Accessibility links

Мұражайда Құрманғазыныкі делінген мылтықты Пыштанай батырдың ұрпақтары даулап отыр


Атырау тұрғыны Төлеген Сағындықов пен облыстық өлкетану мұражайы арасындағы даулы іске негіз болған тарихи жәдігер – мылтық.
Атырау тұрғыны Төлеген Сағындықов пен облыстық өлкетану мұражайы арасындағы даулы іске негіз болған тарихи жәдігер – мылтық.

Атырауда осы уақытқа дейін қазақтың әйгілі күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының аңшы мылтығы делініп келген тарихи жәдігерге байланысты дау шықты. Мұражайда тұрған мылтықты Пыштанай батыр Ерқосайұлының ұрпақтары оны өз аталарынан қалған мұра деп отыр.

ДАУЛЫ МЫЛТЫҚТЫҢ ИЕСІ КІМ?

Атыраудағы облыстық өлкетану мұражайында тұрған «Құрманғазы Сағырбайұлының аңшы мылтығы» деп аталатын жәдігерді көріп қалған Пыштанай батыр Ерқосайұлының ұрпақтары оны өз отбасыларының мұрасы екендігін айтып, мылтықты мұражайдан қайтаруды сұрап Атырау қалалық сотына жүгінген.

Сонымен, даулы мылтық қазақтың күй өнерінің атасы Құрманғазынікі ме, әлде XVIII ғасырда елін қалмақ пен жоңғар шапқыншылығынан қорғаған кіші жүздің батыры Ерқосай ұлы Пыштанайдікі ме деген сауалға екі тарап өз уәждерін алға тартады.

Бұл мылтықты мұражайға 2000 жылғы қарашаның 9-ында Қазақстанның халық әртісі, профессор-күйші Қаршыға Ахмедияровтың ағасы Қырғи Ахмедияров әкеліп тапсырған екен. Сотқа жауапкер жақтың куәсі ретінде қатысқан профессор Қаршыға Ахмедияров мұражайдағы мылтықты ес білгелі әкесінің «Құрманғазының мылтығы» деп атағанын айтады.

– Оны әкем Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл деген жердегі аты-жөні белгісіз ақ шашты қариядан алған екен. Ол қария мылтық туралы әкеме «Құрманғазы маған жезде болады. Мынау содан қалған мылтық» деп айтыпты. Содан домбыраны үйірсектеп жүрген баласына ырымдаған әкем бір бұзаулы сиыр мен винтовкаға айырбастап алыпты, – деді сотта Қаршыға Ахмедияров.

Талапкер Төлеген Сағындықов (сол жақта) сот приставына даулы мылтықтың өз атасынан қалған мұра екендігін дәлелдер айтып тұр. Атырау, қараша, 2009 жыл.
Алайда мылтықтың Пыштанай батырға тиесілі екендігін айтып соттан төрелік сұраған басты талапкер Төлеген Сағындықов өз дәлелдерін келтірді. Ол Атыраудың аудандарын аралап бұл іске қатысты көп дәйектер жинағанын айтады.

– Бұл мылтықтың XVIII ғасырда қазақтың жерін, елін қорғаған Кіші жүздің Беріш руынан шыққан Ерқосайұлы Пыштанайдың құндағы ақ болғандықтан «Ақбикеш» деп аталған қаруы екендігіне дау жоқ. Біздің қолымызда мылтықты қоятын тіреуіші әлі күнге дейін сақталған және мылтықты оған кигізсе құйыла кетеді, – деп сот отырысында мылтықты тіреуішке қондырды.

ЖЕРІН ЖАУДАН ҚОРҒАП, ЖЕЗТЫРНАҚТЫ ЖОЙҒАН ПЫІШТАНАЙ

Пыштанай батырдың шын есімі – Ерсары болған. Оның жаумен болған қақтығыстардың бірінде бүлініп, бет болған мұрнына қарап пұшық танау, кейін Пыштанай атандырып жіберген деседі білетіндер.

Төлеген Сағындықов өзін бесінші атадан тарайтын Пыштанай батырдың ұрпағымен деп таныстырса, сотқа оған ілесе келген бірнеше қария да осы Пыштанай батырдың ұрпақтары екендерін айтады.

Махамбет ауданының Таңдай ауылынан келген Қылышбай Қалмағамбетов ақсақал тіпті бұл мылтықты бала кезінде өз үйінен көргенін айтты.

– Бұл мылтықты Пыштанайдың Жұмабай деген баласынан тараған Қыстаубаев Сағындық деген кісіден 1936 жылы менің әкем Тәжіғұлов Сағындық сұрап алған еді. Мен онда ешкі бағып жүрген 7 жасар бала болатынмын. Сол жылы ит-құс қатты болып, аштық жайлаған кез-тұғын. Әкем осы мылтықпен тағылардан қорғанды, әрі бізді асырады. Бұл қару біздің үйімізде 1954 жылға дейін болды. Ал 1954 жылы Ахмедияр Көшәлиев баласы Қырғиды жіберіп сұратып алды, – дейді Қылышбай ақсақал.

Пыштанай батырдың тағы бір тікелей ұрпағының бірі Жолдас Сағындықов бір кездегі білтелі мылтықтың құндағын кесіп, Атыраудағы Петровский зауытына апарып шүріппе жасатқан дегенді айтады.

– Пыштанай батырдың аруағы – қара бура болды, осы құндақта сол бураның өркешінің таңбасы болуы тиіс. Мен оны көзіммен көргем. Ол кезде жасым 23-те еді. Ол Пыштанай батырдың таңбасы. Дәл сондай өркештің белгісі бізде сақталған мылтықтың тіреуішінде бар. Өкінішке қарай, олар мылтықты кесіп тастағандықтан батырдың белгісі жоғалған, – дейді ол.

Мылтықтың ұзындығының қысқартылып, өзгеріске ұшырағанын жауапкер жақтың куәсі Қаршыға Ахмедияров та жоққа шығармайды.

Атырау тұрғыны Төлеген Сағындықов өзінің батыр бабасы өлтірген жезтырнақтың тырнағы осы дейді.
Сондай-ақ Жолдас Сағындықов Ерқосайұлы Пыштанай батырдың ерекше аңшылық өнерінің болғанын да әңгімелейді.

– Бірде батырға жаудан қайтар жолында қалың тоғайда түнеп қалуға тура келеді. Ол бір тайдың етін жалғыз жейтін адам болған деседі. Сол жолы бір киік аулап, соның етін қақтап отырса, аяқ асты адам кейпіндегі алпамсадай біреу келіпті. Оған жеп отырған киік етін ұсынса, әлгі дәу бас тартыпты. Батыр әлденеден секемденіп, ұйқыға жатарда кесілген ағаш дөңбегін киімімен бүркеп, өзі басқа жерден бақылаған екен. Сөйтсе, әлгі алпауыт түн ортасы ауа киімнің астында жатқан ағаш дөңбегін буындырған екен. Батыр оны өлтірсе, Жезтырнақ болып шығыпты. Өзімен бірге сол Жезтырнақтың бірнеше тырнақтарын әкеліп еді, тек біреуі күні бүгінге дейін сақталыпты, – деп сояудай ілмек тәрізді затты да көрсетті.

МҰРАЖАЙДЫҢ ЖАУАБЫ

Алайда сотта жауапкер Атырау облыстық мұражайы директорының орынбасары Рашида Харипова өзінің жұмысқа 2003 жылдан кіріскенін, ал жәдігердің қалай қабылданғанын білмейтіндігін айтып ақталды. Мұражайға құндылықтарды қабылдауды реттейтін заңның кейінірек қабылданғанына сілтеме жасаған жауапкер даулы мылтыққа байланысты өзінің зерттеу жүргізгенін айтты.

– Мылтықтың фотосуретін Орталық мемлекеттік мұражайға жібергенбіз. Олар бұл қарудың Тула қаласында жасалуы мүмкін деп отыр. Оның үстіне мылтықтың кімге тиесілі екендігін баяндап беретіндей Пыштанай да, оның ұлдары Сүгірбай да, Қарақұл да, Жұмабай да, Қыстаубай да, күй атасы Құрманғазы да өмірде жоқ. Ал мылтықты мұражайға әкеліп тапсырған Қырғи Ахмедияровтың көзі тірі. Әрі
Пыштанай батыр Ерқосайұлының ұрпақтары даулап отырған, Атырау облыстық өлкетану мұражайында күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының қаруы делініп сақтауда тұрған мылтық осы.
оның әкесі Ахмедияр Көшәлиевтің бұл қаруды бұзаулы сиыр мен винтовкаға айырбастап алғанына ешкім күмән келтірмейді. Мылтықтың жасалу техникасы да Құрманғазы Сағырбайұлы өмір сүрген кезеңге сай екені дәледеніп отыр, – деді Рашида Харипова.

Сотқа төрағалық еткен судья А.Ізтілеуова мылтықтың Пыштанай батырға тиістілігін, мылтықтың отбасылық жәдігер екендігін нақтылайтын құжаттардың жоқтығына байланысты талапкерлер арызының қанағаттандырылмайтындығын айтты.

Дегенмен Пыштанай батырдың ұрпақтары бұнымен тоқтамай, өздерінің ары қарай ізденетіндерін мәлімдеп отыр.

Батырдың ұрпағы Төлеген Сағындықов жәдігердің иесі өздері екендіктерін барынша дәлелдегендіктерін айтады. Ол Астанада далада қалған қазақ батырларының арасынан орын бұйырмаған Піштанай батыр Ерқосайұлы мылтығының батырдан қалған жұрнақ екендігін мойындау соншалықты күнәлі нәрсе ме еді деп қиналады.
XS
SM
MD
LG