Адвокат Мейіржан Досқараев бір жылдан астам уақыттан бері алғаш рет Степногорскідегі түрмеде жазасын өтеп жатқан оппозициялық белсенді, марафоншы Марат Жыланбаевпен кездесе алды. Бұл туралы 18 қарашада адвокат хабарлады.
Адвокаттың сөзінше, Марат Жыланбаевтың денсаулығы қалыпты. Ұзақ уақыт қатаң ұстау жағдайында (СУС) болған. Қазір тәртіптік изоляторда отыр.
Жыланбаев бұған дейін өзіне адвокатын кіргізбегеніне байланысты аштық жариялаған. Адвокаттың сөзінше, Жыланбаевпен жазасын жеңілірек жазамен алмастыру немесе мезімінен ерте шығу туралы өтініш беру мәселесін талқылаған. Кассациялық сотқа шағым түсіру де сөз болған.
Бұған дейін Жыланбаевтың адвокаттары онымен бір жылдан астам уақыт бойы, ал туыстары бірнеше ай бойы кездесе алмағанын хабарлаған еді. Мәселен, 21 қазанда Досқараев Степногорскідегі мекемеге барғанымен, қорғауындағы адамға жолыға алмаған еді. Колония қызметкерлері мұны қызметкерлердің бірінен коронавирус жұқты деген күдікке байланысты маска режимінің енгізілуімен түсіндірген. Ал 27 қазанда Жыланбаевтың қызына да карантинге байланысты әкесімен кездесуге рұқсат берілмеген.
Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі бюросы бұған дейін адвокаттарға кездесуден бас тартудың басты себебі ретінде Жыланбаевтың жеке өтініші жоқ деген уәж айтылғанын еске салады. Алайда белсендінің тағы бір адвокаты Денис Малюга прокуратурадан Жыланбаевтың адвокатпен кездесуге өтініш бергенін растайтын құжат алған. Соған қарамастан, Малюга мен Досқараев Степногорскіге бұған дейін барған кезде де онымен кездесе алмаған.
- 63 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
- Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылай және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
- Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
- Қамауда жатқан Марат Жыланбаев өзіне шығарылған үкімге наразылық білдіріп бірнеше рет аштық жариялаған. 2025 жылы тамызда оның адвокаты Мейіржан Досқараев жұртқа түрмедегі белсендінің "емделу үшін" аштық жариялағанын айтып жүрген омбудсмен өкілдерінің сөзін Жыланбаев жалған деп атап, жоққа шығарғанын көпшілікке жеткізген. Адвокаттары мен құқық қорғаушылар белсендінің денсаулығы нашарлағанына алаңдап, биліктен оны ауруханаға жатқызуды талап еткен. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Жыланбаевтың денсаулық жағдайы "қанағаттанарлық" деп мәлімдеген.
- 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
- Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.
- 2025 жылы сәуірде БҰҰ-ның жосықсыз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы Жыланбаевтың бостандығынан айырылуын негізсіз деп танып, Қазақстан билігін оны босатуға, өтемақы төлеуге және қудалау жағдайларын тергеуге шақырған. Қазақстан билігі елде саяси қудалау жоғын айтады.