Accessibility links

«Темір банкті» әшкерелемек болып жүрген Жамбыл Төлегеновті әлдекімдер сабап кетті


Жамбыл Төлегеновтің оң аяғының жіліншігі сынған. Алматыдағы №4 аурухана, 5 тамыз 2010 жыл.
Жамбыл Төлегеновтің оң аяғының жіліншігі сынған. Алматыдағы №4 аурухана, 5 тамыз 2010 жыл.

«Темір банкпен» соттасып жүрген Жамбыл Төлегеновті шілденің 31-інде Алматыда бейтаныс кісілер соққыға жыққан. Төлегенов пен оның серіктері бұған банктың қатысы бар ма деп күдіктенеді. Банк ондай болжамды жоққа шығарады.


ТҰТҚИЫЛДАН ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ

«Қазақстан - 2012» қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаевтың баяндауынша, шілденің 31-і күні Алматы қаласының орталығынан үйіне қайтып бара жатқан Жамбыл Төлегеновке Алматы-1 теміржол вокзалының маңында әдемі киінген үш жігіт және екі қыз қарсы жолыққан.

– Әлгі екі қыз жасы 70-тен асқан Жамбыл Төлегеновке тиісе бастайды. Қарт адам жас қыздардан өзін жөніне қалтыруды сұраған кезде, олардың әңгімелерін сырттай бақылап тұрған жігіттер келіп Жамбыл Төлегеновті жұдырықтың астына алған. Соққыдан талып қалған жәбірленуші таң атқанда барып есін бір-ақ жияды. Оны сабағандар Жамбыл Төлегеновті жолдың бойына тастап кеткен. Жедел жәрдем
«Қазақстан - 2012» қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев. Алматы, 5 тамыз 2010 жыл.
шақырып, ауруханаға жеткен жәбірленушінің қазіргі жағдайы ауыр. Бас сүйегі мен миына зақым келген, аяғы сынған. Бірақ есін біледі, – деді Есенбек Өктешбаев.

Төлегеновты ұрып-соққандар оның қол телефонын тартып алып кеткен. Алайда, Жамбыл Төлегенов пен оның серіктері бұл қаскүнемдер «Темір банк» қызметкерлерінің жіберген адамдары ма деп күдіктенеді.

– Өйткені, оны ұрып-соққандар қарақшылық шабуыл жасағандай кейіп танытқанымен, шын мәнінде оларды «Темір банктің» қаржылық айла-тәсілдерін әшкерелейтін құжаттар қызықтырған. Сондықтан, бұл үркітіп-қорқыту мақсатымен ұйымдастырылған деген жорамалымыз бар, – деді Есенбек Өктешбаев.

Өктешбаев енді «Қазақстан 2012» қозғалысының атынан Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Ішкі істер министрлігіне қылмыскерлерді тауып, оларды жазаға тарту үшін мәлімдеме жасайтындарын айтып отыр. Ол егер заң органдары бір ай ішінде бұл қылмысты ашпаса, келесі айдың басында наразылық шеруін өткізетіндіктерін жеткізді.

Оң аяғының жіліншігі сынып, бет-аузы көгеріп, ісіп кеткен Жамбыл Төлегенов қазір Алматының №4 қалалық ауруханасында жатыр. Бейсенбі күні ауруханада өзімен жолыққан Азаттық радиосының тілшісіне ол өзін сабағандардың соққысынан миы да шайқалғанын айтты.

Жамбыл Төлегенов «банк сыйақы есебінің формуласы жалған» деп өткен айда «Темір банктің» үстінен сотқа шағым түсірген болатын.

«ТЕМІР БАНК» ӨКІЛІНІҢ КҮМӘНІ

«Темір банк» акционерлік қоғамының баспасөзбен байланыс бөлімінің жетекшісі Евгений Алексеев азамат Жамбыл Төлегеновтің соққыға жығылуына банктің ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдеді. Сонымен бірге, банк өкілі өздерімен соттасып жүрген Жамбыл Төлегеновтің сөздеріне күмән келтіреді.

– Шілденің 28-і мен 31-і аралығында Төлегеновпен «Темір банк» қызметкерлері ешқандай байланысқа түскен жоқ. Қазіргі уақытта Төлегенов мырза мен «Темір банк» Алматы облысы Іле аудандық сотында бір-бірін сотқа беріп жатыр. Ол тамыздың 2-і күнгі сот отырысына келген жоқ. Төлегенов сот төрешісіне өзінің жол-көлік апатына түскенін айтқан. Ал оның соққыға жығылуына келер болсақ, банк Жамбыл Төлегеновтің тез сауығып кетуін тілейді. Және құқық органдары бұл қылмысты неғұрлым тез анықтағанын қалаймыз. Және қажет кезде қол ұшымызды береміз. Әйткенмен, жәбірленушінің бірнеше күн ішінде екі бірдей оқыс жағдайға тап болуы біздің күдігімізді туғызып отыр. Бұл жерде Төлегенов не сот төрешісіне, немесе қоғамға дұрыс айтпаған. Ал, көпшіліктің алдында немесе көпшілікке мәлім болатын, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарына жалған ақпарат бергені үшін кінәлі адам Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 129-шы бабы бойынша жазаланады, – дейді Евгений Алексеев.

Бірақ Жамбыл Төлегеновтің қаскүнемдер өзін Алматы-1 теміржол вокзалының ішіндегі алаңда соққыға жығып кетті деп отыр.

– Ол жерде көліктерге жүруге тыйым салынған. Сондықтан ешқандай жол-көлік оқиғасы болған жоқ. Мені қасақана ұрып кетті. Қазір ауруханада жатуыма байланысты істі уақытша шегере тұрсын деп сенімді өкілім арқылы сотқа өтініш айттым, – дейді Жамбыл Төлегенов.

Жамбыл Төлегенов соңғы үш жыл бойы Қазақстанның екінші дәрежелі банктерінің жүргізіп отырған істерін зерттеп, ондай банктерден ипотекалық несие алғандардың құқығын қорғаумен айналысып келді.
XS
SM
MD
LG