Accessibility links

Азаматтық алуды армандаған бойжеткен Қазақстан мен Ресей басшыларынан жәрдем сұрайды


Александра Тришинаның арманы – Қазақстан азаматтығын алу.
Александра Тришинаның арманы – Қазақстан азаматтығын алу.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында тұратын 17 жастағы мектеп оқушысы Ресей президенті мен Қазақстан басшылығына хат жолдап, көмек сұрауда. Жеті жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған Александра Тришинаның арманы – Қазақстан азаматтығын алу, бірақ шымкенттік шенеуніктерден қайыр болмай тұр.

«ӨЗ БОЛАШАҒЫМДЫ ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫСТЫРҒЫМ КЕЛЕДІ»

Орынбор қаласы Казанка ауылында дүниеге келген Сашаның әке-шешесі сонда мал бағумен айналысыпты. 2002 жылы отбасы Сашаның анасының туған жері – Қазақстанға қоныс аударуды ұйғарады.

Отбасы жиған-тергенін сатып, түйіншектерін арқалап Оңтүстік Қазақстан облысы Темірлан ауылына табан тірейді. Мұнда келген соң бір жыл өткенде кепе үй сатып алуға ғана жағдайлары жеткен. Жұмыс жоқ ауылда біреудің үйін жөндеп күн көреді.

– Біз нашар тұрдық. Әкем ішіп кетті. Бүкіл отбасымызбен балық аулауға баратын едік. Құр балық жейтінбіз. Кейде тіпті нанға ақша болмайтын, – деп еске алады Саша.

Көп ұзамай Сашаның әкесі жұмыс іздеп, Ресейге қайта оралады. Бірақ араға уақыт сала, сол жақта дүниеден өтеді. Аш қалмау үшін 14 жастағы Саша жанына әпкесі мен інісін ертіп көрші-қолаңның үйін жөндеумен айналысады.

– Бір бөлмені әктеп алған 500 теңгені біраз күн тамақ қылуға жеткізетінбіз. Мектептен кейін ауылдағы дәмханаға барып, ыдыс-аяқ жуатынмын. Анда-санда анам да жөндеу жұмыстарына көмек беретін. Бірақ, анам да көбірек ішетін болды. Сол үшін үйде күнде ұрыс-керіс болып, отбасының берекесі кетті, – дейді Александра.
Александра (оң жақта) өкіл анасы - Кәмиламен бірге. Шымкент, мамыр, 2009 жыл.

Үйде мазаны қашырған айқай-шудан шаршаған қыз қыстың көзі қырауда қолына кітаптарын алып, құрбысының үйіне келеді. Көз жасын тия алмай тұрған қызының сыныптасын көрген Кәмила Арқабай оны бауырына басыпты.

– Саша үйге жиі келетін. Өзі өте сыпайы, ақылды қыз. Біз оны құшақ жая қарсы алдық. Содан бастап жарты жылға жуық уақыт болып қалды, ол отбасымыздың бір мүшесіндей болып кетті, – дейді екі баланың анасы Кәмила Арқабай.

Физика мен матемтика пәндерін сүйіп оқитын Сашаның қазақшасы судай. Енді арманы – оқуды бітіріп, жоғары білім алу. Озат оқушы ұлттық бірыңғай тесттің алдын-ала байқау сынағынан жоғары балл жинапты.

– Тілді үйрену қиын болмады. Қазақ тілінен емтиханның 25 сұрағының 21-іне дұрыс жауап бердім. Қазақ тілі өте жұмсақ, нәзік әрі жаныма жақын. Мен, тіпті, қазақша ойлайтын болдым. Болашағымды тек өзімнің Отаныма айналған осы еліммен ғана байланыстыра аламын, – дейді Александра Тришина.

ҚҰЖАТ АЛУДЫҢ МАШАҚАТЫ

Саша білім алып жатқан мектеп басшылығы биылғы оқу жылының басында оқушының құжаттарына көңіл аудара бастапты. Бұған дейін оның Ресей елінен берілген туу туралы куәлікпен білім алып жатқаны жайлы ешкім бас қатырмаса керек.

– Алдымен аудандық көші-қон басқармасына бардық. Ол жерде Сашаның ата-анасы кезінде Қазақстанның азаматтығын алмағандықтан, балалары Ресей азаматтары болып саналатынын естідік. Оның отбасындағы қиындықтар жайлы мен жақында ғана естідім, – дейді Александраның сынып жетекшісі Салтанат Қарабаева.

Енді емтиханға дайындалудың орнына Саша өкіл анасы Кәмиламен бірге Шымкентке келіп, құжат алу үшін облыстық шенеуніктердің есігін де қағып шықты. Бірақ, бұл жолы да көңілдері су сепкендей басылған. Олар облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтың көмекшісі Бауыржан Нұрмановтың қабылдауында болғанын айтады.

– Біз әкімшілік қой деп, оларға уәжімізді айтуға келдік. Ал ол болса креслода қисайып жатып алып, сағызын аузынан тастамай сөйлесті бізбен. Неге келдің дегендей жатып сөйлескен шенеунік сөзін әрең созып, жаттанды сөздерін айтып, қуғандай болды. Мұндай «бастықсымақтан» не қайыр деп, біз де басымызды салбыратып, көңіліміз қалып қайттық, – дейді Кәмила Арқабай.

Кейіннен, осы мәселеге байланысты Азаттық тілшісіне Бауыржан Нұрмановтың өзімен тілдесудің сәті түсті.

- Олардың маған келгені рас, бірақ өздері жағдайларын дұрыстап түсіндіріп айтқан жоқ, - деді Б.Нұрманов.

Егер Сашаның туған анасы не мектеп басшылығы дер кезінде құжат дайындаған болса, мұндай қиындықтан арылар еді. Оның үстіне аудандық көші-қон бөліміндегілердің бұл шаруаға селқостығы да кесірін тигізбей қоймағандай. Өйткені, Саша осыдан екі жыл бұрын сонда барып, құжат жинамақ болған екен. Бірақ еш нәтиже шықпаған.

– Маған азаматтық алу үшін жеке есеп шотыңда 1,5 миллион теңге болу керек деді. Мен ондай ақшаны таба алмас та едім. Кейін ғана бұл талаптың Ресей елінен келетін азаматтарға қатысы жоқ екенін естідім. Осы арада біраз уақыт кетіріп алдым, – дейді Саша.

ЖЕРГІЛІКТІ ШЕНЕУНІКТЕРДЕН ТҮҢІЛГЕН САША ЕКІ ЕЛДІҢ БАСШЫЛАРЫНАН ЖӘРДЕМ СҰРАЙДЫ

Енді мектеп қабырғасын аяқтауға санаулы күндер қалғанда, Сашаға құжатсыз жоғарғы оқу орнына түсуді былай қойғанда, сынақ тесттің өзіне қатыса алмайтын қауіп бар.

Облыстық көші-қон басқармасынан Александра Қазақстанның азаматтығын алар бұрын, қолында Ресей төлқұжаты болу керек деген жауап алдық.

– Содан кейін ол алдымен шетел азаматы ретінде Темірлан ауылына тіркеуге тұруы тиіс. Сосын Қазақстанның азаматтығын алу жөнінде арыз жазуы керек. Сол кезде ғана оған төлқұжат беру мәселесі екі апта ішінде шешіледі, – дейді ОҚО көші-қон басқармасының инспекторы Марина Горбатенко.

Саша үшін Ресейдің Қазақстандағы елшілігіне барып, мәселесін шешу үшін уақыт тапшы. Оның үстіне қолында қаражаты да жоқ. Және де құжат дайындау жағы да біраз уақытты алары сөзсіз.

– Біз шенеуніктердің есігін қағып, құжат дайындауды жарты жыл бұрын бастадық. Жөн сілтеген біреуі болмады. Солардың кесірінен балам емтиханға кіре алмауы мүмкін. Бұл үшін кім жауап беруі керек?! – деп налиды Сашаның өкіл-анасы Кәмила.

Саша көмек сұрап Ресей президенті Дмитрий Медведев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстанның ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовке және сыртқы істер министрі Марат Тәжинге хат жолдады.

Жергілікті шенеуніктерден жәрдем көрмеген 17 жастағы Александра енді жоғары дәрежелі лауазым иелерінен қайыр болады деп үміттенеді.
XS
SM
MD
LG