Accessibility links

Теміржол билеттерін сататын компанияда 58 миллион теңгенің дауы жалғаса түсті


«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ының бұрынғы қызметкерлері тарифті заңсыз өсірді деп өздеріне тағылған айыптың әділетсіз екенін айтып отыр.

Кеңселері Алматы мен Астана қалаларында орналасқан «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Байдалы Дәрімбетов бұдан бір апта бұрын жеке компаниялармен келісіп, заңсыз түрде баға көтерді деген себеппен компанияның 4 қызметкерін жұмысынан босатқан болатын. Оның айтуынша, аталған қызметкерлер жекеменшік компаниялардың өкілдерімен бірігіп, артық ақша таппақ болған. Сол мақсатпен ең маңызды бағыттар бойынша жолдың билетінің бағасын көтеріп, 58 млн теңгеден астам қаржы тауыпты деген күдік шықты.


«Бұл сома мөлшері әлі өзгеруі мүмкін. Менің қоластымда істейтін адамдар жекеменшік компаниялардың тарифті жүргізу саясатына араласпауы керек еді. Бұл олардың міндетіне жатпайды. Бұл тұрғыдағы тергеу жұмыстарының барлығы құқық қорғау орындарының қолына берілді», - деп мәлімдеген еді Дәрімбетов өткен аптаның басында.

Дәрімбетовтің мәлімдемесінен бір апта өткеннен кейін сейсенбі күні компаниядан шығарылған қызметкерлер өздеріне бағытталған айыптың әділетсіз екенін айтып, жағдайды түсіндіруге әрекет жасады. Компанияның бұрынғы бірінші вице-министрі Жеңіс Бейсенбековтың айтуынша, компания төрағасының өздеріне қатысты таққан айыбы еш негізсіз, шындыққа жанаспайды. Осыған дейін жекеменшік компанияларға арнайы өкілетті органдардың рұқсатынсыз өз бетінше өсірді деген айып тағылған болатын. Ал қазіргі жұмыс істеп тұрған заңға сәйкес тасымалдау тарифін жекеменшік компаниялар өз бетінше өз бағаларын бекітуге құқылы дейді ол.

- Бір аптаның көлемінде мені және менің әріптестерімді біріккен қылмысқа қатысы бар деп айыптап отыр. Мен жекеменшік компанияларды қорғап отырған жоқпын. Бірақ ақиқаты сол – олар өздерінің қызметтерінің бағасын өздері көтере алады. Ал бұған біздің еш қатысымыз жоқ.


Сұхбаттасымыздың топшылауынша, компания басшысының бұлайша «жемқорлық» әрекетті әшкерелеуіне жеке мансаптық мүдделері себепші болған көрінеді.


- Дәрімбетов ойлады: «қазір Қазақстан темір жолы туралы тәртіпсізіктер туралы көп айтылып жатыр ғой. Егер мен осыны ашсам, атымды шығады. Мен өзімнің ақ екенімді көрсетемін» деген мүдде тұрды.


Ал компанияның атқарушы директоры болған Сәуле Истлеева болса, бұған дейін заңсыз деп аталып жүрген қаржының (58 млн теңге) заңды, жекеменшік компанияның адал тапқан нәпақасы екенін айтады.

- 58 млн теңге қайдан шықты? Бұл қаржы тарифтің көтерілуі есебінен компанияға түскен кіріс. Яғни, жаңа тариф енгізілген күннен бастап, өткен аптаның дүйсенбі күніне дейінгі аралықта түскен табыс. Бұл кәсіпорынның кірісі болып есептеледі. Бұл кірістің бір бөлігі салық ретінде мемлекет қазынасына түседі. Бұл кәсіпорынның заңды кірісі.

Сөйтіп, теміржол саласының мамандары өздеріне тағылған айыптың алынып тастауы мен моральдық өтемақыны да талап етіп отыр.


- Сотқа төртеуіміз де арыз түсірдік. Бас прокуратураға жолықтық. Біз мұнда екі нәрсені талап етіп отырмыз. Бірінші талап – бізді жұмысқа қайта алу туралы, екіншісі – бізге жағылған күйені алып тастау, - дейді Жеңіс Бейсенбеков.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG