Accessibility links

Орталық Азияда адам саудасы өршіп барады


Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» бекеті. 22 шілде 2009 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» бекеті. 22 шілде 2009 жыл.

Бизнестің бұл түрінің етек алу себебін анықтау үшін зерттеу жүргізген британдық «Джейнс Интелидженс Ревю» журналы бұған біріншіден, Ресей мен Қазақстандағы арзан жұмыс күшіне деген сұраныс, екінші жағынан - Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы мардымсыз жалақы себеп болуда деп отыр.


ҚҰЛДЫҚТЫҢ ЗАМАНАУИ ТҮРЛЕРІ

Орталық Азияға әлемдегі барлық көші-қонның 1,5 % ғана тиесілі болса да, аймақтағы елдердің экономикасы мигранттарға барынша тәуелді. Өз кезегінде, заңсыз көші-қон адам саудасымен тығыз байланысты. Бұл жерде адам саудалаудың бірнеше түрі бар.

Мигранттардың белгілі бір бөлігі алдын ала келісілген баға бойынша әртүрлі жерлерге жіберіледі. Ал екінші біреулері ақысыз немесе мардымсыз ақыға бола жұмыс істейді. Себебі, олар жұмысқа орналасу барысында пайда болған қарыздарын өтеулері керек.

Адам саудасы Орталық Азияның ішкі де, аймақтық та проблемасы болып отыр. Ел ішінде жұмыс күшін саудалау ауыл мен қала аралығында болады.

Заңсыз бизнес – адам саудасының екінші бір бағыты ТМД елдері шеңберінде, тіпті одан да тысқары жерлерде жүргізіледі. Ішкі адам саудасына қарағанда сыртқы бизнес табысы қомақты, тармақталған инфрақұрылымды құрайды.

Заңсыз адам саудасын тоқтату оңай емес. Өйткені, мигранттардың белгілі бір бөлігі мұндай адам төзгісіз ауыр жұмысқа өз еріктерімен барады. Бұдан бөлек, ТМД-ның кейбір мемлекеттерінің аталған проблеманы шешуге құлшыныс танытпауы да кедергі болуда.

ЕҢ ОСАЛ ТОПТАР

Мамандардың пікірінше, заңсыз көші-қонның орын алуына әлеуметтік жағдайдың қиындығы, атап айтқанда, жұмыссыздықтың шамадан тыс көбеюі себепкер болуда.

Жұмыссыздыққа алдымен жастар ілінетіндіктен, адам саудасына ең көп тартылатындар да солар. Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы тұрғын халықтың 50 пайызы отыз жастан аспаған.

Халықаралық көші-қон ұйымы Алматы бөлімшесінің пікірінше, нысанаға алдымен ілінетіндер – 16-17 жастағы жас жігіттер.

Британдық «Джейнс Интелидженс Ревю» журналындағы зерттеу ауторларының айтуларынша, еңбекке тартылмаған жастардың әлі де көптігіне қарамастан, Орталық Азия елдерінің үкіметтері табыс табу үшін шет елдерге кетуге ұмтылып жатқан адамдардың елден шығу ережелеріне қатысты мәселелерді шешуде артта қалып қойған.

ШЕКАРАДАН ПАРА БЕРІП ӨТУ

Тіпті кейбір елдердің өз ішінде ары-бері жүру қиындаған. Өзбекстан мен Түркменстан өз азаматтарының ел ішінде көшіп-қонуына шектеу қойып, шығу визасын талап етеді.

Қырғызстан мен Тәжікстанда төлқұжат беру мен кедендік бақылау деңгейінде бюрократтық тосқауыл қойылған. Бұл – жемқорлықтың өсіп, мигранттар мен мемлекеттік аппараттың арасындағы делдалдардың көбеюіне алып келеді.

Сырттай қарасаң, Орталық Азия мемлекеттерінің барлығында шекарадан заңсыз өтуге тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін заңдық база бар сияқты көрінеді.

