Accessibility links

Бакуде Илхам Әлиевтің тоғыз сарайы жайында хабарлаған веб-сайттарға тосқауыл қойылды


Дубайдағы қолдан жасалған Палм Джумера аралындағы мына үй әзірбайжандық жасөспірім баланың атына тіркелген.
Дубайдағы қолдан жасалған Палм Джумера аралындағы мына үй әзірбайжандық жасөспірім баланың атына тіркелген.

«Вашингтон пост» газеті Илхам Әлиевтің Дубайдан тоғыз сарай сатып алғандығы жайында жазған соң Әзірбайжанда кейбір веб-сайттарға тосқауыл қойылды. Бұл жылжымайтын мүліктер Әлиевтің балаларының атына жазылған болатын.


МИЛЛИОНЕР БАЛА

Әзірбайжандағы билеуші отбасының Дубайдағы сарайлары жайындағы мақаланың «Вашингтон пост» газетінде пайда болуы Әзірбайжандағы әлеуметтік желіні пайдаланушылар үшін нағыз драмаға айналды деп жазады Арастун Оруджлу «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Әзірбайжан редакциясының веб-сайтында.

Ал осы мақала жарияланған соң «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Әзірбайжан редакциясының веб-сайтына да тосқауыл қойылды.

Facebook, YahooGroups сияқты желілерді пайдаланушылар және өзгелер американдық газетте жарияланған Илхам Әлиевтің меншігі мен оның байлығына қатысты жан-жақты ой-пікірлер білдіре бастаған еді, көп ұзамай ол тақырып талқыға түскен интернет-ресурстарға еркін ену мүмкін болмай қалды.

Өткен аптада американдық «Вашингтон пост» газеті Біріккен Араб Әмірліктерінде, Дубайда болған бір оқиға жайлы жазған мақалада ондағы өзгешелікке таңданыс білдірген болатын. Бұл әмірлікте көптен бері әртүрлі ерекше жайттар болып тұрады. Бірақ, бұл жолы газетте жазылған оқиға Дубайдағы кекірік атқан бай-манаптардың ермегімен салыстырғанда көзге ерекше түсіңкірейді.

Газет мақаласында төмендегі жайт жазылған. Осыдан екі аптадай бұрын әзірбайжандық 11 жасар бала Дубайдың ең қымбат үйлері орналасқан жағалаудан тоғыз сарай сатып алған. Олардың жалпы бағасы – 44 миллион доллар. Жай ғана қарапайым есепке салар болсақ, бұл қаржы қатардағы әзірбайжан азаматының 10 мың жылда табатын жалақысына тең екендігін анықтауға болады.

Бірақ бұл сарайларды сатып алушы баланы Әзірбайжанның қарапайым азаматтарының қатарына жатқызуға келмейді. Оның аты-жөні –
Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев (ортада) әкесі және ұлымен – қос Гейдармен бірге.
Гейдар Әлиев, тура Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің баласымен аттас екен. Тіпті оның туған жылы мен күні де президенттің ұлының туған күнімен сәйкес келеді.

Президенттің ұлы немесе онымен аттас бакулік оқушы Палм Джумерадан мұндай қымбат сарайларды қалай сатып алуы мүмкін деген сұрақтарға «Вашингтон пост» газеті Бакудің ресми шенеуніктерінен ақыры жауап ала алмады. Мұндағы салтанатты сарайлардың қожалары мультимиллионерлер, британ футболының жұлдыздары, тағы басқа да байшыкештер. Олар үшін қыруар ақшаны жұмсай салу сөз емес.

Президент Илхам Әлиевтің жылдық жалақысы 228 мың доллар. Мұндай ақшаға Дубайдан әлгілерден қарапайымдау үйді сатып алудың өзі қиындау. Болған оқиғаға телефон арқылы түсініктеме беру туралы өтінішімізге Әзірбайжан президентінің баспасөз-хатшысы Азер Гасимов: «Мен ешнәрсеге түсініктеме бермеймін. Мен бұл әңгімені тоқтатамын. Қош болыңыз», – деп қысқа қайырды.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Әзірбайжан мұнайға бай ел болғанымен, жарқыраған астанадан былай шықсаң болды кедейшіліктің қамытын киіп отырғандарды көптеп кездестіруге болады. Елде сыбайлас жемқорлық етек жайған.

Бірақ, бұдан бұрын ешқандай хабарлама жасалмаған Дубайдан сатып алынған сарайлардан-ақ елдің билеуші тобының қаншама ақша
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев отбасымен бірге.
жинап жатқандығын және осы байлықтың немесе оның бір бөлігінің қай жақта тығулы жатқандығын байқауға болады.

«Вашингтон пост» газетінің пікірінше, Әлиевтер отбасының билікте ұзақ отыруынан елде тұрақтылық орнап, едәуір экономикалық өсімге қол жеткізілді. Сонымен бірге, Әзірбайжанды жаппай парақорлық жайлап алды және ол үшін ешкім де жазаланбайды.

Өткен жылы Нью-Йоркте болған кіші Фредерик Буркеге қатысты сот дәл осы жағдаймен байланысты тұғын. Оны өзінің коммерциялық мүддесіне бола шетелде сыбайлас жемқорлықпен айналысты, Әзірбайжан шенеуніктерін сатып алды деп айыптаған болатын.

Фредерик Буркенің ісінде Әзірбайжанның мемлекеттік SOCAR мұнай корпорациясының аты аталады. Осы істе алаяқтық істер жасалған делініп отырған 1990 жылдары бұл компанияны елдің болашақ президенті Илхам Әлиев басқарған-ды. Нақтылыққа сүйенетін «Вашингтон пост» газеті Дубайдағы жанжал туралы жазғанда мұнымен шектеліп қалмайды.

ӘЗІРБАЙЖАНДЫҚ ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ

Американдық газет Дубайдан салтанатты сарай сатып алғандардың қатарында Әзірбайжан президентінің 11 жасар ұлының деректерімен сәйкес келетін бакулік баладан бөлек, әзірбайжандық әлдебір Лейла және Арзу Әлиевалардың да бар екендігін, олардың атына да ресми түрде қымбат сарайлар тіркелгендігін анықтаған. Бұл жолы да әлгінде айтылғандай ұқсастықтар шықты, яғни Әзірбайжан президентінің екі қызы да осылармен аттас екен.

Сонымен еркетотай үш бала Дубайдан Илхам Әлиевтің 330 жылдық жалақысына тең келетін сарайларды сатып алғаны мәлім болып отыр. Бұлардың бағасы шамамен 75 миллион доллар. Осыншама қаржыны қалтасынан шығарып беруге шамасы жеткен Бакудегі беймәлім жанның кім екендігін білмек болған «Вашингтон пост» газеті іздестіргенін тапты да.

Президенттің зайыбы, Әзірбайжанның бірінші ханымы Мехрибан Әлиеваның туыстары елдегі бірқатар бизнестердің қожалары көрінеді.
Ильхам және Мехрибан Әлиевтер. Баку, 18 наурыз 2009 жыл.
Президенттің үлкен қызы Лейла ресейлік табыскер бизнесмен Эмин Агаларовқа тұрмысқа шыққан.

Американдық газет Эмин Агаларовпен байланысқа шығып, оған өзінің әйеліне және президенттің өзге де балаларына Дубайдан сарай сатып алуға қаржылай көмектестіңіз бе деп сұрақ қойған. Эмин Агаларов әйелі екеуінің бизнеске және жылжымайтын мүлікке қатысты мүддесі ортақ екендігін айтты. Бірақ, нақты жауап беруден жалтарып, электронды поштамен: «Біздің бұған түсініктеме бергіміз келмейді», – деп жауап берді.

«Вашингтон пост» газетінің зерттеуіне байланысты SOCAR мұнай компаниясының бұрынғы басшысы Сабит Багиров өзгеше, детективке жақындау болжам жасады. Ол Әлиевтердің Дубайдан сарайлар сатып алғандығы жайында білмейтіндігін айтты. Алайда, оның пікірінше, мұндай сарайларды отбасы мүшелерінің атына рәсімдеу нағыз ағаттық болар еді.

«Әлиевтер бұлайша ашық кетпес еді. Мүмкін бұл арандату шығар», – деді Сабит Багиров. Ол қазіргі режимнің жаулары Илхам Әлиевтің беделін түсіру үшін Дубайдан сарайлар сатып алуды әдейі ұйымдастыруы мүмкін дегенге меңзеп отыр.
XS
SM
MD
LG