Accessibility links

Билік Жаңа жыл қарсаңында Алматы маңында заңсыз салынған үйлерді бұзу саясатын тоқтатуға бұйрық берді


11 жасар Аян Көлбай қала әкімі Есімовтен Жаңа жылдық сыйлық ретінде өзі тұратын жатақханаға жылу мен су бергізуді сұраған еді. 23 желтоқсан 2008 ж.
11 жасар Аян Көлбай қала әкімі Есімовтен Жаңа жылдық сыйлық ретінде өзі тұратын жатақханаға жылу мен су бергізуді сұраған еді. 23 желтоқсан 2008 ж.

Алматы қаласының әкімдігі Алатау ауданының территориясындағы азаматтардың өздігінен басып алған жер телімдеріндегі тұрғын үй құрылыстарын бұзбауға уәде берді. "Файнекс корпорейшн" компаниясының басшылығы да жатақхана тұрғындарын қоныстарынан күштеп шығару жөнінде сотқа берген арызын қайтарып алған.

Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасы Алатау ауданындағы бірқатар тұрғындарға қарсы осыған дейін сотқа берген талап-арызды кері қайтарып алды. Басқарма ол талап-арызда азаматтардың өздігінен басып алған жер телімдерінде осы кезге дейін рұқсатсыз салынған тұрғын үй құрылыстарын заңсыз деп табуды соттан сұраған-ды.
Әйткенмен, бұдан кейін жаңадан басып алынған жерлердегі тұрғызылған кез-келген құрылыс нысандары бұзылатынын ескертті қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков желтоқсанның 25-і күні «Нұр Отан» партиясының жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында.
Ресми мәлімет бойынша, қазіргі кезде 170 мыңға жуық халық тұратын Алатау ауданының аумағында үш жарым мыңға жуық құрылыс нысандарының тиісті құжаты жоқ. Ондағы тұрып жатқандардың дені әлеуметтік жағдайы төмен аймақтардан күнкөріс қамымен Алматыға қоныс аударған отбасылар.
Шаңырақтағы даулы жер телімдері үшін тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыс салдарынан бір адам көз жұмған болатын. Алматы, шілде, 2006 ж.
«Оның ішінде 870 құрылыс су қорғау аумағында, 1600 нысан құрылыс салуға болмайтын қызыл жолақтың үстінде және 66 үй сақ қорғандары территориясында азаматтардың өздігінен басып алған жер телімдерінде тұр», - деді аудан әкімі Бағдат Мәнізоров.
Егер аталған құрылыстарды заңдастырмаса, осыдан екі жарым жыл бұрын Шаңырақ елдімекенінде болған оқиға қайталануы мүмкін екенін ескерткен Мәнізоров оларды заңдастырып, Алатау аудандық әкімдігінің бақылауына беруді сұрады. Алайда, қала әкімінің орынбасары В. Долженков даулы жер телімдерін заңдастыру 2007 жылы қабылданған "Су кодексіне және су қорғау тізіміне алынған аумақтың жекеменшікке берілмейтіні туралы" қаулыға қайшы келетінін алға тартты.
«Бұл даулы мәселені шешу үшін Алматы қаласының әкімдігі Су кодексіне түзетулер енгізу туралы ұсынысты үкіметке жолдаған болатын. Онда су қорғау тізіміне тек көлдер мен өзендерді енгізуді ұсынғанбыз». - деді В. Долженков.
Тұрғындар болса, Алатау ауданындағы кейбір үйлер тіпті 2000 жылдардың бас кезінде, яғни Су кодексі қабылданбай тұрып салынғандықтан билік оларды заңдастыруы керек деп санайды.
«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов даулы жер телімдеріндегі үйлерге байланысты атқарушы биліктің осыған дейінгі ұстанып келген саясатын өзгертіп, жұртшылықтың қойған талабына құлақ асуға ыңғай танытып отырғанын кішігірім жеңіс деп бағалайды.
Шаңырақтағы 2006 жылғы шілде оқиғасы үшін билік біраз адамды түрмеге қамады, олардың арасында 18 жылға сотталған диссидент Арон Атабек те бар. Алматы, 2007 жыл.

