Тарихи құжатқа қол қойғандардың бірі - Беларусь республикасы Жоғары кеңесінің бұрынғы төрағасы Станислав Шушкевич осынау атаулы күн қарсаңында Азаттықтың Беларусь қызметі тілшісіне сұхбат беріп, сол кездегі оқиғалар мен олардың тарихи маңызы жайлы ойларымен бөлісті.
Біз даңқты іс тындырдық және мұны ортақ келісім бойынша істедік. Бәріміздің қалауымыз сол болғаны еш шүбәсіз.
Егер біз әлдебір жайттарды ескермей қалсақ, әлем дипломаттарының көбі өз үкіметтерімен алыс-беріс хаттарында болжағандай жағдай болар ма еді деп қорқамын. Өйткені іс жүзінде Совет одағы бізсіз де, әлгі кездесуден көп бұрын - тамыз бүлігінен кейін ыдырап кеткен еді. Бірақ одаққа Югославияның ыдырауы тәрізді қауіп төнгені - факт.
Одаққа Югославияның ыдырауы тәрізді қауіп төнгені - факт.
Біз ең әуелі кім екенімізді және алдыңғы құжаттар мен шешімдерімізге, мысалы, Беларусь елінің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларациясы немесе Украинадағы референдумға қатысты көзқарасымызды айқындап, кейінге қалдыруға болмайтын мәселелерді шешіп алмай тұрып мардымды ештеңе шығара алмайтынымызды түсіндік. Сондықтан осы мәселелерді шештік.
Беловеж орманын таңдауымыздың да сыры бар, өйткені Еуропада мұндай нысандар жоқтың қасы. Ельцинге «сіздердің жерлеріңізден өткен әсем жер жоқ, бірақ біздегі әсемдіктің өзгеше. Аңшысыз ғой, өзіңіз көріңізші» деп айтуыма тура келді. Ол «жақсы, сіздер жаққа қуана-қуана барамын» деді. Бұл оқиға осылай басталған еді.
Айтпақшы, Ельцин болмаса ешқандай келісімге келмес едік. Мен үшін Беловеж келісіміне Ельциннің қол қоюы Беларусь елі тәуелсіздігін Ресейдің мойындауы дегенді де білдіреді. Ол кісі нағыз демократ, сөзінде тұратын, біреудің ығына жығыла қоймайтын табанды адам болатын. Сондықтан Ельциннің адамы болғанымды мақтан тұтамын.
Ал Кравчукты қол қоюға үгіттеудің қажеті де болмады – ол бірден келісті. Оның таянышы мықты болды, өйткені желтоқсанның 1-і күні ол президент болып сайланды әрі сол күні Украина азаматтарының 92 пайызы референдумде тәуелсіздікті қолдаған еді. Сондықтан Кравчук Беловеж орманына «ақбоз атқа мініп» келді деуге болады. Ал біз бар күйімізде келдік. Бірақ желтоқсанның 21-і күні кімдер қандай құжатқа қол қойғаны жазылған тақтайша Алматыда ілініп тұр, Назарбаев та ТМД осы қалада құрылды деп санайды (СССР-дің бұрынғы 11 республикасы басшылары Беловеж келісіміне қосылатынын мәлімдеген жиынды айтады. - Азаттық), ал 1991 жылғы желтоқсанның 8-і күні ТМД құрылғаны жарияланған үйде ешқандай тақтайша жоқ.
Өткенді қайталамау үшін біз «Бұл бағдарлама бітті! Жаңа саяси құрылыс құру керек» деп ресми мәлімдеу керектігін сездік. Бірақ бұл жолда тым көп тосқауыл кездесті. Бұл бір саяси жүйеден екіншісіне ауысқан өте ауыр кезең болды. Кейінгі қиындықтардың бәрін әлгі өзгерістердің кесірі дей салу өте оңай. Ол үшін кемеңгер болу шарт емес, Лукашенко тәрізді қарапайым кейіппен бәрін «дерьмократтар» құртты дей салсаң жетіп жатыр.
Лукашенко тәрізді қарапайым кейіппен бәрін «дерьмократтар» құртты дей салсаң жетіп жатыр.
Қазір біз құрамында мемлекетті басқаруда мол тәжірибесі бар адамдардан тұратын бөлімшесі бар құрылым құрғымыз келеді, және ол шаруаны бастап та қойдық. (Балтық-Қара теңіз халықаралық зерттеулер орталығы қолдауымен Киевте өткен әрі постсоветтік елдердің кей бұрынғы басшылары қатысқан конференцияны айтады. - Азаттық). Бұл - бізде талайдан бері Балтық-Қара теңіз аймағы проблемасы деп аталатын мәселені дамыту тәсілі болмақ. Шынында, Еуропа мен Азиядағы қиындықтардың бәрі осы аймақтан шығып жатыр емес пе? «Сегіздік» сол үшін жиналдық, менде Киевте бәріміз түскен сурет жатыр. Қазір кейбір бастамалар жөнінде ойларымыз бар. Оларды қазір жария етпеймін, бірақ жақсы өмір сүру үшін не істеу керектігіне қазіргі кей басшыларды иландырғымыз келеді.
Университеттегі әріптестерімнің (саясатқа араласқанға дейін Станислав Шушкевич Беларусь мемлекеттік университетінің проректоры болып жұмыс істеген - Азаттық) ешқайсысымен қарым-қатынасымды үзген емеспін, өйткені билікқұмар немесе қарақан басымның қамын күйттеп баюды ойлаған жоқпын. Бала-шаға, немерелерімнің жүзі ашық болғанын қалаймын.
Ал тарихты таразылау - менің емес, өзгелердің еншісі.
Империяның ыдырауы. Азаттық фотогалереясы: