Accessibility links

Данияр Әшімбаев: Билік ел басқару қабілетін жоғалтып алды


Астананың әкімшілік орталығындағы алаң. 10 сәуір 2007 ж.
Астананың әкімшілік орталығындағы алаң. 10 сәуір 2007 ж.

Қазіргі замандағы Қазақстан билігінің тарихын зерттеуші Данияр Әшімбаев елді ешкім басқарып отырған жоқ деп есептейді: үкімет президенттің тапсырмаларын елемесе, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялар үкіметті тыңдамайды.

«САН ТҮРЛІ ЭКСПЕРИМЕНТТЕР ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚ ПЕН ТИІМСІЗДІККЕ ЖЕТКІЗДІ»

Мамандығы экономист, отыз үш жастағы Данияр Әшімбаев еңбек жолын 1990 жылы Ғылым академиясының кітапханасынан бастады. Ол Қазақстанда жыл сайын жарық көретін «Кто есть кто в Казахстане» энциклопедиялық анықтама кітабының авторы әрі құрастырушысы.

Қазіргі заманғы Қазақстан билігінің тарихын зерттеуші маман Азаттық тілшісімен әңгімесін елді басқарудың жай-күйінен бастады:

– Бүгінгі таңда біздегі кадр саясатына ықпал етіп отырған бірнеше тенденция бар. Біріншіден, мемлекеттік басқарудың бұрынғы жүйесі ақсап қалды. Мәселен, бірқатар себептерге байланысты министрлік басқару істен шығып қалғандай.

Бір жағынан, барлық деңгейде біліктілік нашарлап, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлық барынша асқынып кетті.

Екіншіден, орталық – биліктің жоғары органдары болып табылатын президент әкімшілігі мен үкімет – жергілікті билік органдарын, салалық кәсіпорындар қызметін, т.б. қатаң бақылауды уыстан шығарып алды.

Бұған себеп, біздегі экономиканың барынша маңызды салалары: мұнай, газ, қара және түсті металдар өндірісі, т.б. мемлекеттік органдардың емес, елдің жоғары билігіне жақын жекелеген адамдардың қолында.

Сондықтан, бұл салалар басқарудан тыс қалды. Бұл – аппарат жұмысының жалпы деңгейінің төмендеуіне себепкер болған бір фактор. Және соңғы жылдары сан түрлі эксперименттер белсенді түрде жүргізілді. Мәселен, әкімшілік реформасын алайық. Оның мақсаты – басқару сапасын арттырып, оны қазіргі заман талабына бейімдеу еді.

Мысалы, 2004 жылы бюджеттер арасындағы деңгейді бөлісу туралы реформа жүргізілді. Осыған байланысты, бір облыста ауыл шаруашылығымен айналысатын екі мекеме, төтенше жағдай жөніндегі бес мекеме, денсаулық сақтау жөніндегі үш мекеме, т.б. пайда болды.

Соның салдарынан қай мекеменің өкілеттілігі қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын ажырату мүмкін болмай қалды. Яғни, оңтайландырудың орнын өте күрделі жүйе басып, ол өзіне-өзі кереғар келе бастады. Бұл жүйе бұрынғыдан да тиімсіз болып шықты.

Бұдан соң, соңғы жылдары, орталық билік деңгейінде реформалар жүре бастады. Естеріңізде болса, барлық министрліктер мен ведомостволарды стратегиялық, тактикалық, бақылаушы, т.б. деп бөле бастады.

Яғни, аппарат жүйесі бұрынғыдан да күрделене түсті. Бұның ақыры, әдеттегідей, барынша білікті кадрлардың кетуімен тынды.

Үшіншіден, әлденені өзгерту мақсатымен жауапты хатшылар институты енгізілді. Негізге алғанда, идеяның өзі қызықты болатын. Бұған барынша ұзақ дайындалғанымен, жаңа институт жеріне жеткізілмеген болып шықты. Алғашында бұл қызметті эксперимент ретінде енгізіп, содан соң ғана басқаруға қолданбақшы болған еді. Ал іс жүзінде оны бірден барлық ведомостволарға енгізді.

Қорыта айтқанда, дәл бүгінгі күні мемлекеттік аппарат елді басқарудан шет қалған деп айтсақ та болады.

«БҮГІНДЕ БАРЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ БАСҚАРУ ПРОЦЕСІНІҢ КӨЛЕҢКЕСІ ҒАНА ҚАЛҒАН»


– Данияр мырза, сонда елді, экономиканы кім басқарып отыр?

– Бір мысал айтайын. Жақында мен бір кездесуде болдым. Бір шетелдік Қазақстанға айтарлықтай көлемде қаржы құйып, екі өндіріс орнын іске қосу ниетімен келіпті. Оның өзі маған әңгімелеп бергендей, осы мақсатта ол өзінің әріптестерімен бірге бір ұлттық компаниямен келіссөз жүргізіп, келісімшартқа қол қойған.

Жобалардың технико-экономикалық негіздемелерін де жасап үлгерген. Содан соң олар министрлік деңгейіне шыққан. Бір сөзбен айтқанда барлығы келісіліп, тиісті құжаттарға қол қойылған. Ақырында үкіметтің қаулысы шыққан.

«Қорытындысында, жарты жылдан соң ұлттық компания мен министрліктің басшылары ауысты, – дейді әлгі шетелдік. – Содан соң бізге бұл процедураны басынан бастап қайтадан өтуге тура келді. Өйткені, барлық қабылданған шешімдерді жаңа басшылық мойындамай қойды. Біз үкімет деңгейіндегі шенеуніктерге де шықтық. Олар бізге таудай уәделер беріп, үкіметтің бірқатар қаулыларына қол қойды. Ал сайып келгенде, оны ешкім орындаған жоқ».

Енді сол шетелдік менен: «біз бұл жерде жұмыс істеуіміз үшін шешімді кім қабылдауы керек?» деп сұрайды. Мен оған: «мұндай шешімді енді ешкім қабылдай алмайды» деп айттым. Өйткені, президенттің көптеген тапсырмаларын үкімет елемесе, үкіметтің қаулыларын мемлекеттік холдингтер жүре тыңдап, мемлекеттік холдингтердің шешімдерін ұлттық компаниялар аяқ асты қылуы мүмкін.

Ал әкімдіктер өздерінше бөлек, басқаша өмір сүруде. Өйткені, олардың активтерінің барлығы ӘКК-лардың (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар) бақылауына өтті. Ал ӘКК-ларды шын мәнінде кімнің басқарып отырғаны өз алдына үлкен мәселе!

«Самұрық-Қазына» сынды алып ұлттық-мемлекеттік холдингтің өзі қаншалықты. Әртүрлі деректерге қарағанда оған жүзден астам компанияларды кіргізген. Басқару аппараты өте үлкен. Оларды (ӘКК мен «Самұрық-Қазына» қорын) шындығында кімнің басқарып отырғанын мен айта алмаймын.

Сырттай қарағанда, оларда барлығы бар сияқты. ӘКК мен мемлекеттік холдингтер өздерімен өздері өмір сүруде. Бірақ, олардың мемлекеттік сектор мен жекеменшік сектордың қайсысына жататыны, кімнің құзырында екендігі, олардың шешімдерін кімнің бақылайтыны белгісіз. Менің ойымша, көптен бері ешкім ештеңені басқарып отырған жоқ. Яғни, бүгінде барлық деңгейлердегі басқару тек көзалдау ғана сияқты.

Ал, жағдайды талдау нәтижелеріне негізделген шынайы саяси шешім қабылдау мен оны соңына дейін жеткізіп, бақылау жасау тұрғысынан алғанда елде басқару жоқ.

«ҚЫРУАР ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ БОЛСА СОЛАЙ ШАШЫЛУДА»

– Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру, сіздің ойыңызша, кімге тиімді болды?

– Олардың не үшін құрылғаны барынша түсінікті болатын. Өкілеттіктерді бөлген кезде жергілікті билік органдары – әкімдіктерде әртүрлі көптеген активтер қалған болатын. Мысалға алсақ, жер учаскелері, кәсіпорындар. Алайда, солардың көпшілігі кейінгі кездері жұмыс істемейтін.

ӘКК құрудағы әуелгі мақсат – осы майлы жіліктерді жергілікті билік органдарынан алып, экономикаға жұмыс істету керек болды. Бүгінгі күні жеті ӘКК құрылып, олар жергілікті әкімдіктерден барлық активтерді, тіпті демалыс үйлерін және өзгелерді түгелдей алып қойды.

Бұның кемшін тұстары да бар. Өйткені, жергілікті элита тіпті өз аймағында орналасқан қаржы ағымдарынан да қағылып шет қалды. Соның арқасында жергілікті әкімдіктердегі сыбайлас жемқорлық біраз саябырсығандай болды. Бірақ, жергілікті элитаның мүддесі қатты зардап шекті.

Мұнай-газдың, басқа да пайдалы қазбалардың кен орындары белгілі бір аймақтарда орналасқанымен, аймақтар бұл кен орындарын игерумен айналыспайды. Әдетте, кенішті игеретін кәсіпорындар Алматыда немесе Астанада тіркелген. Тиісінше, салық та соларда қалады.

Енді келіп жергілікті билікте қалған бағалы дегеннің бәрін тартып алып, олардың барлығын орталықтың бақылауына берді. Жергілікті элитаның пайымдауынша, бұл оншалықты жақсы емес.

ӘКК немен айналысады? Бұл мен үшін үлкен жұмбақ. Мен бұл ӘКК-лердің қызметін қадағалап отырамын. Менің ойымша, ӘКК дегеніміз өзі ештеңеге жауап бермейтін және ешкімнің бірнәрсемен айналысуына жол бермейтін бір құбыжық құрылым.

ӘКК-ні жемқорлықтың жүйесі деп айтуға болмас. Меніңше бұл жай ғана біліксіздіктен туып отыр. Бұрын барлығы қарабайыр түрде ұрласа (бірақ, ұрлықтарын жасыру үшін бұл ақшаға бір нәрсе жасайтын), қазір ӘКК-лар қыруар қаржыны оңды-солды шашуда. Ендігі жерде бұлардың барлығы қайда кетіп жатқанын анықтау мүмкін емес.

– Данияр мырза, бірқатар саясаттанушылар ӘКК-ларды енгізу арқылы Ақорда биліктің кезекті вертикалін құрып, жергілікті жерлердегі бақылауды күшейтпек болды деген пікірде. Бұл расында солай ма?

– Әкімдіктер мен олардың қызметінің тиімділігіне қатысты көптен бері сындарлы пікірлер айтылып келгендіктен, алғашында мен де ӘКК-лар жергілікті жерлерді басқарудың қосарлас жүйесі болар деп топшылағанмын. Бірақ, ӘКК-лардың құрылғанына екі жылдан асқанымен, олардың жұмысынан бәлендей қайтарым көрінбейді.

ӘКК дегеніміз басқару жүйесі емес. Жергілікті бизнестің дамуына ерекше серпін бермейді. Жергілікті активтерді қолына жинап алған ӘКК-лар, міне, екі жылдан бері еш мағынасыз өмір сүріп, өзінің қызмет ету аясын таба алмай келеді. Яғни, олар биліктің қосарлас жүйесі бола алмады. Экономикалық серпінділікті қамтамасыз етуге қауқарсыз болып отыр.

Енді бұларды не істеуге болады деген сауал қойылып жатыр. Таратып жіберсе, ыңғайсыздау болатын сияқты. ӘКК-ларды сырнайлатып, кернейлетіп ашқан жоқ па? Ал оларды ұстап тұрудың мәні күн санап жоғалып барады.

Меніңше, жергілікті атқарушы билікті олардың жауапкершілігін арттыру арқылы реформалау керек еді. Мысалы, жергілікті мәслихаттар тарапынан жергілікті атқарушы билікті бақылауды күшейтіп, оның қабылдап жатқан шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге болар еді.

Шешім қабылдайтын бір орталық құрып, оның шешімінің орындалуын қатаң бақылауға алудың орнына бізде басқарудың өте күрделі жүйесі пайда болды. Аталған жағдайда ӘКК-лар алғашында биліктің аймақаралық органы ретінде құрылды. Яғни, әрбір ӘКК екі-үш аймақты бақылайды.

Айтпақшы, кейбір кездері бізде аймақаралық басқару жүйесі істей бастады. Мәселен, мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық департаменттер жұмыстың аймақаралық принципіне көшті.

Іс жүзінде аймақүстілік басқарудың, яғни екі-үш аймақты бақылайтын қандай да бір орталық құрудың процесі басталды. Бірақ, ақыр соңында бұл жұмыс тығырыққа тіреліп, ендігі жерде атқарушы биліктің қандай да бір органы аймақ деңгейінде болса, кейбіреулері аймақаралық деңгейде жұмыс істейді.

Бұнымен бірге аймақтарды олардың арасында бөлу біркелкі емес. Яғни, әртүрлі облыстар әртүрлі аймақаралық құрылымдарға қарайды. Нәтижесінде, бұның барлығы алғашында не үшін құрылғанын орталықтағылар әлдеқашан ұмытып кеткендіктен, нағыз қойыртпақ пайда болды.

«ҚАЗАҚСТАНДА КАДР САЯСАТЫ ЖҮЙЕСІЗ ЖҮРГІЗІЛЕДІ»

– Данияр мырза, Қазақстан басшылығының ішкі кадр саясаты қоғамның, қазақ ұлтының бірлігіне қауіп төндірмей ме? ӘКК дегендер аймақтар арасындағы немесе аймақтар мен орталық арасындағы қақтығысқа әкелмей ме?

– Жоқ. Қаншалықты қате кадрлық шешім қабылданғанымен, бәрібір қандай да бір тепе-теңдік бар. Сіз басқаларға қарағанда бір аймақ өкілдерінің күшеюін меңзеп тұрсыз ба?

– Ол да бар.

– Принципінде мен бұны байқап тұрған жоқпын. Қазір, керісінше, орталық пен аймақтар арасындағы кадрлар алмасуын күшейтуге тырысуда. Мысалы, Қонаевтың кезінде солтүстіктің адамдарын батысқа, оңтүстіктің адамдарын шығысқа, т.б. жіберу саясаты қолданылатын. Аймақтардағы болашағы бар кадрларды орталықта шыңдаудан өткізіп, жерлестік жүйесін қирату үшін аймақтарға жіберетін.

Кей жағдайларда сол бір саясат қалпына келтіріліп жатқандай. Мысалы, Қызылордалық Бердібек Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысын басқаруға кетті. Меніңше, бұл өте мықты тағайындау. Мұндай мысалдар жеткілікті. Мәселен, президент әкімшілігінің ұйымдастыру бөлімі банк саласының кадрларынан емес, жергілікті органдардан жасақтала бастады.

Бұл мәселенің шетіндігін түсіну бар. Бірақ бұл мемлекеттік саясаттың жүйесі бола ма, ол жағын айту әзірге ертерек. Қазақстанда қандай да бір кадрлық саясаттың жүйесі әзірге жоқ.

Үш жыл шамасы бұрын қандай да бір белгілерге қарап, қайсыбір тағайындауларды болжауға болатын. Олардың мағынасы мен логикасы бар еді. Ал бүгін бұл да жоқ. Бауыржан Мұхамеджанов пен Зағипа Бәлиева парламентке ауысып, Рашид Түсіпбеков Әділет министрлігіне, Қайрат Мәми Бас прокуратураға, т.б. келген заң-құқық құрылымдарындағы өзгерістерді мысалға алсақ та болады.

Мұқият барлап қарасаңыз, бұл тағайындаулар арасына екі күн ғана салып жасалғанымен, әрқайсысының өз себептері болды. Көбінесе шешім аяқ астынан қабылданды.

– Яғни, бұл тағайындаулар логикалық жағынан түсініксіз деп айтпақшысыз ба?

– Әрбірін жекелеген жағдайда түсіндіруге болады. Бәлиеваның басқа жоғары қызметке ауысуын барлығы да көптен бері күтіп жүрген. Әділет министрлігінің басшылығында отырған кезінде оған тағылған кінәлар тым көбейіп кетті. Оны ауыстырғанда қоғамдық пікірге соншалықты арқа сүйеді деп айта алмаймын. Ол тағайындаулардың шынайы себебін түсіну қазір мүмкін емес.

– Қазақстанның тәуелсіз баспасөзі мен оппозициясының ортақ пікірі бойынша, соңғы кездері Қазақстан басшылығы кәсіпқой, тәжірибелі мамандарға сусап отырған көрінеді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Қазақстанда кадр саясаты ешбір жүйесіз жүргізілуде. Содан да кәсіпқойлық өлшемі көп жағдайда бұлыңғыр болып кетті. Кадрларды даярлаудың қалыпты жүйесі жоқ. Қызметкердің қандай да бір қызметке сай келетінін анықтайтын мәліметтер банкі жоқ.

«ЖАУАПТЫ ХАТШЫЛАР МИНИСТРЛЕРДЕН ДЕ ЖИІ АУЫСАДЫ»

– Данияр мырза, барлық министрліктерде жауапты хатшылар институтының енгізілуін қалай түсіндірер едіңіз?

– Бұл жерде бұл институтты енгізудің логикалық және саяси себептері бір-бірімен сәйкес келмей қалды. Идеяның өзі жаман емес болатын. Бізде мынадай дәстүр қалыптасқан ғой: министр ауысса, онымен бірге бүкіл командасы ауысады.

– Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» заң бар емес пе? Демек, бұл заң биліктің жоғары жақтарында ескерілмейтін болғаны ғой?

– Заңда үлкен саңылау бар. Мемлекеттік қызмет туралы заңның жақсы жақтары болғанымен оны әртүрлі бағытта пайдалануға мүмкіндік береді.

Жауапты хатшылар институтын енгізгенде министр саяси мәселелермен айналысып, жауапты хатшылар кадр аппаратының тұрақтылығын қамтамасыз етеді деп болжанған. Бірақ, бұл да теория бойынша болатын.

Ал өмір шындығы жауапты хатшылар министрлерден үш есе жиі ауысатынын көрсетті. Дәл қазір екі министрлікте – Индустрия және сауда министрлігі мен Экология министрлігінде бұл қызметтер бос тұр. Ал бұл қызметке кім келеді деген мәселе тіпті қаралып та жатқан жоқ.

Министрлер жауапты хатшыны өзінің ыңғайына қарай алады. Жаңа министрлер бұрынғы министрден қалған жауапты хатшымен еш жұмыс істегісі келмейді. Яғни, жауапты хатшылар, шындап келгенде, бірінші вице-министрдің немесе министрлік аппараты басшысының қызметін атқарады.

Президенттің жарлығы мен заң формальді түрде орындалады. Ал саяси практика, жұмсартып айтқанда, бұл эксперименттің өтпей қалғанын көрсетті. Мағыналы ой болатын. Бірақ ол нәтиже беретіндей дәрежеде жүзеге асқан жоқ.

– Данияр мырза, әңгімеңіз үшін рахмет!
XS
SM
MD
LG