- Тұрғындарға енді өздерінің қазіргі иеленіп отырған жер телімдеріне, отбасына қатысты барлық тиісті құжаттарын заң жүзінде рәсімдеудің техникалық мәселелері қалып тұр. Олар бұл мәселені аяғына дейін жеткізуге күш салулары керек, - дейді А.Қожахметов. Соңғы үш жылдың көлемінде қаладағы ең өзекті әлеуметтік проблемалардың біріне айналған, тіпті, 2006 жылы жазда полиция мен тұрғындар арасындағы қақтығыстан кісі өліміне әкелген жер дауына қатысты мәселені енді атқарушы биліктің шешетінін «Нұр Отан» партиясы қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Сәменбекова сеніммен айтады:
- Бізге Алатау ауданы тұрғындарының бастамашыл тобынан жер телімдерін заңдастыруды сұраған өтініштерді партияның жанындағы қоғамдық кеңестің отырысында, аудан әкімі мен қала әкімінің орынбасарын шақырып қарадық. Шенеуніктер қоғамдық кеңестің келтірген уәждерімен келісіп, ол үйлерді құлатпай, заңдастырып беретін болды.
- Бірақ қоғамдық кеңестің не әкімшілік құзіреті, не заңды өкілеттілігі жоқ емес пе? Ендеше әкімдік оның шешімін орындауға қалай келісе қалды? Ал егер ертең олар уәдеден тайып кетсе ше?
- Олар уәдеден таяды деп ойламаймыз. Рас, біз билік органы емеспіз. Бірақ, «Нұр Отан» мен басқа партиялардың өкілдерінен құрылған қоғамдық кеңес халықтың мүддесін білдіргендіктен, сол халыққа қызмет ететін нақты шенеуніктер шақыруымызды қабыл алды. Сондықтан, қоғамдық кеңестің бұл шешімі атқарушы органға айтылған ұсыныс сипатында болса да, олар көпшіліктің алдында берген уәдені орындайды деген сенімдеміз.
Гүлнәр Сәменбекова егер Алматының басқа аудандарының тұрғындарынан да қоғамдық кеңеске әлгіндей арыз-өтініштер түсетін болса, кеңес оларды өз отырысында қараған соң тиісті шешім қабылдауға әзір екенін айтады.
Желтоқсанның 18-і күні Алатау ауданының тұрғындары өздерінің жер телімдерін заңдастыру проблемасына биліктің назарын аудару мақсатында Алматы қаласының әкімдігінің алдында пикет өткізуге рұқсат сұрап өтініш тапсырған болатын.

"Нұр-Отан" партиясы жанындағы қоғамдық кеңестің мәжілісінде билік партиясының Алматы бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Токмұхамед Сыдықов 1 ші автопарктің жатақханасын иемденуші "Файнекс корпорейшн" компаниясының басшысы аталған жатақхана тұрғындарын қоныстарынан күштеп шығару жөнінде сотқа берген арызын қайтарып алды деп мәлімдеді.

Сыдықовтың айтуына қарағанда, "Файнекс корпорейшн" жетекшілігі тағы да бірқатар жеңілдік шараларына бармақшы екен. Компания басшылығы жатақхана тұрғындарын энергия қуатымен жабдықтап келген АПК және Алматыэнерго компанияларына қарсы берген талап арыздарын да қайтарып алған. Мұның сыртында компания басшысы әрбір отбасына басқа жаққа көшіп-қону үшін 300 мың теңге қаржы бөлетіндігін де айтқан.


Алайда жатақхана тұрғындарының бастамашыл тобының өкілдері бұл ұсынысқа наразылық танытып, " жатақханадан басқа біздің барар жер, басар тауымыз жоқ" деп мәлімдеді.

23 желтоқсанда Фурманов пен Райымбек көшелерінің қиылысында бұрынғы 1 автопарктің жатақханасының пикетке шыққан тұрғындары мен полиция арасында қақтығыс болған еді. Жылуы мен жарығы, суы жоқ жатақханада балалы-шағалы 24 отбасы тұрады.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG