Accessibility links

АҚШ-тың арнайы өкілі Ақ үйдің Өзбекстанда жаңа база ашпайтындығын айтты


Ричард Холбрук, АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі. Душанбе, 20 ақпан 2010 жыл.
Ричард Холбрук, АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі. Душанбе, 20 ақпан 2010 жыл.

АҚШ-тың арнайы өкілі Ричард Холбрук Өзбекстаннан әуе күштері базасын ашу Вашингтонның жоспарында жоқ деп мәлімдеді. Әндіжандағы қанды оқиғадан соң АҚШ тарапынан сын естіген өзбек үкіметі өз аумағындағы американ әуе базасын жауып тастаған еді. Орталық Азия елдерімен байланысын нығайтып жатқан АҚШ Өзбекстанға да баса назар аударып отыр.


АҚШ ӨЗБЕКСТАНМЕН БАЙЛАНЫСЫН НЫҒАЙТУДА

«Рейтер» агенттігінің хабарлауына қарағанда, АҚШ Өзбекстандағы өзінің бұрынғы әуе күштері базасын қайта ашуды жоспарлап отырған жоқ. Ол база 2005 жылы дипломатиялық жанжал салдарынан жабылған болатын, деп мәлімдеді Ақ үйдің Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі Ричард Холбрук, өткен жексенбі, ақпанның 21-күні Орталық Азия елдеріне жасаған іссапары кезінде.

Ауғанстанмен шектесетін Өзбекстан 2005 жылдың мамыр айында Вашингтон Әндіжан қаласындағы халық наразылығын күштеп басуды сынаған соң, американ әскерін олар тұрған Қаршы-Ханабад базасынан кетуге мәжбүр еткен болатын, деп жазады «Рейтер». Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынастар жақсарды, осы себепті кейбір дипломаттар Вашингтон аталған базаны қайта ашу үшін қажет қадам жасауы мүмкін деп күткен еді.

Ол базаны қайта құру мен оған оралуға АҚШ-тың ниеті жоқ екендігін Ричард Холбрук Қазақстанға барғанда айтты. Ол, «Өзбекстан (АҚШ үшін) Ауғанстанға материалдар жеткізуде үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл маңызды нәрсе», деп атап өтті.

Өзінің Батыспен қарым-қатынасын түзеп алуға ұмтылып отырған Өзбекстан, өз аумағы арқылы Ауғанстандағы НАТО бөлімшелерін керек-жарақпен қамтамасыз етуге қажетті жаңа тасымал жолының ашылуына келісті. Өзбекстан Орталық Азиядағы халқы ең тығыз ел болып саналады.

Бұл мемлекетте түрлі ұлт пен ұлыстар тұрады, деп атап көрсетеді басылым. Холбрук өзбек президенті Ислам Каримовпен кездесіп, содан
Әскери операциялар жүріп жатқан Ауғанстаннан Қырғызстанның «Манас» әуежайындағы транзиттік жүк тасымалы орталығына келіп қонған ұшақта отырған американ әскері. 26 ақпан 2009 жыл.
соң Қырғызстан, Қазақстан, Түркіменстан мен Тәжікстанға іссапармен барды. Холбруктың іссапары оның жаңа лауазымындағы бұл аймаққа жасаған бірінші сапары болды.

Қырғызстанда әскери әуе күштері базасы бар АҚШ өзінің Орталық Азия аумағындағы ықпалын 2001 жылы басталған Ауғанстан науқанынан кейінгі кезде қарқынды түрде күшейте алды. Сөйтіп, АҚШ бұл аумақта Орталық Азияны күні бүгінге дейін өзінің дәстүрлі ықпал аймағы деп қарастыратын Ресейді шетке ысырып, мықтап алқымынан алған болатын, деп түсіндіреді агенттік.

Бұрындары АҚШ пен оның одақтастары Өзбекстандағы адам құқының ахуалын сынаса да, соңғы жылдар ішінде олар өз тұғырын әлдеқайда жұмсартты. Енді олар келіссөздер мен ынтымақтастықтың басты тақырыбы ретінде қауіпсіздік мәселесін қарастыруға бейім тұрады.

АЙМАҚТЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ – АЛЫСТЫ КӨЗДЕЙТІН ШАРА

Өткен жылы Еуропа одағы өзінің Өзбекстанға қатысты қабылдаған санкцияларының күшін жойды. Ол санкциялар өзбек үкіметінің әскері Әндіжанда наразылық шеруін қанға бөктіріп, жүздеген адамды қырып салғаннан кейін қабылданған еді.

Еуроодақтың өз санкцияларының күшін жоюы адам құқын қорғаумен айналысатын халықаралық топтардың ашу-ызасын тудырды, деп хабарлайды «Рейтер».

Өзінің Холбрукке арнап сөйлеген сөзінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Астананың Вашингтонмен тереңірек ынтымақтастыққа даяр екенін тілге тиек етті.

«Рейтердің» хабарлауынша, ол АҚШ өкіліне: «Қазақстан 2001 жылғы 11-қыркүйектен бастап әруақытта АҚШ-тың сенімді әріптесі болып келеді», – дегенді қоса айтқан. Қазақстан экономикасы осы аймақтағы алдыңғы орындағы экономика болып табылады. Қазақстанда АҚШ мұнай компанияларының маңызды инвестициялық мүдделері бар.

«Вашингтон Ауғанстанда Орталық Азияның көмегін іздеп отыр» деп аталған мақаласында «Вашингтон пост» газеті Ричард Холбруктың аталған аймақтағы бұрынғы советтік республикаларды аралай жүріп Қазақстанға да ат басын тірегенін жазады. Оның сапарының басты мақсаты – осы аймақ елдерінің Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру ісіне арналған көмегін алу болыпты.

Таяуда Ауғанстандағы американ әскерінің саны өсірілгені белгілі. Дәл осы мезетте Ақ үй соғыс әбден жұтатқан осы елді қалпына келтіру үшін оның көршілес мемлекеттерінен көмек пен жылу жиып жүрді. Сонымен қатар, Ақ үй бұл мемлекеттерден соғыстың шекараның арғы бетіне өтіп кетпеуінің кепілдігін алуға ұмтылған болатын, деп жазады газет.

«Біз Пәкістан мен Ауғанстандағы ахуал алаңдатып отырған барлық елмен келіссөз жүргізіп келеміз. Міне сондықтан да біз бүгін мұнда да
АҚШ-тың Ауғанстан мен Пәкістан жөніндегі арнайы өкілі Ричард Холбрук (оң жақта) Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен қол алысып тұр. Душанбе, 20 ақпан 2010 жыл.
келдік», – деп мәлімдеді Ричард Холбрук Астанада.

Өзі Тәжікстанда жүрген кезінде, Холбрук: «Бұл аймаққа Әл-Қаида тобынан әлі де қауіп төнуде», деп жұртшылықты құлақққағыс ете кетуді жөн көрді. Азамат соғысы әбден күйзелткен Тәжікстанның Ауғанстанмен шұбалаңқы, ұзын да нашар қорғалып тұрған шекарасы бар.

Өткен жылы НАТО-ның Ауғанстандағы операциясына берілетін Орталық Азия мен Ресейдің көмегі әжептәуір өсті. Бұл өсім Еуропадан Қазақстан, Ресей әрі Өзбекстан жері арқылы Ауғанстанға апарар құрлық жолының ашылуымен тіке байланысты болды.

Бұл бағыт альянстың Пәкістан арқылы өтетін басты логистикалық жолына балама болып саналады. Ол Пәкістан жерімен өтер жол бұрын содырлар шабуылына жиі ұшырап келген еді.

Өзінің іссапары барысында, Холбрук Ауғанстан мен Орталық Азияны қосатын көлік пен электр энергиясын тасымалдау торабын дамытуды да талқылады.

Қазір Өзбекстан Ауғанстанда 4 миллиондай адамды электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр әрі бұл екі елді біріктіретін темір жол құрылысын аяқтап қалды. Тәжікстан да қуаты 1 мың мегаватт болатын энергожобаны іс жүзіне асыруды бітірмек ниетте, осының нәтижесінде бұл ел электр энергиясын Ауғанстан мен Пәкістанға экспорттамақшы, деп мән-жайды тәптіштейді «Вашингтон пост».

Өзбекстан, сондай-ақ, өзінің оңтүстік көршісіне әскери емес заттарды жеткізу үшін өз аумағын плацдарм ретінде қолдануға қатысты өз міндеткерлігін орындауды да қайтадан жаңғыртты.

«Ауғанстанға жеткізілетін гуманитарлық тауарлардың үлкен бөлігі біздің республикамыздың аумағымен тасылатын болады», деген мазмұндағы мәтіні бар мәлімдеме өзбек үкіметінің веб-сайтында жұма, ақпанның 19-нан соң ілінген. Ол мәлімдеме аталған күні болған Ричард Холбрук пен Өзбекстан президенті Ислам Каримов кездесуінің нәтижесі туралы ақпар беретін ресми құжат болып табылады.

Қырғызстанда Америка Құрама Штаттары қарулы күштерінің ірі базасы бар. Ол Ауғанстанда АҚШ жүргізіп жатқан әскери операцияны іс жүзіне асыруға қажетті тасымал, әуе көлігіне жартыжолда жанармай құю және жүк жеткізуді ұйымдастыру үшін қолданылып келеді, деп атап көрсетеді «Вашингтон пост».

МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІЛУІ – АУҒАНДАРДЫҢ ӨЗ ЕРКІНДЕГІ ІС

Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары қазір Ауғанстанда ел үкіметінің қарулы күштері мен халықаралық коалицияның бөлімшелері тізе біріктіре жүргізіп жатқан, тәліптерге қарсы бағытталған ірі ауқымды ұрыс операциясы туралы жарыса жазып жатыр.

Аталған операцияны тілге тиек ете отырып, осы бұқаралық ақпарат құралдары Ауғанстанның оңтүстігіндегі Хельманд провинциясының кенті Марджаның маңында қалыптасқан шиеленісті ахуалға басты назар аударады.

Мәселен, «Франкфуртер Альгемайне Цайтунг» газеті оңтүстікте тәліптер бақылауында қалған осынау жалғыз дерлік ірі қала бүгінде жарылғыш зат пен есірткіні өндірудің басты орталығына айналды, деп жазады.

Ауған армиясының күштері мен халықаралық коалиция бөлімшелері бұл қаланы қан төкпей-ақ алуы тиіс еді, себебі, саны жөнінен бұлар қарсыласынан әлдеқайда басым түсіп отыр. Дегенмен де, олар әлі талай күн әр үйдің іші-тысы мен маңын тінтіп, бұл маңайдың барлық қуыс-қалтарысын сүзіп өтуіне тура келетін болады, деп атап көрсетеді басылым.

Майдандағы қарулы қақтығыстың қазіргі кезеңі артта қалған соң, Ауғанстан үкіметі өзінің қаншалықты мықты екенін көрсетер нағыз ауыр сынақтан өтетін болады. Себебі, оған өзінің жауапкершілікті мойнына артуға нақты даяр екенін ащы өмір шындығының сынағына тіке түсіп дәлелдеуге тура келмек.

Келешекте Ауғанстаннан шетел жауынгерлерін алып кетуді көздейтін жаңа стратегияның іс жүзіне асуы, ол міне осы сынақтан ауған үкіметінің сәтті өте алуымен байланысты болып отыр, деп түсіндіреді «Франкфуртер Альгемайне Цайтунг» басылымы.
XS
SM
MD
LG