА АРНАЙЫ КОМИССИЯ КЕЛДІ

Тамыздың 3-і күні кешке қарай Азаттық тілшісімен байланысқан ССС компаниясының ереуілдетіп жатқан жұмысшылары құқық қорғау органдары мен билік өкілдерінен құрылған арнайы комиссияның D аралына келгенін хабарлады. Екі сағатқа созылған келіссөзден соң жұмысшылар өз талаптарының орындалуы үшін он күнге мұрсат бергендерін айтады. Комиссия құрамында болған Атырау облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры орынбасары, бас мемлекеттік инспектор міндетін атқарушы Әліпқали Дәулетияровтың айтуынша жалақыға байланысты наразылық танытып отырғандар арасында тек ССС компаниясының ғана емес, олардың басқа субмердігерлері «Шыңдар», «Арна», «Егеменді құрылыс», «Сапастройсервис» ЖШС жұмысшылары да бар екен.

- Жұмысшылар теңіздегі жұмыстың құрлыққа қарағанда аса қиын әрі қауіпті екенін көлденең тартып, жалқыларын 80 пайызға өсіруді сұрады. Олар ССС компаниясындағы формэн, супервайзер қызметтеріне ұлты қазақ азаматтарды қоюды талап етіп отыр. Өйткені, шетелдік формэндерге проблеманы түсіндіріп айту өте қиын. Енді осы мәселеге байланысты Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан ССС компаниясындағы жағдайды тексеруді талап еткен арыз күтіп отырмыз. Одан соң комиссия құрылып, істің ақ-қарасын анықтайтын болады, - деді Ә.Дәулетияров.

Бұған қоса Ә.Дәулетияровтың сөзіне сүйенсек ССС компаниясының әкімшілік менеджері Фаги мырза бұл мәселе туралы Аgip КСО компаниясымен арнайы келіссөз жүргізуге уәде берген көрінеді. Өйткені, жұмысшылар жалақысын көтеру мәселесі Қашаған кенішінің бұрынғы бас операторының жобаға бөлген қаржысына да байланысты.

Ал Атырау облысы Мақат аудандық прокуроры Жұбан Қадыровтың мәлімедемесі бойынша ССС компаниясы жұмысшыларының наразылық білдіруіне жасанды аралдағы дәл осындай жұмысты атқарып жатқан «Акер-Ерсай» консорциумы жұмысшыларының еңбекақыларының әлдеқайда жоғары екендігі (180-200 мың теңге) себеп болған.

Бұдан бөлек прокурордың хабарлауынша жұмысшылар жалақыдан басқа, зейнеткерлік төлемдердің де төленбей отырғандығына, компания иелері арабтардың өздерін үнемі кемсітіп келгеніне шағымданған.

- Көптеген жұмысшылар еңбек шартын қолдарына алмаған, вахталық тәсілмен жұмыс істеудің де нақты белгіленген уақыт кестесі жоқ. Осы мәселелерге орай жұмысшылардан түскен шағымға сәйкес тексеру басталды,- деп атап көрсетті Жұбан Қадыров.

Еске сала кетсек, Consolidated Contractors Company (ССС) компаниясы 1943 жылы Хайфа қаласында құрылған. Компания негізінен Таяу Шығыстағы араб елдерінде жұмыс істейді және онда 69 мыңға жуық адам еңбек етеді. Негізгі айналысатын қызмет түрі - зауыттар, көпірлер мен инфрақұрылымдар салу, газ-мұнай және су құбырларын жүргізу.

ЖҰМЫСШЫЛАР ТЕҢІЗ ОҚИҒАСЫН ЕСКЕ САЛДЫ

Бұған дейін Каспий теңізіндегі Қашаған кенішінің жасанды Д аралында еңбек етіп жатқан ССС құрылыс компаниясының жүздеген қазақстандық жұмысшылары тамыздың 1-нен бастап жалақыны көтеруді, отандық мамандарды дискриминациялауды жоюды талап етіп, ереуілге шыққаны жайлы Азаттық радиосы баяндаған еді. Сол жолы кеніштегі жасанды аралдарда жүздеген адамдардың аса ауыр жұмыс жағдайында еңбек етіп жатқанын хабарлаған жұмысшылар, мұндағы кез-келген әлеуметтік талаптардың соңының ушығып кетуі әбден ықтимал екенін ескерткен болатын.

-Сондықтан жергілікті биліктен біздің наразылығымызға назар аударуын сұраймыз. ССС компаниясының басшылығымен келіссөзіміз де әзірге нәтижесіз. Мәселені кәсіподақ арқылы шешкіміз келмейді, олардың баяғыда «қалталы» құрылымға айналғанын біліп болдық.Біз екінші «Теңіз оқиғасының» қайталануын қаламаймыз. Жұмысшылар өзарамызда бір-бірімізді арандатудан сақ болуға үндеп отырмыз,- деп мәлімдеген еді аралдағы жұмысшылар Азаттық тілшісіне.

Дәл осындай еңбек дауы бұдан төрт жыл бұрын, 2006 жылы қазан айында Теңіз кенішінде туған еді. Соңы қазақстандық және түрік жұмысшыларының қақтығысына әкеліп соқтырған жаппай төбелестің салдарынан жүзден астам шетелдік мамандар жарақат алып, көптеген түрік жұмысшылары ел шекарасынан шығуға мәжбүр болған-тұғын.

Қашаған кеніші – Қазақстан үшін ең маңызды және ауқымды жоба. Ол әлемдегі ең ірі мұнай қоры ретінде танылған. Қазіргі есептеулер кеніштегі мұнай қоры 35 миллиард баррель екендігін айтады. Кеніштен мұнай өндіру 2012 жылдың аяғында басталады деп жоспарланып отыр.1-ші кезең жобасы іске қосылғанда тәулігіне 300 мың баррель мұнай алынады деген болжам бар. Ал 2-ші кезеңнің газды кері айдауға арналған қосымша қуаттар пайдалана бастағанда бұл көрсеткіш тәулігіне 450 мың баррельге дейін өседі. Алдағы онжылдықтың соңына қарай Қашаған кеніші кең ауқымды игеріле бастағанда тұрақты өндіру деңгейі тәулігіне 1,5 миллион барелльге жетпек.

Қашаған жобасының қатысушылары болып әрқайсысында 16,81 пайыздан үлесі бар итальяндық Eni, қазақстандық - KMG Kashagan B.V. ( «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорыны), американдық - ExxonMobil, ағылшындық-нидерландық - Royal Dutch Shell, 8,4 пайызы үлесі бар американдық – ConocoPhillips пен 7,56 пайыз үлсеке ие болған жапондық – Inpex компаниялары саналады.
XS
SM
MD
LG