Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың еврейлермен не істемек ойы бар?


Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Израиль президенті Шимон Перес Астанадағы кездесуде. 30 маусым 2009 жыл.
Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Израиль президенті Шимон Перес Астанадағы кездесуде. 30 маусым 2009 жыл.

Шимон Перестің Қазақстанға сапары бұл елге миллиондаған долларға Израиль қаруын сату туралы келісімшартқа байланысты болуы мүмкін. Екінші жағынан, Израиль президентінің мүмкіндіктеріне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың өз ішкі есебі болуы да ғажап емес.

ШИМОН ПЕРЕСТІҢ КЕЛУІ КӨПТЕГЕН СҰРАҚТАР ТУҒЫЗДЫ

Өткен аптада Қазақстанға Израиль президенті Шимон Перестің сапармен келісі саяси мәні бар кейбір жайттарды қайта маздатты.

Қазақстан басшылығы Шимон Пересті Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндердің үшінші сьезіне қатысуға шақырды. Тек шақырып қоймай, онда сөз сөйлеуге ұсыныс жасады. Алайда, ондағылардың барлығы бірдей дипломатиялық әдепті сақтай қоймады.

Израиль президенті сөйлеп жатқанда Иран делегациясының мүшесі Мехди Мустафави өзінің екі көмекшісімен бірге сьез өтіп жатқан залды тастап шығып кетті. Бірақ, Иран делегациясының өзге мүшелері оның соңынан ілеспегенін айта кету керек. Ирандықты жиылыстың өзге қатысушылары да қолдаған жоқ.

Осыған байланысты Шимон Перес қазақстандық форумда Иранның жалғыз қалуына байланысты таңданысы мен қанағаттану сезімін білдірді.

«Залды бір ғана мұсылманның тастап кеткенін бірінші рет көріп отырмын, - деді Шимон Перес, - Болған оқиғаның маңызын кемітудің қажеті жоқ. Иран жападан-жалғыз қалғанын түсінеді».

Израиль президентінің Қазақстанға келуі толып жатқан қауесеттер мен жорамалдарға негіз болды. Өйткені, мемлекет басқаруға қатысты қатаң ережелерге сәйкес бұндай деңгейде ешнәрсе жайдан-жай бола салмайды. Бұл жерде аяқ астынан ешнәрсе болмайды. Кез-келген осындай дипломатиялық акция сахна сыртындағы саясатқа жататын, елдегі әлдебір жасырын процестермен байланысты.

Шимон Перестің сапары барысында ешнәрсе аяқ астынан болмауы керек. Қалай болғанда да бір-бірімен байланысты екі мәселе бар: Біріншісі, Израиль Қазақстаннан не іздеді? Екіншісі, Қазақстан билігін, әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзін израильдіктерге ділгір қылған нендей мәселе?

Бұл әңгіме оның мақұлдауынсыз, келісімінсіз өтуі мүмкін бе еді? Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға жіті көз тастаған адамға көптеген мәселелер осы сапармен тікелей не жанама түрде сәйкес келіп отырғанын байқауға болады.

КЕЛІСІМШАРТТАР, ТҰТҚЫНДАУЛАР, ТАҒАЙЫНДАУЛАР

Әсіресе, израильдік фактор шешуші рөл атқарған Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің айналасында болып жатқан оқиғалардың енді қалай өрбитіні айқын болды.

Алғашында, наурыздың жиырмаларында, бұрынғы советтік полковник, бұрынғы қазақстандық, қазірде Израиль бизнесмені Борис Шейнкманның тұтқындалуы ашық күнде аспаннан жай түскендей әсер қалдырған еді. Ол қару саудасымен айналысатын. Көлденең баққылаушылар оны тұтқындау ісінде Ресейдің ықпалын бірден байқады.

Израильде ешкім Борис Шейнкманның жұмысынан құпия жасағысы келмейтін. Израиль БАҚ-тары Шейнкманның Израильдегі қару жасайтын «Солтам», «Элбит» және «Аэронотикс» тәрізді ірі компаниялар мен Қазақстанның арасындағы 300 миллион долларлық келісімшартқа делдал болғанын ашық жазған.

Израильдің «Маарив» газеті осы елдің қорғаныс өндірісінің өкілдеріне сілтеме жасай отырып Қазақстан ендігі жерде тіпті Ресей және Америка әскерлерінде жоқ заманауи қару-жарақтарға ие болғанын жазған.

Қажымұрат Маерманов, Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары (министрліктің сайтындағы суреті).
Осыдан барып Қазақстан мен Израильдің қару-жарақ байланысына Ресейдің араласуы мүмкін-ау деген болжам туған. Кейінірек, жаңалықтар барысында, Израильдің Қазақстанға сатқан қаруларының сапасының төмендігі туралы хабарлар жылт ете қалды. Шынын айту керек, бұл тақырып ары қарай жалғасқан жоқ.

Борис Шейнкманның ісі бойынша тергеу біртіндеп Қазақстаннның Қорғаныс министрлігіне ауысты. Біршама уақыт өткен соң онда Израиль қаруына байланысты алғашқы күдіктілер пайда болды. Олардың ішіндегі ең бастысы – сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша айыпталып, тұтқындалған Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Қажымұрат Маерманов.

Бұл істің тегершігі қаттырақ айналып, Нұрсұлтан Назарбаев өзіне берілген адам деп есептелетін Даниал Ахметовты қызметінен босатты. Артынша оның тұтқындалуы мүмкін екендігі туралы қауесеттер тарап кетті. «Республика» тәуелсіз газеті оны тұтқындауға келгенде Даниал Ахметовтың атылып өлгендігі туралы хабарлаған оқырман хатын өз сайтының басқы бетінде төрт күн бойы ұстады. Белгісіз оқырманнан келген бұл хатты ешкім жоққа шығарған жоқ. Бұл газеттің журналистері бұрынғы министрдің үйіне телефон шалған. Бірақ, ондағылар телефон тұтқасын тастай салған.

Даниал Ахметов, Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі. 19 қаңтар 2007 жыл.
Міне, осы жерде Израиль жағына Шимон Перестің қабілеті мен байланыстары қажет болды. Өйткені, Израиль азаматын құтқаруға байланысты іс мемлекеттік маңызы одан да жоғары мәселеге - Қазақстанға миллиондаған долларлық Израиль қаруын сатуға байланысты келісімшарт ісіне жайымен жалғасқан еді.

Израиль президенті бұл аса күрделі міндетті қалай атқарғаны жайында әзірге нақты бірнәрсе айту қиындау.

Даниал Ахметовті Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Әділбек Жақсыбеков ауыстырды. Бұл – Ресейдің саяси мәселелерін жақсы білетін, ресейлік қару базарынан Қазақстанның біртіндеп шығып бара жатуына байланысты Кремльдің ашуын қалай басуды білетін адамның ойланып жасаған әрекетіне ұқсайды.

Мүмкін оқиғаның басқаша өріс алуы да ғажап емес. Енді Қазақстан қару саудасында Ресей базарына қарай толықтай мойын бұрып, оны Ресейдің жоғары билігімен қажетті байланыстарды орнатып үлгерген жаңа Қорғаныс министрі басқаруы мүмкін.

Әділбек Жақсыбеков, Қазақстанның жаңадан тағайындалған қорғаныс министрі (оның бұрынғы жұмыс орны - Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтындағы сурет).
Ал енді Қазақстанның Қорғаныс министрлігіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне келсек, егер ол өзге факторлардан жоғарырақ тұрса, оған сенуге болар еді.

Көптеген сарапшылар мен бақылаушылардың айтуынша, Қорғаныс министрлігіндегі тазалаулар сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижесі емес. Ол – түрлі мүддені көздеген топтардың қақтығысы. Ресей жағымен қару саудасын бақылап отырған топ Израиль қаруымен саудадан түсетін қаржыны қадағалап отырғандармен келісімге келе алмай қалған.

Қазақстан президентіне бұл жолы да осы екеудің ішінен пайдасы көбірегіне қарай ыңғай білдіруге тура келеді.

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ НЕМЕСЕ «ҚАЗАҚГЕЙТ»?

Бірақ, Шимон Перестен қандай пайда болатындығына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің жеке ішкі есебі болуы мүмкін.

Қазымыр бақылаушылар Израиль президентін Нұрсұлтан Назарбаевтың талайдан бергі көксеген арманы, бейбітшілік жолындағы Нобель сыйлығының иегері болуға жақындататын адам болуы мүмкін деп те айтады. Басқа басқа, ал өзі де Нобель сыйлығының лауреаты болып табылатын Шимон Перес Нобель сыйлығы жөніндегі халықаралық комитетке Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынудың процедуралық құқына ие.

Қазақ президентінің Израиль жағына жасаған қызметіне орай, Израиль президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын оның талайдан бергі көздеген мақсатына қарай жылжыту үшін қосымша белсенділік танытуына да болар еді.

Бірақ Шимон Перестің мүмкіндігін пайдалануға байланысты Нұрсұлтан Назарбаев үшін бұдан да маңыздырақ мәселе бар. Бұл – қазақ президентінің басына төніп тұрған «Қазақгейттің» қылышы. Оны тоқтату үшін Астана тарапынан көп жылдан бері толып жатқан қаржылық та, дипломатиялық та күш-қуат сарп етілуде. Міне, осы бәлекет кез-келген сәтте Америкада бас көтеріп қалуы мүмкін.

Бұл жерде қазақ президентінің өмірлік логиканы таңдаудағы шеберлігі еріксіз тәнті етеді. Шимон Переске қызмет ете отырып, онымен достық қарым-қатынаста болуы оған Америкадағы еврей лоббистеріне біртіндеп шығуына көмектесуі мүмкін.

Соған қарамастан, егер сыбайлас жемқорлықпен байланысты «Қазақгейт» жанжалы Назарбаевқа қарсы өртке ұласар жағдай болса, бұл – АҚШ-тың мемлекет және қоғам қайраткерлеріне ықпал етудің қосымша тетіктері.

Америкадағы еврей лоббистерімен достасу ниеті Назарбаевтың ойында баяғыдан бері жүр. Оның көптеген сапарларындағы жақын нөкерлерінің қатарында еврейлердің Еуразиялық конгресінің президенті, миллиардер Александр Машкевичтің жүруі бекерден бекер емес.

Америкаға сапардың бағдарламасы ондағы еврей ұйымдарының беделді өкілдерімен кездесусіз өтпейді. Бұл, тіпті, салтқа айналғандай. Қажетті және міндетті салтқа.

Шимон Перес те Қазақстанға сапар жасауды өзіндік салтқа айналдыра бастағандай. Өйткені, Израильдің өзіндегі де, Қазақстандағы бақылаушылар да Шимон Перестің Қазақстанда Беларусь пен Ресейді қоса алғандағыдан да көбірек болғанын кекесінмен айтады.

Минскіде ол бір-ақ рет болды. Бірақ онда ресми емес, жеке сапармен барған-ды. Ал, белорусь жерінде оның ата-бабалары жерленген ғой...
XS
SM
MD
LG