Accessibility links

Өзбекстанның Ислам қозғалысы Орта Азияға қайта оралғысы келеді


Өзбекстан Ислам қозғалысының мүшелері Пәкістандағы жаттығу базасында.
Өзбекстан Ислам қозғалысының мүшелері Пәкістандағы жаттығу базасында.

Британдық «Джейн» журналы Өзбекстанның Ислам қозғалысының жаңа жоспарлары туралы талдауында, бұл ұйым өзінің әу бастағы көздеген мақсатын, яғни Өзбекстандағы жүйені өзгертуді қайтадан жаңғыртуға талпынып жатыр деген тұжырым жасайды.


ПӘКІСТАНДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС

Өзбекстан Ислам қозғалысының (ӨИҚ) негізгі құрамының Пәкістанның Уәзірстан провинициясына табан тіреуінің соңы қиын мәселеге айналып, бұл түйткілді тезірек шешуге мәжбүрледі.

«Талибанмен» екі арадағы одақ та табанға қадалған шөгірдей әсер туғыза бастады. ӨИҚ өкілдерінің арасында ұйым біреуге тәуелді болмауы керек деген көзқарас белең алды.

Ұйым өкілдері Пәкістанның өкімет әскеріне қарсы Уәзірстандағы соғысқа қатысу әу бастағы мақсатқа ешқандай сәйкес келмейді деп санайды. Көпшіліктің пікірінше, Тахир Юлдаштың басқаруындағы қозғалыс бастапқы кездегі мақсаттарынан тайқып, тек жан сақтап қалу үшін күреспен ғана шектелді.

Пәкістанның «Талибанға» және оның жақтастарына жасаған қатты қысымының нәтижесінде Өзбекстанның Ислам қозғалысы өз бетінше күрделі жағдайдан шығуға әрекеттенуде.

Әйткенмен ұйымның аз дегенде үштен бір бөлігі әлгіндей науқаннан шет қалып отыр деп жазады британдық «Джейн» журналы . Себебі, олардың кейбіреуі Уәзірстанның жергілікті әйелдерімен отасып, шаңырақ құрса, тағы бір бөлігі әл-Қаидамен қоян-қолтық араласып кеткен.

БҰРЫНҒЫ БАЙЛАНЫСТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

Өзбекстанның Ислам қозғалысы мүшелерінің басым көпшілігі Орталық Азияға оралғанды жөн санайды. Бір-бірлеп болса да, шағын-шағын топтармен келе берсе де, әйтеуір, аймаққа оралуды қалайды.

Олардың негізгі көздегені – Ферғана алқабы. ӨИҚ дәл сол жерде өз күшін қайта топтастырып, өздерін қолдайтын адамдармен байланыс орнатуды қолға алып жатыр.

Кезінде осы жерде қалған жақтаушылары өздеріне ӨИҚ тарапынан қолдау болмағанына налыған еді. Алайда, енді олардың шұғыл белсенділігінің пайда болуы Пәкістаннан Орталық Азияға орала бастаған бүлікшілермен арадағы байланыстары қайтадан жандана бастағанын аңғартады.

Британдық «Джейн» журналының долбары бойынша, бірнеше жүз тісқақты жаугердің оралуының өзі бұл аймақтағы террористік қозғалысты елеулі түрде күшейтеді. Әсіресе, ӨИҚ басшылығы Орталық Азиядағы бастапқы мұратын қайта көтеріп, өз қатарындағылардың күші мен идеологиялық іс-қимылды бір арнаға түсіріп алса, қозғалыстың қуаты одан сайын артпақ.

Орталықазиялық елдердің басшылары ішкі наразылықтардың түп-төркінін Өзбекстан Ислам қозғалысымен жиі байланыстыратын. Оған мысал болатын бір жағдайды былтырғы жылдың соңына таман Тәжікстан қауіпсіздік комитеті төрағасы орынбасарларының бірі баяндаған еді.

Оның айтуынша, 1997 жылы билікке қарсы қастандық ұйымдастырған, артынан Өзбекстанға қашып барып, ӨИҚ ұйымына мүше болған тәжік әскеріндегі бұрынғы бригада командирі Махмуд Худойбердиев осы жағдайдың жарқын көрінісі.

ӨЗБЕКСТАН ИСЛАМ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЕЛГЕ ОРАЛУДА

2009 жылы аймақта ӨИҚ ұйымының белсенділігі күшті болатын. Өзбекстанда жасалған бірқатар қастандықтар, оның ішінде шілде айында өкімет жағындағы діни қайраткер Аброр Аброровқа және тамыз айында ішкі істер министрлігінің лаңкестікке қарсы күрес бөлімі басшысының орынбасары Хасан Асадовқа жасалған шабуылдар осы қозғалыстың ісі деп саналады.

Ферғана алқабындағы Исфара қаласында полицияның жоғары лауазымды шенеунігіне қарсы жасалған қастандық әрекеті үшін ресми Душанбе Өзбекстан Ислам қозғалысын кінәлады. Билік өкілдері қазан айында төрт содырдың өлтірілгенін, ал, қарашада Солтүстік-Батыс Тәжікстаннан екі сөз байласушының ұсталғанын мәлімдеді, олардың бәрі Өзбекстан Ислам қозғалысына қатысты адамдар деп хабарланды.

Дей тұрғанмен, ӨИҚ ұйымдастырған өзге шұғыл шаралардың көбі ауқымы жағынан айтарлықтай шектеулі болып келеді. Олардың қатарында Тавил-Дара қаласындағы полицейлік учаскеге жасалған шілдедегі шабуыл секілді түрлі полицейлік және әскери бекеттер мен патрульдерге жасалған шабуылдар бар.

2009 жылдың орта тұсында ауған шекарасының бойында болған бірқатар қақтығыстар содырлардың Пәкістаннан оралғанын байқатады.

Мамыр айында сонау азаматтық соғыс кезінде аты шыққан Абдулла молла басқаратын жүзге жуық содырлар тобы туралы хабар шықты. Британдық «Джейн» журналы жазғандай, бұл топтың мойнында шілдеде өлтірілген төтенше жағдайлар жөніндегі министр Мирзо Зиёевтің қаны бар деп айтылады.

Өзбекстанның Ислам қозғалысы мүшелерінің көбейіп жатқаны жайында хабар Қырғызстанда да тарады.

Былтырғы жылдың қазан айында ғана ӨИҚ-ның кем дегенде 20 мүшесі Баткен ауданына өтіп кетті. Бұл туралы Қырғызстан ішкі істер министрінің орынбасары Расул Райымбердиев мәлімдеген болатын. Сол ауданның Тәжікстан жағынан да қозғалыстың сезікті төрт мүшесі қолға түскен.

КӨКНӘРҒА ЕЛІТУ

Британдық «Джейн» журналының баяндауынша, Ауғанстан төңірегіндегі бүлікші топтар іспетті Өзбекстанның Ислам қозғалысы да көкнәрдың буына бой алдырған.

Бір жағынан есірткі саудасы соғыс шараларын қаржыландыруға керекті табысты іс болып саналады. Ал, екінші жағынан, бұл түптің түбінде содырлардың азғындап, идеологиялық мақсаттардан алшақтауына апарып соғады.

2009 жылдың мамыр айында есірткі бақылауы жөніндегі Ресей федералдық қызметінің директоры Виктор Иванов Өзбекстанның Ислам қозғалысы ауған апиынын заңсыз тасымалдау ісіне белсенді түрде араласпақ ниетпен түрлі жолдарды қарастырып жатыр деп мәлімдеген еді.

Виктор Иванов ӨИҚ тәжік-қырғыз-өзбек шекарасының бір бөлігіндегі өткелдерді бақылауда ұстап отырғанын және есірткі мен қаруды ақшаға айырбастау арналарына қызмет көрсететінін айтты.

Және жаңа бір талпыныс пайда болды – ӨИҚ Орталық Азия мен Ресей аймақтарындағы есірткі жеткізіп берушіден енді оны таратушыға және апиынды үлкен көлемде сататын саудагерге айналуды көздейді, сол арқылы өзінің ролін өзгертуге ұмтылады.

Марқұм Жұма Намангани 2001 жылы, қырғыздың арнаулы қызметі растағандай, Ауғанстанның солтүстігіндегі есірткі дилерлерінен жылу жинап, соның есебінен ӨИҚ-ның іс-шараларын қаржыландыруға әрекеттенген болатын.

Британдық «Джейн» журналының пікірінше, тағы бір жаңалық – ұйымның өз ішінде есірткі саудасына ынтасы ауған адамдар пайда болған. Олар мұсылман емес қылмыс әлемімен байланыс орнатып, ӨИҚ басшылығының бұйрықтарын елемеуді жиілетіп барады.

ТҰРАҚСЫЗДЫҚ

Қалыптасып отырған ахуалды талдай келе британдық «Джейн» журналы келесідей тұжырым жасайды. Бүлікшілер, лаңкестер және есірткі саудагерлері қоғамдастығы ретінде немесе осы үш қызметтің де қосындысы түрінде Өзбекстанның Ислам қозғалысы Орталық Азиядағы өзінің маңыздылығын қалпына келтіруге күш салуда.

Бір кездері өзінің түп-төркінінен алыстаған Өзбекстанның Ислам қозғалысы ұйымы Пәкістанда өткізген кезеңінде бастапқы мақсат-мұратына қайта оралуды ұйғарды.

Ал, бұл осы аймақта лаңкестік іс-қимылдар кеңінен қайта жанданып, қорқыныш пен тұрақсыздық жайлауы мүмкін деген сөз.
XS
SM
MD
LG