Accessibility links

Белгілі экс-тележурналист әйел Кабулда оққа ұшты


Мена Мангал
Мена Мангал

Ауғанстан билігі белгілі бұрынғы әйел тележурналистің Кабулда қастандықтан қаза тапқанын мәлімдеді.

Ауғанстанның ішкі істер министрлігінің өкілі Насрат Раимидің хабарлауынша, Мена Мангал мамырдың 11-і күні таңғы сағат 07.20 шамасында Кабулдың 8-шағынауданында оққа ұшқан.

Осы маңдағы Карте Нау базарында жасалған қастандықтың куәгерлері Азаттыққа көлік күтіп тұрған Мангалды мотоцикл мінген екі ер адамның атып кеткенін айтты.

Куәгерлердің сөзінше, мотоцикл мінген қарулы екеу базардағы адамдарды қорқытып қуып тастау үшін аспанға төрт мәрте оқ атып, сосын Мена Мангалды екі мәрте кеудесінен атқан.

Мангалдың туыстары Азаттыққа бұл ақпаратты растап, соңғы уақытта Ауғанстан парламенті төменгі палатасының мәдени кеңесшісі болып қызмет етіп жүрген әйелдің көлік күтіп тұрған жерінде мерт болғанын айтты. Ariana News ақпарат агенттігі жариялаған суретте етпетінен жығылған Мангалдың денесі қанға бөгіп жатыр.

Мангал он жылдан астам уақыт жекеменшік Ariana TV, пушту тілінде хабар тарататын TOLO Lamar және Shamshad TV телеарналарында жүргізуші болып қызмет істеген.

Оның танымал әлеуметтік желі парақшаларында ауған әйелдердің жұмыс істеу және ауған қыздардың білім алу құқықтары жиі талқыланатын.

Талибанмен келіссөз кезінде құқықтарын қорғау мәселесі ескерілуін талап етіп тұрған белсенді ауған әйелдер. Кабул, 13 наурыз 2019 жыл
Талибанмен келіссөз кезінде құқықтарын қорғау мәселесі ескерілуін талап етіп тұрған белсенді ауған әйелдер. Кабул, 13 наурыз 2019 жыл



2017 жылы Мангал күшпен ұзатылғаны туралы ашық жазып, биылғы мамыр айында сот арқылы ажырасқаны расталған. Бұрынғы тележурналист жуырда әлеуметтік желі парақшаларында өзіне әлдекімдерден қастандық жасау туралы қоқан-лоқы хаттары түсіп жатқанын жариялаған.

Раимидің айтуынша, Мангалды атып өлтіргендер қылмыс болған жерден із суытып үлгерген. Ол қылмыскерлерді арнайы полиция тобы іздеп жатқанын мәлімдеді.

Мангалдың өлімін әзірше ешбір топ мойнына алмады.

Ауғанстандағы Талибан жетекшілері жуырда АҚШ-пен болған келіссөз кезінде қыздардың оқуы мен әйелдердің жұмыс істеуіне бұрынғыдай тыйым салмайтындарын айтқан.

Бірақ ауған әйелдерінің құқығын қорғаушылар бұл мәлімдемеге сеніңкіремейді және Талибанмен бітім жасау содырлар билік құрған замандағы қуғын-сүргінге қайта жол ашады деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG