Accessibility links

Ақтөбелік алты «лаңкестің» ісі АҚШ мемлекеттік департаментінің баяндамасында аталды


Терроризм айыбымен сотталған алты адамның туыстары облыстық сот ғимаратының алдында тұр. Сол жақтан үшінші – түрмеде қаза тапқан Азамат Кәрімбаевтың әйелі Айман Кәрімбаева. Ақтөбе, 24 қараша 2009 жыл.
Терроризм айыбымен сотталған алты адамның туыстары облыстық сот ғимаратының алдында тұр. Сол жақтан үшінші – түрмеде қаза тапқан Азамат Кәрімбаевтың әйелі Айман Кәрімбаева. Ақтөбе, 24 қараша 2009 жыл.

АҚШ мемлекеттік департаментінің дәстүрлі баяндамасында әлемде лаңкестікке дем беріп отырған бірнеше ел аталған. Баяндамада Қазақстанның лаңкестікке қатысы бар күдіктілерге қатысты мардымсыз ғана ақпарат беретіні айтылған.


ЛАҢКЕСТЕР МЕН ДЕМЕУШІЛЕРІ

Тамыздың 5-і күні АҚШ Мемлекеттік департаменті Конгреске жыл сайын жасайтын дәстүрлі «Country Reports on Terrorism’2009» баяндамасының мәтінін таратты. Құжатта әлемнің әр бұрышындағы барлық лаңкестік құрылымдар бойынша ақпараттар сараланып, сонымен бірге өткен жылы болған лаңкестік оқиғалар тіркелген.

Жаңа баяндамада 2009 жылы әлемнің сексен үш елінде 11 мыңға жуық лаңкестік шабуылдар жасалып, соның салдарынан 15700 адам қаза болғаны айтылған. 2009 жылғы лаңкестік оқиғалардың көпшілігі Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыста болған.

Баяндамада әлем бойынша лаңкестік оқиғалардың азая бастағаны айтылған. Мәселен, лаңкестік қастандықтар ең көп тіркелген 2007 жылы 14400 шабуыл жасалып, салдарынан 54600 адам қаза тапқан.

Солтүстік Кавказда лаңкестік оқиғалардың көбейе түскендігіне жеке тоқталған. Мәскеудің қатаң ұстанымын айта келе, баяндама ауторлары 2009 жылы Солтүстік Кавказда 80 лаңкестік шабуыл жасалғанын, яғни, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 30% көбейгенін атап көрсеткен.

Сыртқы саясат мекемесі конгреске жасаған баяндамасында атап көрсеткен «лаңкестікті қолдайтын» елдер тізімінде аса көп өзгеріс байқалмайды. Халықаралық лаңкестікке қолдау танытатын басты демеушілер тізімінде әдеттегідей Иран, Сирия мен Судан бар. Бір атап өтер жайт, биыл олардың қатарына Куба да қосылыпты, ал Солтүстік Корея тізімнен түсіп қалыпты.

Баяндама ауторлары АҚШ қауіпсіздігіне бұрынғысынша «Әл-Қаида» ұйымы, атап айтқанда оның Арабия түбегі мен Пәкістандағы филиалдары елеулі қауіп төндіреді деген пікірде. «Ол бұрынғысынша АҚШ пен әлемдегі АҚШ-тың мүддесі бар нысандарға қарсы күшті шабуылдар жасап отыр», - деп жазылған баяндамада. Бірақ оған қарсы күрес сәтті жүріп жатқаны және «2009 жылы ұйымның елеулі регресске ұшырағаны» да атап өтілген.

Америкалық дипломаттардың пікірінше, қазіргі уақытта Пәкістанда «Әл-Қаидаға» қарсы елеулі әскери қысым жасап, ұйымның тірек бекеттері мен лаңкестік топ белсенді мүшелерінің көзін жойып жатыр. Соның нәтижесінде «Әл-Қаида» лаңкестік әрекеттерге, содырларды даярлау мен аймақтан тысқары жерлерде лаңкестік оқиғаларды жоспарлауға қажетті қаржы жинауға қатысты қиыншылыққа тап болды.

Баяндамада «Әл-Қаида» ұйымы өз қатарына Батыс Еуропа және Солтүстік Америка тұрғындарын тартып жатқанын ерекше атап жазған.

АЗАМАТ КӘРІМБАЕВТЫҢ ІСІ

Қазақстанға келсек, АҚШ мемлекеттік департаменті бұл ел «лаңкестікке қарсы қарқынды күрес жүргізіп отырғанын» атап өткен. Қазақстан ішкі істер министрлігі 2009 жылдың 10 қаңтарынан бастап министрлік әскерінің алдына жаңа әскери доктрина аясында лаңкестікке қарсы күреске байланысты жаңа міндеттер қойылғанын мәлімдеді. Сонымен бірге, 2009 жылы Каспий теңізіндегі Ақтау сауда портында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігі бірлесе жүргізген оқу-жаттығулары жайында деректер келтіріледі.

Лаңкестікті қаржыландырға және ақшаны заңдастырға қарсы күрес жөніндегі екі заңға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол
Арқалық түрмесінде қаза тапқан Азамат Кәрімбаев. Сурет марқұмның туыстарынан алынды.
қойғанын, сонымен бірге Қазақстан парламенті, бас прокуратура және кедендік бақылау комитеті сарапшыларының, заңгерлерінің БҰҰ-ның есірткіге және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі комиссариаты мен АҚШ мамандарының семинарларға бірге қатысқанын баяндамада атап өткен.

ФБР директоры Роберт Мюллер 2009 жылдың қараша айында Астанаға жасаған сапарында екі тараптың да ұйымдасқан қылмысқа, ақшаны заңдастыруға қарсы күресте өзара ынтымақтасу ниеті жайлы Қазақстанның бас прокуратурасымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Роберт Мюллердің ҰҚҚ-нің сол кездегі төрағасы Амангелді Шабдарбаевпен кездескені, тараптардың лаңкестікке және экстремизмге қарсы күресте ынтымақтастықты арттыруға келіскені де жазылған.

Солай бола тұра, АҚШ мемлекеттік департаментінің сарапшылары қазақстандық мемлекеттік органдар лаңкестікке қатысы бар деген күдіктілерді ұстау және соттау барысында әдетте мардымсыз ғана ақпарат берумен шектеліп, аталған іс бойынша баспасөзге толық ақпарат бермейтіндігін айтып өткен. АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстанның күштік құрылымдарына барынша тән жайттар ретінде екі оқиғаны ерекше атап көрсеткенді жөн көріпті.

Бірінші оқиғада, жергілікті баспасөздің хабарлауынша, Астана қаласының полициясы 2009 жылдың 22 қыркүйегінде 23 жасар Өзбекстан азаматын ұстаған. Бұған дейін өзбек құқық органдары лаңкестік әрекеттер жасады деген күдікпен оған іздеу жариялаған болатын. Аты-жөні аталмаған азаматты Қазақстан полициясы ұстаған. Бірақ содан соң ол өзбек билігіне берілді ме, жоқ па, бұл жағы айтылмайды.

АҚШ мемлекеттік департаменті былай 2009 жылы қыркүйектің 24-і күні Ақтөбе облысының соты лаңкестікпен айналысқаны үшін жергілікті алты тұрғынды 12-17 жыл аралығындағы мерзімге бас бостандығынан айырғанын атап жазған. Аты аталмаған баспасөз құралының деректері бойынша, шетелдік мұнай инвесторларын жазаламақ болған ақтөбелік лаңкестерде қару мен жарылғыш заттар болған және олар тек мұнай инфрақұрылымдары нысандарын жарып қана қоймай, дінсіздерге қарсы жиһад жарияламақ болған.

Естеріңізге сала кетсек, әңгіме Ақтөбе облысы Шұбарши ауылының тұрғыны Азамат Кәрімбаевтың тобы жайында болып отыр. Сот үкімі бойынша исламның классикалық жолын ұстанушы алты адам ұзақ жылдарға сотталып, қазақстандық арнаулы қызметтердің нұсқауы бойынша «лаңкестік топтың жетекшісі» деп танылған Азамат Кәрімбаев 17 жылға түрмеге жабылған-ды.

Алайда арада үш ай өткен соң оның өлі денесін Арқалық түрмесінен тауып алған. Туыстары марқұмның денесіндегі азаптау іздерін көрсеткеніне қарамастан, Қазақстан мемлекеттік органдары бұл адам өзіне-өзі қол салған деуден танбай отыр.

Тұтастай алғанда, Қазақстан АҚШ мемлекеттік департаменті тарапынан оң бағаға ие болған. Баяндаманың соңында қазақ қоғамында радикалданудың алдын алу үшін мәдениетаралық және дінаралық диалогқа бұл елдің белсенді түрде демеу жасап отырғандығы атап өтілген.
XS
SM
MD
LG