Accessibility links

Мұстафа Шоқайдың мұрасы және қазақ пен Түркістанның бұралаң тарихы


Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Мұстафа Шоқай (1890-1941ж.ж.)
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Мұстафа Шоқай (1890-1941ж.ж.)

Алаштың аруақты тұлғаларының бірі - Мұстафа Шоқайдың Еуропада жерленген сүйегін елге әкелу туралы пікірлер айтылып жүр. Бүкіл саналы құмырын халқының бостандығына арнаған арысымыздың арттағы ұрпаққа сүйегін емес, сөзі мен ісін аманат етіп кеткенін ұмтпауымыз керек.


АРУАҚТЫ ТҰЛҒА

Қазақ торқалы той мен топырақты өлімнің жай-жапсарын, пәлсапасын ешкімнен кем білмейді. Біздің діндарлар да, дінсіздер де, ғалымдар да, жалпы оқығандар да әр тұрғыдан «бас қатырып» жүрген бір қасиетті ұғым бар. Ол – «аруақ!». Біреу оны рухтың айрықша атауы десе, екінші біреу оны «Аллаға серік қосу» дей салады, үшіншілері ол ұғымды айналып өтуді дұрыс көреді.

Бір ғалым бүй дейді: «Жаратқанды хақ және бір деп білген алаш баласында кемі 300-ге тарта «аруақты» жан-жақты бейнелеген, сипаттаған, түсіндірген, тұспалдаған сөз тіркесі бар (мысалы, аруақты адам, аруағы күшті, аруақ атты, аруаққа бағышталды, ер арыса – аруақ, т.б.). Бұдан кейін қазақтың сөздік қорынан «аруақ» сөзін алып тастау мүмкін емес екені белгілі болады. Күнделікті сөзімізде «Алламен» қатар «Құдай» мен «Тәңірдің» жүретіні сияқты, ағарған қазақ «аруақты» - «жебейтін күш» деп емес, бақиға аттанғандардың рухы деп ұғары сөзсіз».

Жаратқан аясындағы рух! Және ол сөз – марқұмның пәни дүниедегі еңбегінің бағасы, қасиетінің дәрежесі секілді бейнелі сөз. Ал халық
Мұстафа көптің сойынан емес, жалғыздың жалғызы. Өз соқпағында Шоқандай, Абайдай, Әлихандай жалғыздың жалғызы. Бірегей!
санасындағы бейнені, бейнелі сөзді өшіріп тастау мүмкін емес.

Бізде аруақты тұлғаның бірі – Мұстафа Шоқай. Ол – тұтас Түркістан, исі Алаш қайраткері. Қазір тарихи танымның әлсіздігінен «бұрқ-бұрқ етіп шығып жатқан батырлар мен қайраткерлер» көп-ақ. Бірақ Мұстафа көптің сойынан емес, жалғыздың жалғызы. Өз соқпағында Шоқандай, Абайдай, Әлихандай жалғыздың жалғызы. Бірегей!

Біз – қарапайым адамбыз. Биік саясаттың маманы емеспіз. Білгенімізден білмегеніміз көп. Өз басым 90-жылдардан бері Мұстафа Шоқайға қатысты бар дүниені оқыдым. Кейде тұшынып, кейде тыжыранып оқыдым. Қайраткер туралы фильмді де көрдім. Қызылорда іссапарында ескерткішін де тамашаладым. Несін жасырайық, дәл қазір Қазақстан рухты асқақтатар фильмдер мен ескерткіштерге аса зәру!..

АРЫСТЫҢ АМАНАТЫ

Мұстафаны танып-білу мен еңбек-аманатын насихаттауда «әттеген-ай!» деп опындырған, қанды басқа ұрғызған жайлар да байқалды.
Ол жайт – «қайраткердің Германияда қалған сүйегін елге әкелу» туралы елірме, күмпіл ұрандарға қатысты.

Мұны алғаш оқта-текте мақала, сұхбат шығарып тұратын бір саудагер айтты. Кейін дәл осы ойды күрделі саясаттың бел ортасында жүрген саясаткер мәлімдеді. Енді жақында осы сөзді бір ғалымнан естідім...

Менің әкем діндар адам-тын. Сол айтатын: «Адам туғанда бір жердің топырағы бұрқ ете қалады екен. Ақыры оған топырақ сол жерден
Аруақты ер бізге сүйегін емес, сөзі мен ісін аманаттады! Басқа ештеңені де емес!..
бұйырады» деп. Тағы айтатын: «Мұсылман баласы үшін бар топырақ бірдей. Бақилық болғанға зәулім бейітің керек емес. Сауап одан болмайды, тіршілікте жасаған ісінен болады» деп.

Осыны Мұстафа Шоқай тұлғасына қатыстырып түйіндесек: аруақты ер бізге сүйегін емес, сөзі мен ісін аманаттады! Басқа ештеңені де емес!

Саудагердің «ақыл көзін» түсінемін. Ол сүйекті де, жазбаша-ауызша мұраны да, ойды да, сөзді де саудалауға бар.

Саясаткердің есебін де аңғарамын. «Қазақ сүйекті қадірлейді, соны айта берсем, беделім артады» деп саяси жымияды. Оның өз есебі өзінде.

Ал, ғалым ше? Ғалым ақылды болу керек еді ғой. Неге өйтті екен? Оның да ізгі ниеті ұғынықты. «Шетте қалған мықтылардың сүйегі елге жетсе, халық рухани серпілер!» деп армандайды...

Бір ақын інім айтады: «Студенттік ғадетпен Алматыға соққан сайын Райымбек даңғылы бойында зираты қалған Мұхтар Әуезден бастап аруақты ерлердің бәріне, Кеңсайда бейіті қалқиған дара тұлғалардың біразына Құран бағыштаймын. Жас күнімізде балалықпен ол жерде өлең оқитынбыз. Қазір көп нәрсеге көзіміз жетті ғой. Балалықты қойдық. Сондағы шырақшы-бейітшілерден сұраймын «халық көп келе ме?» деп. Олар күмілжиді...» деп.

Енді сұрақ туады: Мұстафа Шоқайдың мүрдесін осылай ету үшін әкелеміз бе?..

Қайта ол Германияда қазақ пен Түркістанның бұралаң тарихын көрсетіп, дәлелдеп, «өз орнымен» («достойно!») жатқан жоқ па? Әлде, ол тарихты өшіріп, бізде бәрі тап-тұйнақтай деп, күн сәулетті Қызылорданың бір жеріне әкеліп, қайта жерлей салайық па?

Сонымен, бір жағы мұстафатануға нүкте қоймаймыз ба?! «Бәрі реттелді, өз бағасын алды, енді ондай қайталанбайды!» деп.

Қайда апарылғаны белгілі, бірақ бүгінгі тұрағы белгісіз (мұсылманша жерленбеген) Кенесарының бас сүйегі де, Германияда мұсылман қорымында дәстүрге сай жерленген Мұстафа Шоқайдың сүйегі де бізді «Халқым, қай дәрежедесің?» деп ойлантып тұрғандай көрінеді маған...

(Аутор Дихан Қамзабекұлы - Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. Ғалым бұл мақалада өзінің жеке ой-пікірлерін білдірген.)
XS
SM
MD
LG