Алайда, британдық журналдың жазуынша, шекаралық өткізу бекеттері жемқорлықтың ордасына айналған. Мысалы, Қазақстанда кез-келген адам құжаты болмаса да 120 доллар төлеп, шекарадан өтіп кетеді.

Британ журналына ақпарат беруші көздердің бірінің қатардағы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарға сілтеме жасай отырып хабарлауынша, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы Қордай бекетінде тиісті құжаттарсыз шекарадан өту үшін 50 доллар мөлшерінде пара берсең де жеткілікті.

ТІРІ ТАУАРДЫ ЖИНАУ МЕН САТУ

Заңсыз көші-қон процесі негізгі деген үш компоненттің бірігуі арқылы жүзеге асады. Олар – жинаушылар, делдалдар және маклерлер.

Жинаушылар мүмкін болар құрбандарды тауып, оларға жұмыс туралы ұсыныс жасайды. Бас жағында олардың сеніміне кіруге тырысады. Атап айтқанда, болашақ құрбанмен оның туыстары, достары немесе көршілері арқылы танысады.

Делдалдар құрбандардың қозғалысын, шекарадан өтуін қамтамасыз етеді. Ал маклерлер құрбандарды нақты жұмыс берушілерге сатады.

Жинаушылар әлгіндей адамдар тобын жинап (олардың саны кейде 80-ге жетіп қалады), олардың қолына баратын жерге дейінгі билетті ұстатады. Мысалы, Мәскеуге дейін.

Жолға шығар алдында адамдардың төлқұжаттарын жинап алып, оны шекара қызметіндегілерге ақша төлейтіндердің қолына береді. Мигранттарды Мәскеуге жеткізген соң қала шетінде оларды жұмыс берушілерге бөле бастайды.

Адамдарды олардың мамандығы мен орыс тілін қаншалықты білуіне байланысты таңдайды. Орыс тілін біршама білетіндер үшін қара жұмыстан өзге де кәсіптер табылып қалуы мүмкін. Орысша білмейтіндер, әдетте, құрылысқа барады.

Мигранттар қандай да бір ақша тапқанымен, оларға ақыларын толық бермейді. Оларды өздерін тасымалдауға кеткен шығындардың барлығын төлеуге мәжбүрлейді. Олардың құжаттары жинаушылар мен делдалдардың қолында кепілде болады. Ер адамдарды, әдетте, үлкен топтарымен тасымалдап, сол топталған күйі қайта сатады.

ӨЗБЕКТІҢ ҚҰЛ САУДАЛАУШЫЛАРЫ ДӘУІРЛЕП ТҰР

Британдық «Джейнс Интелидженс Ревю» журналы адам саудасына қатысты АҚШ Мемлекеттік департаменті даярлаған арнайы есепке сілтеме жасайды.

Шетелге тірі тауар шығаруда Самарқан, Бұхара, Қарақалпақстан және Ферғана жазирасы алдыңғы орында.

Жинаушылар мен делдалдардың көпшілігі Өзбекстаннан шыққандар. Жинаушылардың арасында әйелдер де аз емес. Оларды өз араларында боссихалар («босс» сөзін әйелге қатысты айтқаны) дейді. Боссихалар әйелдер арасында үгіт жүргізуге жауапты.

Әйелдерді шекарадан бір-бірлеп өткізгенді қалайды. Топтағанда да олардың санын бесеуден асырмайды. Айтпақшы, делдалдар әйелдер үшін ерлерге қарағанда көбірек алады. Шамамен, әрқайсысы үшін 300-400 доллар мөлшерінде.

Есепке сәйкес, барлық жастардағы әйелдерді шекарадан құжатсыз өткізеді. Шекара және кеден қызметтеріне пара ретінде жыныстық қызметтер ұсынылады. Ол үшін алып келе жатқан әйелдерді пайдаланады.

ҚАЗАҚСТАН КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ АДАМ САУДАСЫНА ҚАТЫСЫ БАР МА?

Британ журналы Орталық Азияның барлық мемлекеттері ішінен аймақта адам саудасын болдырмауға барынша күш салып жатқан мемлекет Қазақстан екендігін бөліп айтады.

Бірнеше халықаралық ұйымдар (соның ішінде Халықаралық көші-қон ұйымының Алматылық бөлімшесі де бар) және Америка елшілігі полиция, соттар, кеденшілер үшін адам саудасы мен адамды пайдаланудың түрлері тақырыбында жаттығулар, оқу семинарларын ұйымдастырады.

Халықаралық көші-қон ұйымының деректеріне сәйкес, соңғы екі жылда заңсыз адам саудасына қатысты істердің саны күрт көбейген.

Тек 2007 жылдың өзінде қазақстандық полиция заңсыз адам саудасының жүзден астам құрбанын тіркеген. Салыстырып қарасақ, 2004 жылы осындай 25 оқиға тіркелген. Заңсыз адам саудасының ұйымдасқан жүйесі негізінен ауылдық жерлер мен шағын қалаларды қамтиды.

Бірнеше делдал Астана мен Алматыда әрекет еткен. Мұнда Қазақстанның ауылдық жерлері мен Қырғызстаннан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан келген мигранттар шоғырланған.

Халықаралық көші-қон ұйымының деректеріне қарағанда осыдан екі жыл бұрын тек Алматының өзінде 87 мыңнан аса мигранттар болған. Олардың көпшілігі жұмысқа күштеп әкелінген.

Алайда, қаладағы заңсыз адам саудасы жүретін жерлер полицияға жақсы белгілі болғанымен, жергілікті билік қылмыстың бұл ошағын жабуға соншалықты құлшыныс танытпайды. Британдық «Джейнс Интелидженс Ревю» журналы осының өзі полицейлердің де адам саудасына қатысты екендігінің дәлелі деп жазады.

Заңсыз адам саудасымен күрес жөніндегі қалалық бөлімнің басшысы Игорь Морозов жезөкшелердің үлкен ордасын жасырды-мыс деген күдікпен 2007 жылы тұтқындалды. Алматының Алмалы аудандық соты 2008 жылы ақпанда И.Морозовты 6,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

АСТАНАНЫҢ КӨПІРМЕ СӨЗІ

Британ журналы, Астана 2009 жылы заңсыз көші-қон және адам саудасы проблемасымен бұрынғыға қарағанда қаттырақ, бел шеше күреспекке әрекеттенуде деген қорытындыға келеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін 2010 жыл қарсаңында Қазақстан өзін полиэтникалық мемлекет және мигранттардың жұмысын заңдастырған аймақтағы ең басты ел ретінде көретуге күш салуда.

Астана өз шекараларын заңсыз кесіп өтуді тоқтатқысы келетіндігі жөнінде бірнеше мәрте мәлімдеме жасады. Алайда, Қазақстан жағы осы уақытқа дейін бұған қатысты нақты шараларды қабылдаған жоқ. Сондықтан, бұл мәселе шешімін таба ма, әлде айтылған күйі жай көпірме сөз болып қала ма, әзірге түсініксіз.

Британ журналы өз зерттеуін қорытындылай келе, бүкіл ТМД елдері кеңістігіндегі заңсыз адам саудасымен күрес мәселесі кәдуілгі қаржы тапшылығына келіп тіреледі дейді. Өйткені, бұл қылмыстық бизнестің басты арналары мен ошақтарына тосқауыл қою үшін қаржы керек.

Сондықтан, британдық «Джейнс Интелидженс Ревю» журналының пікірінше, бұдан ары тек Қазақстан ғана емес, аймақтың өзге де елдері қолға алған азын-аулақ шараларын місе тұтып, есесіне мазмұнсыз көпірме сөзге көбірек орын бермек.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG