Accessibility links

Қазақстанда Қытайдан әкелінген көкөніс пен жеміс-жидекке сұраныс жоғары


Алматы базарындағы Қытайдан әкелінген жемістер. 3 шілде 2008 ж.
Алматы базарындағы Қытайдан әкелінген жемістер. 3 шілде 2008 ж.

«Казтаг» ақпарат агенттігі жақында Қытайда өскен көкөніс пен жеміс-жидекті тұтыну жағынан Орта Азия елдері ішінде Қазақстан бірінші орында деген ақпарат таратты. Экономистер болса егер мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қолдау жасалса, екі жылдың ішінде Қазақстан жеміс және көкөніс өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз ете алар еді дейді.

Цифрлрарға қарағанда, осы жылдың бес айында ғана Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиясынан жеміс-жидек сатып алуға Қазақстан жеті жарым миллион доллар жұмсаған, демек сол аймақта өсірілген барлық өнімнің 87 пайызы шекара асып, осында әкелінген.

Базарлардағы Қытайдан әкелінетін жеміс-жидек пен көкөністер қаншалықты екенін «Алтын орда» базарына барып көзбен көріп қайттық. Өзге елден келетін өнімнің, әсіресе, қытайлық жеміс-жидек пен көкөністің сапасы нашар, құрамы күмәнді екенін білсе де, базарға келетіндер сыртқы сұлулығына қарап, сол шетелдік өнімдерді алуға тырысады екен.

Азаттық радиосына берген сұхбатында тұтынушы Баян есімді келіншек Қытайдан әкелінетін жеміс-жидек тек жеке басының ғана емес көпшіліктің де талғамына сай келетінін айтып берді. Оның айтуына қарағанда, шеттен келетін көкөністерді сақтау ыңғайлы.

– Көбінесе Қытай өнімдерін тұтынамын. Қысы-жазы солардың өнімін жеп жүрміз. Дәмі Қазақстан жемістерінен кем емес. Оның үстіне бағасы да арзан. Қазақстанның картобын алсаң, бір қаптың ішінен кем дегенде 7-8 келі шірігі шығады. Ал, Қытайдан келген картоптан 5-6 түйірі ғана бұзылған болып шығады, - дейді сұхбаттасымыз.

Келесі сатып алушы Әселдің пікірінше, Қазақстанда өсірілетін жеміс-жидек табиғи таза өнім болғандықтан, қауіптенбей пайдалана беруге болады. Сондықтан, қымбат болса да, Қазақстанда өсірілетін өнімдерді пайдаланғанды жөн көреді екен.

Сонымен қатар, ол Қытайдан келетін жемістер уақыт өте келе сыртынан емес, ішінен бастап бұзылғанын талай көзімен көргенін айтады. Оның үстіне Қытай адамды ұрпақсыз қалдыру үшін түрлі қоспаларды қосады дегенді естігеннен кейін мүлдем алмайтынын алға тартты.

– Мен Қазақстанда өсірілген немесе Ташкенттен әкелінетін жемістерді аламын. Өйткені, жеміс жеп отырғаныңды сезінесің. Бірақ баға айырмашылығы бар. Амал жоқ, қымбаттау болса да, өзіміздікін аламын. Мысалы, Қытайдан әкелінген алманың келісі 100 теңге болса, Қазақстандікі 120-130 теңгенің үстінде, - дейді тұтынушы Әсел.

«Алтын орда» базарында сауда жасайтын Гүлнұр есімді келіншек Қытайдан әкелінетін көкөністер мен жеміс-жидектер тез бұзылмайтындықтан сатуға пайдалы дегенді айтады. Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта өкімет тарапынан ешқандай қолдау болмағандықтан қандай жолмен болса да пайда табу керек дейді.

Бағасы мен сыртқы түрі халық талғамына сай болғандықтан, Қытай өнімдері өтімді келеді екен. Ал, жемістер бағасының құбылып тұруы кедендік бақылаудан қандай бағамен өткеніне байланысты дейді ол.

– Қазір Ташкенттен келетін жемістердің өзін Бішкек арқылы әкеліп жатыр. Содан кедендік бақылауда үш күн тұрып қалса шіри бастайды. Оның үстіне кедендік алым да қымбат. Ал, Қытайдан тасылатын жемістер мен көкөністер апталап кеденде тұрып қалса да бүлінбей, сыртқы түрі сол қалпында келеді. Кедендік салық та Бішкек арқылы өткен өнімнің салығынан арзанға түседі. Сосын өтімді келеді және сатуға қолайлы, - дейді Гүлнұр.

Ал экономика ғылымының докторы Фарида Бакиева келесі жылы Қытайдан келетін көкөніс пен жеміс-жидек азаяды дейді. Оның айтуына қарағанда, Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуды биылғы жылдан бастап қолға алып жатыр.

– Биылғы жылы ауыл шаруашылығын дамытуға арнап көп ақша бөлінді. Субсидия де уақытылы берілуде. Сырттан келетін жемістер мен көкөністерді азайту үшін «азық-түлік қауіпсіздігі белдігі» деген бағдарлама қабылданған. Қазір сол бағдарламаны іске асыру үшін жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытуда құрылымдық өзгерістер болып жатыр, - дейді ғалым.

Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан өз тұрғындарын жеміс және көкөніспен қамтамасыз ету үшін жылыжайлар салуда. Сондықтан, жылдан-жылға сырттан тасылатын өнім көлемінің азаюына мүмкіндік бар екен.
XS
SM
MD
LG