Accessibility links

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы канадалық жазушы Энн Карсонға беріледі

Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы биыл канадалық жазушы әрі ақын Энн Карсонға берілмек. Бұл туралы 8 қазанда Стокгольмдегі Швеция академиясы хабарлады.

Сыйлық қаламгерге "классикалық дәстүрмен үндесе отырып, қазіргі заман әдебиетінің тың формаларын қалыптастырған батыл әрі тапқыр шығармашылығы үшін" берілмек.

76 жастағы Энн Карсон поэзия, проза, эссеистика мен антикалық мифологияны шебер ұштастырған туындыларымен танымал. Автордың белгілі кітаптарының бірі – "Қызылдың автобиографиясы" (Autobiography of Red) атты өлеңмен жазылған роман.

Былтыр әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы венгриялық жазушы Ласло Краснахоркаиға берілген еді.

Сейсенбіден бері химия, физика, медицина мен физиология салаларында биыл Нобель сыйлығын алуға лайық деп танылған адамдардың аты-жөні жарияланған.

Нобель апталығы кестесіне сәйкес, енді 9 қазанда Ослода Бейбітшілік сыйлығының иегері, ал 12 қазанда 1968 жылы Швецияның мемлекеттік банкі Альфред Нобельдің құрметіне тағайындаған экономика ғылымдары бойынша сыйлық кімге берілетіні белгілі болмақ..

Нобель сыйлығын иегерлеріне тапсыру салтанатты рәсімі, жылдағы дәстүр бойынша, Альфред Нобель бақилық болған күні – 10 желтоқсанда өтеді.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG