Accessibility links

Ирина Петрушова: Менің журналистерім «Республиканы» тіпті қолмен жазып шығаруға даяр


«Республика» тәуелсіз газеті редакциялық алқасының төрайымы Ирина Петрушова Азаттық радиосының редакциясында қонақта. Прага, 7 қазан 2009 жыл.
«Республика» тәуелсіз газеті редакциялық алқасының төрайымы Ирина Петрушова Азаттық радиосының редакциясында қонақта. Прага, 7 қазан 2009 жыл.

«Республика» тәуелсіз газеті редакциялық алқасының төрайымы Ирина Петрушова Азаттық радиосына берген сұхбатында өз ұжымы газетті сақтау мақсатында БТА банкпен болып жатқан сот процесінде берілмейтіндігін айтты.

«Республика» тәуелсіз газетінің бетінде БТА банктің айналасындағы жағдайларға байланысты сын мақала жарияланған соң, Қазақстандағы аса ірі банк мекемесі БТА банк оны сотқа берді. Қыркүйек айының басында Алматы қаласының Медеу аудандық соты «Республика» газетіне 60 миллион теңге айып салды (шамамен 400 мың АҚШ доллары).

«Республика» газеті айыпты ақшамен емес, жалпы сомасы 40 миллион теңгелік (номиналы бойынша шамамен 267 мың АҚШ доллары), БТА банктің еншілес кәсіпорны шығарған халықаралық облигациялар – еуробондармен төлемек ойы бар. Алайда, БТА банк басшылығы тәуелсіз газеттің бұл ұсынысын қабылдаудан бас тартып отыр.

«РЕСПУБЛИКАНЫ» БАСЫП ШЫҒАРСАҢ БИЗНЕСТЕН АЙРЫЛАСЫҢ


– Петрушова ханым, БТА банктің жаңа басшылығы сіздің газетті сот арқылы жеңіп, газетке 60 миллион теңге айып салынған соң, қазіргі уақытта «Республика» газетінде не болып жатқанын айтып беріңізші.

– Әлі жеңген жоқ, яғни біз апелляцияға шағым бердік. Бұл апелляция қазанның соңында қаралады. Шындығына келгенде, соттың ақырғы шешімі әлі шыққан жоқ. Ал, біздің соңғы таралымдарымыздың бірін тұтқындап, шотымыз бен мүліктерімізге тыйым салынғаны екінші мәселе.

Ирина Петрушова, «Республика» газеті редакциялық алқасының төрайымы.
Былай қарасаң мұнда тұрған қорқынышты ешнәрсе жоқ. Тек бізге бұдан ары «Республика – деловое обозрение» газетінің тіркелген куәлігімен шығуға рұқсат бермейді. Кезінде біз бұдан бөлек екі басылымды тіркеп қойғанбыз. Өйткені, дәл осындай жағдайдың болуы мүмкіндігін болжағанбыз. Енді осы екі басылым бойынша шыға бастадық.

Оның бірі – ай сайын шығатын «Моя республика» газеті. Ол кезінде біздің «Республика – деловое обозрение» газетінің аймақтық қосымшасы болатын. Біз ол жерде аймақтық меншікті тілшілеріміздің материалдарын беріп тұрғанбыз. Біз сол газетті де және «Голос республики» деп аталатын тағы бір апталық газетті іске қостық. Бұл екі газеттің де заңдық жағынан шығарушы меншік иелері мүлдем бөлек. Ал, газетті жасайтын біздің редакция.

Бірақ, дәл осы ешкімнің шатағы жоқ, сот ауыртпалығы түспеген, ешкім сотқа бермеген газеттерді баспаханадан шығаруға мүмкіндік бермей жатыр. Яғни, баспаханаларға бұл газеттерді басуға тыйым салынған. Маған келіп жеткен ақпараттар бойынша, кейбір жерлерге президент әкімшілігінен телефон шалған, кейбір жерлерге қалалық прокуратурадан хабарласқан, сөйтіп біздің газетімізді баспауға кеңес берген.

Біздің газетімізді ұзақ уақыт басып келген негізгі серіктесіміз – «Время Принт» баспаханасы еді. Бұл үшін оларға ризашылығымызды білдіреміз. Баспахана «кәрістер тобының» бақылауында болғандықтан, құрылтайшыларға байланысты әлдебір әңгіме болды.

Сіз «кәрістер тобы» деген – «Қазақмыс» корпорациясы екенін білетін шығарсыз. Бізге тағы да баспахананың өзінен емес, «кәрістер тобына» жақындау жүретін ортадан жеткен хабарларға қарағанда, баспахана құрылтайшыларымен кәдімгідей әңгіме болған. Оларды шақырып алып, «Республиканы» басатын болсаңыздар, онда бизнестеріңізбен қош айтыса беріңіздер деген.

Тиісінше, ол адамдардың өздерінің көзқарасынша дұрыс деп табылған шешімді қабылдағаны түсінікті. Бұл үшін оларды кінәлаудың жөні жоқ. Сондықтан, біз қазір газетті ризографтарда басып шығаруға мәжбүр болып отырмыз. Жалпылай айтқанда осы. Содан соң барлық жердегі кәсіпорындарға қаржы полицясы келді. Бұл ең алғашқы жағдайдан кейін болған оқиға. Газет таралымы тұтқындалған бетте-ақ бұдан арғысы белгілі тәртіппен өрбитіні түсінікті болатын.

– Ал қамдап қойған өзге баспаханаларыңыз жоқ па еді?

– Біздің өзіміздің баспаханамыз болған. Бірақ, олар бірінші кезекте дәл сол баспахананы жойды. Бұл да түсінікті еді. Өйткені, кезінде біз сол баспахананы құруға көмектескенбіз. Оны біздікі деп те айтуға болмайды. Ол баспахана да өзге баспаханалар басудан бас тартқан басылымдарды шығаруға арналған болатын.

Нәзира Дәрімбет, журналист, «Азат» газетінің бас редакторы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
Мысалы, бір кездері марқұм Батырхан Дәрімбет шығарған қазақ газеті - «Азат». Газетті қазір оның келіні Нәзира Дәрімбет шығарады. Бұл газет ашық оппозициялық бағытта. Екінші газет – жақында ғана шығып, «Алға, ДВК!» оппозициялық партиясын қолдайтын «Алға» газеті.

Бұл газеттер сонда басылатын. Арасында біз де кейбір қосымшаларымызды осы баспаханада шығарып тұрдық. «С пером и шпагой» деп аталатын газет те сонда басылды. Бұл – журналистерге арналған, «Журналистер қауіп-қатерде» қорының басылымы.

Әуел бастан бұл баспахана бізге келмейтін. Өйткені, біздің газеттің форматы үлкен. Ал, ол жердегі машиналардың форматы кішкентай. Тіпті, басқа жерлерде шығарудың мүмкіндігі болмай жатса, сол жерде басармыз деп ойлағанбыз. Жалпы алғанда, Қазақстанда баспахана – бизнестің осалдау түріне жатады. Сондықтан олардың бірінші кезекте сол жаққа ұмтылатындығы да түсінікті болатын.

КӨМЕККЕ РЕСЕЙ КОМПАНИЯСЫ КЕЛДІ

– Қазір БТА банктің жаңа басшылығының еуробондармен өзара есеп айырысу туралы сіздердің ұсыныстарыңызға қатысты реакциясы белгілі ме?

– Иә, әрине олардың реакциясы бізге белгілі. Алғашқы реакция сот отырысында болған. Ол жолы біз БТА банкті сотқа беріп, біздің мүлкімізге салынған тыйымды алып, еуробондарға тыйым салуын талап еткенбіз. Яғни, біздің мүлкімізді еуробондармен ауыстырмақ болдық.

Заңгерлер бұны мазақ ретінде қабылдады, өйткені, еуробондардың ешқандай құны жоқ, пинпонг добы секілді құр нәрсе. Бұл бірінші реакция болатын. Екінші реакция өткен жұма күнгі брифингте болды. Оны БТА банк басқармасының жаңа төрағасы Әнуар Сәйденов айтты. Ол қайтақұрылымдау туралы мәселе шешілген соң ғана еуробондарға қатысты барлық мәселелер ретке келтіріледі деді.

Бірақ, бұл даулы мәлімдеме тек бізді ғана емес, көптеген кредиторларды да қатты таң қалдырғанын айта кету керек. Біз қазір БТА банкке қатысты талап арыз дайындап жатырмыз. Соттасамыз, кімнің дұрыстығын, еуробондардың қашан есепке алынатындығын сотта дәлеледейміз. Бұл жерде бір мәселе бар: біз оларға еуробондар үшін ақша төлеңдер деген талап қойып отырғанымыз жоқ. Біз міндеттемелерді есепке алуын талап етудеміз. Ал мұндай жағдайды олар осыған дейін бірнеше компанияға қатысты, бірнеше мәрте жасады.

– Сіз, өзіңізде оларға қатысты ақпараттар бар компаниялардың барлығы мемлекет басшысының жақын туыстарымен қалай да байланысты деп айтқыңыз келіп отыр ма?

– Өзгелері жайында мен дәл солай деп айта алмаймын. Әрине, олардың артында да жоғары дәрежелі шенеуніктердің тұрғаны – ол екінші мәселе. Ал, біз білетін компанияның артында Назарбаевтың немерелес туысы тұрғанын білеміз.

– Кеше ғана «Республика» газетінің басшылығы кеңес алу үшін ағылшын заңгерлеріне жүгінгелі жатқандығы туралы ақпаратты көзім шалып қалды. Бұл немен байланысты?

– Біз оларға жүгініп отырмыз. Бұл дәл сол еуробондарға байланысты. Өйткені, еуробондар эмиссиясының түсіндірмесінде оларға қатысты барлық даулы мәселелер британ соттарында шешіледі деп жазылған.

Британ соттары жүйесінің құрылымы бойынша біздің оларға жүгінбеуге мүмкіндігіміз жоқ. Бұл – заңгерлер арқылы, оның ішінде дәл сол британ заңгерлері арқылы жасалады. Сол себепті де біз қазір британ заңгерлерімен кеңесудеміз. Яғни, біз бұны Қазақстандағы сот сатыларынан өтпей-ақ жасай беруімізге болады.

– Петрушова ханым, БТА банктің еуробондары «Республика» газетінің меншігіне қалай келіп қалды?

– Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Біз оларды Ресейде сатып алдық. Еуробондар халықаралық облигациялар ғой, олар нарықта айналымда жүреді. Ресейлік «Республика» порталының аясында көптен бері ынтымақтаса жұмыс істейтін ресейлік компаниялар, ол жерде біздің мәскеулік редакциямыз бар, біздің проблемамыз жайында білген соң осы идеяны ұсынды.

Мен мәскеулік «Республика» порталының меншік иесі екендігімді жасырмаймын. Олар бізге еуробондарды сатып алып, сонымен есеп айырыспайсыңдар ма деді. Олар бізге осы сауданы жасауға көмектесті. Осылайша біз еуробондардың иесі болдық.

ТӘУЕЛСІЗ БАСПАСӨЗДІ ҚУҒЫНДАУ

– БТА банктің «Республика» газетіне кінә тағуынан кейінгі оқиғалардың өрбуіне, жалпы сіздің газеттің болашағына байланысты қандай да бір болжам айта аласыз ба?

– Болжам жасау, әрине, қиындау. Алдымен сауалымызды екіге бөліп алайық. Біріншісі, газеттің тағдырына байланысты. Яғни, қандай газеттің тағдыры? «Республика» бренді ме? «Республика» шыға береді. Біз 2002 жылы да шыққанбыз, қазір де шыға береміз. Бұл – даусыз нәрсе.

«Голос республики» апталық басылымының жаңа саны. 16 қазан 2009 жыл.
Бұл қандай түрде болады – ризографта басыла ма, қолжазба түрінде бола ма? Менің журналистерім айтпақшы, біз керек болса оны қолмен жазып та шығара аламыз. Әлде бұл газеттің таза интернет-нұсқасы бола ма – ол жайында қазір айту қиындау. Мүмкіндігінше қағазға басылған нұсқада қалуға тырысамыз.

Ал, БТА банк талап арыз берген «Республика – деловое обозрение» газетіне нақты тоқталсақ, апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімін бекітеді деген ойдамын. Біз 60 миллион теңгені жинай алмаймыз деп ойлаймын. Бұл – тым үлкен сома.

Мүмкін біз бас редактор үшін айып төлеуге ақша таба алатын шығармыз. Өйткені, редакцияға хабарласып, «біз ақша жинап, көмектесейік» деп ұсыныс жасап жатқандар бар. Мүмкін, біз осы қадамға барып, бас редактор үшін айып төлейтін шығармыз. Ал, барлығын бірдей, әрине, төлеп шыға алмаймыз.

– «Республикаға» қатысты да, оған дейінгі өзге газеттерге қатысты да проблемалар болды. «Республика» сияқты газеттерден кім қорқады және не үшін қорқады? Қазақстанда тәуелсіз газеттерге қатысты проблемалар неге көп? Қазақстан демократиялық ел деп саналады ғой және жақында ол ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасамақ.

– Мен әңгімені әріден бастайын. Шындығында бұл өте маңызды. Осы жақында ғана маған қазақ баспасөзіне жасалған бақылау шолуын (мониторинг) жіберді. Бізде осылай бақылау жасап отыратын компаниялар бар. Яғни, олар қазақстандық газеттердің қандай негізгі тақырыптарға жазып жатқандығы туралы ақпараттар жинайды.

Осы бақылауды қарасақ (мен өткен айдың бақылауын қарадым), Қазақстан баспасөзінің негізінен не жайында жазып жатқандығы анық көрініп тұр. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаев және оның сапарлары, «Нұр Отан» партиясы мен оның бастамалары, билік партиясымен байланысты парламенттік бастамалар, үкіметтің бастамалары. 99 пайызы барлығы жақсы деген бағытта.

Республикалық және аймақтық газеттердің тек бір пайызы ғана мен жоғарыда тізіп шыққандарды сынай алады. Сондықтан, сіздің сауалыңызға деген жауап осы бақылаудан-ақ көрініп тұр. Яғни, бұлар президент әкімшілігіне, «Нұр Отан» партиясына және үкіметке ұнамайды. Мүмкін үкіметке көбірек жақпайтын шығар. Өйткені, бізде премьер-министрдің аты көбірек аталады.

– Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева, Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстелде, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері бір де бір газет, бір де бір БАҚ тек биліктің айтқанымен емес, тек сот процестері арқылы жабылды деді. Сіз бұған қалай жауап берер едіңіз?

– Бұл шындығында солай. Бұнымен дауласу қиын. Шынында да барлығы тек сот процестері арқылы ғана жабылды. Бірақ, неге екені белгісіз, сот процестері тек осы билікті сынайтын бір процент БАҚ-тарға қарсы өтіп, ақырында оларды жауып тынады.

Мен Варшавадан келдім. Ол жерде ЕҚЫҰ жыл сайын адамзат өлшемдері тақырыбына кеңес өткізіп тұрады. Сол кеңесте сөз алған бұрынғы ақпарат министрі, қазіргі президенттің кеңесшісі Ермұхамбет Ертісбаев: «Менде де бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты сот процестері болған және мен де сот шешімімен газетке 40 доллар шамасында айып төлеуге мәжбүр болғанмын» деді.

Енді осыны біздің 400 мың доллармен салыстырып көріңіз. Неге екені белгісіз, тәуелсіз газеттерге қарсы миллиондаған сомаға талап арыз беріледі: «Тасжарған» газетіне қарсы 200 мың доллар, «Республика» газетіне қарсы 400 мың доллар. «Республика» газетінің газет сатудан және жарнамадан түсетін бүкіл жылдық кірісі 400 мың доллар болады.

Былайша айтқанда, біз бұл ақшаны төлеу үшін бір жерден ақша алып, жыл бойы газетті шығарып, барлығын БТА банкке беріп отыруымыз керек. Оның айтқысы келген өзге соттары Қарағандының «Арт» телеарнасына байланысты шығар. Оларға біреулер жағымсыз SMS хабарларын жібергені үшін «Арт» телеарнасын жапқан.

Мысалы, кезінде бізге редакцияның мекен-жайын дұрыс жазбағанымыз үшін кінә таққан. Міне, осы сияқты мәселелер үшін. Бұның барлығы тек тәуелсіз газеттерге байланысты болады. Жалпы алғанда, қазақстандық шенеуніктер қараны – ақ, ақты – қара деуге әуес. Бұны олар өте жақсы жасайды. Бірақ, мәселеге жіті үңіле бастасаң, барлығы шындықтан аулағырақ болып шығады.

– Петрушова ханым, сіз еуробондарды Ресейде сатып алдық дедіңіз. Оны сіз тиын-тебенге сатып алмаған боларсыз. Және солай бола тұра, сіз айып төлеу үшін 60 миллион теңгені таппай отырсыз.

– 60 миллион теңге – тұп-тура 400 мың доллар. Ал, біз еуробондарды шындығында тиынға сатып алдық. Қазір БТА банкте еуробондарға қатысты дефолт жарияланғандықтан, еуробондарға үлкен дисконт жүруде, олар шынында да тиын тұрады. Бұдан бөлек тағы бір құпияны ашқым келіп отыр. Егер бізден еуробондарды өзара есеспке алмайтын болса, онда сатушылар оларды бізден қайта сатып алатын болып келістік. Сондықтан, біз бұл жерде ештеңеден ұтылмаймыз.

– Ресейде сатып ала ма?

– Иә, Ресейде. Қазақстанда бұл мүмкін емес.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет, Петрушова ханым.
XS
SM
MD
LG