Accessibility links

Жалақысы 15 мың теңгеден аспайтын ауыл дәрігерлері қат маманға айналды


№1 қалалық балалар емханасының ғимараты. Қостанай, 2 қыркүйек, 2009 жыл.
№1 қалалық балалар емханасының ғимараты. Қостанай, 2 қыркүйек, 2009 жыл.

Қостанай облысына жарты мың дәрігер-маман жетіспейді. Ал еңбек етіп жатқан дәрігерлердің отыз пайызға жуығы зейнет жасындағы немесе зейнетке шығуға тақау қалған кісілер.


ЖАС МАМАНДАР ТҰРАҚТАМАЙДЫ


Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Владимир Стельмахтың айтуына қарағанда, облыста екі мыңға жуық білікті дәрігер, 6390 орта дәрежелі медицина қызметкерлері бар. Алайда, он мың адамға шаққанда кадрлармен қамтамасыз ету 2005 жылмен салыстырғанда едәуір кеміп кеткен.

Қазіргі уақытта облыс тұтастай алғанда 516 маман дәрігер, соның ішінде ауылдық мекендер 150 дәрігерге мұқтаж.

Облыстық балалар ауруханасының өзінде 26 маман, облыстық перзентханада 36 маман жетіспейді. Оның үстіне облыста еңбек етіп жатқан дәрігерлердің отыз пайызға жуығы зейнет жасындағы немесе зейнет жасына тақау қалған кісілер. Дәрігерлердің біразы 1,5 тіпті 2,0 ставкамен жұмыс істеп жүр.

Өткен жылдың өзінде ғана облыстан 40 маман-дәрігер, 66 орта дәрежелі медицина қызметкері көшіп кеткен.
Қостанайдағы №1 балалар ауруханасындағы ана мен бала бөлмесі. Қостанай, 2 қыркүйек, 2009 жыл.


2006 жылы көшіп келген 18 медицина қызметкерінің 3-і ғана, 2007 жылы 23-тің 13-і, 2008 жылы 36-ның 18-і ғана тұрақтаған. Әрине, бұл сан көңіл көншітпейді дейді облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары.


БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ КӨП, БІРАҚ, НАҚТЫ НӘТИЖЕ ЖОҚ


2009 жылға арналған денсаулық сақтау бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы мөлшері 17,5 миллиард теңгені құраған. Мұның өзі 2006 жылмен салыстырғанда 81 пайыз артық.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Бектұрғановтың айтуынша, облыс аумағында сырқаттарды төсек-орынмен қамтамасыз ету көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары.

Қазіргі кезде облыс әкімі, аудандар мен қалалар әкімдері және ірі кәсіпорындар басшылары берген гранттармен 70 студент медициналық оқу орындарында білім алып жатыр. Алайда, оқуын тәмамдап, диплом алғаннан кейін оларды туып-өскен облысына қайтып келуге ешкім де мәжбүрлей алмайды.
Облыстық перзентхана, Қостанай, 2 қыркүйек, 2009 жыл.

Облыс басшылары жас дәрігерлерді пәтермен қамтамасыз ету мәселесі кейінгі жылдары оңтайлы шешіліп жүргенін айтады. Дегенмен, денсаулық саласына, әсіресе ауылдық жерде жас кадрларды орнықтыру ісінде бұл мәселе шешуі факторлардың біріне жатады.

– Рас, облыста кейінгі жылдары жаңадан салынған немесе күрделі жөндеуден өткен ауруханалар мен емханалар, перзентханалар аз емес. Медицина ғимараттарын ағымдық жөндеуден өткізуге жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, сырт көзге жалтырап тұрған ғимараттардың ішінде маман кадрлар болмаса, еңбектің еш болатыны анық. Қыруар қаржыға сатып алынған компьютерлік томограф пен диагностикалық жабдықтарда жұмыс жасайтын мамандар жоқтың қасы. Мәселенің екінші жағы тағы бар. Дәрігерлердің ауылда тұрақтануы үшін ең алдымен ауылдың әлеуметтік-мәдени жағдайы көңілден шығатындай болуы және дәрігерлер еңбегі лайықты бағалануы керек, – дейді тәжірибелі дәрігер-хирург Ысқақ Есіркепов.

Жітіқара ауданындағы «Аққарға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Насыр Алашбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта ауылдық жерде жас дәрігерлердің еңбекақысы он бес мың теңгеден (100 АҚШ доллары) аспайды.
XS
SM
MD
LG