Accessibility links

Теміртаудағы 1959 жылғы жұмысшылар көтерілісі: куәгердің естеліктері


Елизавета Тридгардт, Теміртау көтерілісінің куәгері. Октябрьский ауылы, Қарағанды облысы. Тамыз, 2010 жыл
Елизавета Тридгардт, Теміртау көтерілісінің куәгері. Октябрьский ауылы, Қарағанды облысы. Тамыз, 2010 жыл

Осыдан 51 жыл бұрын Қазақстан Магнтикасының құрылысына келген жас жұмысшылар бүлік шығарды. Бұл жайында әртүрлі сыбыстар бар. Біз осы оқиғаның куәгерімен кездесіп, көтерілістің беймәлім қырын тануға талпындық.


КОМСОМОЛША ЖАН САҚТАУ

70 жасар Елизавета Тридгардт Қарағанды облысы Осакаров ауданы Октябрь кентінде тұрады. Ол отыз жыл комбинатта жұмыс істеген. Қазақстан Магниткасының неден басталғанын, адамша өмір сүру үшін металлургтердің өз құқықтарын қалай қорғап қалғаны әлі есінде.

Зейнеткердің айтуынша, көп адамдар сол бір оқыс оқиғаны ұмытқан. Дегенмен Теміртаудағы бүлік талайдың жүрегіне өшпес із қалдырыпты. Ол кезде бұл жайында ашық айтуға тыйым салынған болатын, көпшілігі өз білетінін осы күнге дейін жасырады, дейді Елизавета Тридгардт.

Сол кезде Қазақстан Магниткасының құрылысын салу үшін Теміртауға Совет Одағының түкпір-түкпірінен комсомолдық жолдамамен жүздеген адамдар келді. Оларға ешқандай тұрмыстық жағдай жасамастан, қаланың шығыс жағындағы шатырлы қалашыққа орналастырды. Жазда амалдап шыдауға болатын, ал енді күн суыта бастағанда шатырларда тұру мүмкін емес еді деп еске алады Елизавета Тридгардт.

- Егер билік барлығына бірдей қараса, бұған көндіккен болар едік. Бірақ сол кезде бізге көмекке жіберілген болгарларға бірден барлық жағдай жасала бастады. Олар үшін жақсы, жылы баспана да болды (бұларды кейін «болгарлық» үйлер деп атап кеткен. Аутор), асханада да жақсы тамақтандыратын. Ал біз үшін ештеңе де болған жоқ. Біз тамақты құрғақтай жейтінбіз. Тіпті судың өзі тапшы еді. Аздаған су әкеледі. Сонымен бітті. Ал адамдар осы су үшін төбелесуге дейін барады. Дұрыстап су іше де, жуына да алмайсың. Кім үлгерсе, соның жолы болды деген сөз, - дейді оқиға куәгері Елизавета Тридгардт.

ЖҰМЫСШЫЛАР НЕ ҮШІН БҮЛІК ЖАСАДЫ?

Адамдарды неге алалайды, болгарларға не үшін артық жағдай жасалған деген сұраққа басшылар шамамен: болгарлық мамандар – бұлар шетелдік қонақтар, сондықтан оларды шатырлы қалашыққа қоныстандыруға болмайды, деп жауап берген. Шыдамның шегі 1959 жылдың тамыз айында жетті деп еске алады Елизавета Тридгардт.

- Шатырларда тұрып жатқан біз тамақтану үшін таңғы сағат жетілерде асханаға бардық. Бірақ, болгарлар әлі тамақтанып болған жоқ деп бізді асханаға кіргізбей қойды. Бұдан соң біз жұмысқа шығудан бас тарттық. Ал шатырдағылардың көпшілігі жолдарында тұрғанның барлығын қирата бастады. Мен ол кезде 19 жасар жас келіншек едім. Күйеуім маған тәртіпсіздікке қатысуға тыйым салды. Сондықтан да біз қыздармен бірге төбені айналып жатақханаға барып, барлығын терезеден көріп тұрдық, -дейді Елизавета Тридгардт.

Оның айтуынша жан күйзелерік көрініске тап болған. Бүлікшілер асхананың тас-талқанын шығарған. Содан соң тобыр универмагқа, жақын маңайдағы дүкендерге барған. Жұмысшылар үстілеріндегі ескі киімдерін тастап, жаңасын киіп алған. Витринадан далаға шөлмектерді, азық-түлік пен парфюмерияны лақтырған. Көшеде іш киім де, косметика да, не болса сол шашылып жатты, дейді ол. Ереуілшілер бірнеше жүз адам болатын. Елизавета Тридгардт олардың арасынан Магниткада өзінен аз ғана ұзақ жұмыс істеген жас қыздарды да көрген.

БҮЛІКШІЛЕРДІ АТУ

Шектен шығып кеткен тобырды сабасына түсіру үшін солдаттар жіберілген. Бірақ алғашында олар бүлікшілерге қарсы оқ атудан бас тартқан. Бұны көрген зауыт пен қала басшылары қорыққандарынан қашып кеткен. Куәгерлердің айтуларынша, олардың біреулері канализация құдықтары арқылы, екіншілері терезеден секіріп, төбе арқылы қашқан. Ал үшіншілері болса үйлердің шатырына барып жасырынған. Егер бүлікшілер оларды тауып алса, парша-паршасын шығарар еді, дейді куәгерлер. Одан соң өзге солдаттарды алып келген. Олар шімірікпестен бүлікшілердің тобына оқ атты деп еске алады Елизавета Тридгардт.

- Ол жерді нағыз соғыс алаңы десе болар еді. Жан-жағыңнан ысқырып оқ зуылдап жатты. Қолында таяғы, шөлмегі бар шатырдағылар да қарсыласып бақты. Екі жақтан да шығын болды. Бірақ көтерісшілер көбірек шығынға ұшырады. Атыс үш күнге созылды. Содан соң жағдай тынши бастаған кезде бүлікшілердің денелерін машиналарға тиеп әлдеқайда алып бара жатқандығын қыздармен бірге көрдім. Оларды не істегенін анық білмеймін, бірақ кейбір мәйіттерді өртеді деп естідім, - деп еске алады зейнеткер.

ТӘРТІПСІЗДІК ҰЗАҚҚА СОЗЫЛДЫ

Тәртіпсіздік бір апта шамасына созылды. Негізінен Теміртау қаласының шығыс жағындағы ескі базар ауданы мен Калинин көшесі зардап шекті. Бүліктен соң қала басшылығындағы шенеуніктер жылдам ауыстырыла бастады. Кейбіреулеріне іздеу жарияланды.

Бір аптадан соң бүлікшілер жұмысқа шықты. Бірақ қиратылған көшелер, дүкендер, асхана мен өзге де көптеген ғимараттар ұзақ уақыт қалпына келтірілді. Тәртіп орнатуға бір айдай уақыт кетті. Есесіне бұрынғы шатырда тұрғандарды жарығы, суы мен жылуы бар жатақханаларға орналастырды. Асханада дұрыстап тамақтандыра бастады. Болгарлар бұдан соң жұмысқа шыққан жоқ дейді Елизавета Тридгардт.

Бүлікке қатысушыларға келсек, кейбір деректерге қарағанда дәл сол 1959 жылдың қараша айында бірнеше адамды соттаған. Бірақ сот процесінің материалдары сол күйі жария болған жоқ.
XS
SM
MD
LG