Accessibility links

Ауғанстанда шабуылдан ондаған адам өлді


Джалалабад ауруханасына түскен жаралылар. 11 маусым 2018 жыл

Кабулда жанкешті шабуыл жасап, Ғазни уәлаятындағы жолда бомба жарылып, Нангархар мен Кундузда шабуыл жасалып, кем дегенде 33 адам мерт болды. Қастандықты ДАИШ пен Талибан мойындарына алды.

Ресми мәліметке сәйкес, маусымның 11-інде Кабулда бір жанкешті өзін Ауыл шаруашылығын қалпына келтіру мен дамыту министрлігі ғимаратының алдында жарып жіберді. Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігі бұл шабуылдан 12 адам өліп, 30-дан астамы жараланғанын хабарлады.

Полиция өкілі Хашмат Станикзаидың айтуынша, шабуыл қызметкерлер ораза кезінде жұмыстан ертерек шығып бара жатқанда жасалған.

- Жанкешті министрлік қақпасы алдында кеудешесіндегі бомбаны жарып жіберіп, мекеме қызметкерлерін мерт қылған, - деді ол.

Кабулдағы жарылыстан зардап шеккендер. 11 маусым 2018 жыл
Кабулдағы жарылыстан зардап шеккендер. 11 маусым 2018 жыл

"Ғамақ" ақпарат агенттігі шабуылды ДАИШ діни ультра-радикалдар тобы жасағанын мәлімдеді.

Ресми ақпарат бойынша, дүйсенбіде елдің солтүстігіндегі Кундуз уәлаятында Талибан содырлары қарулы күштердің бекетіне шабуыл жасап, 15 жауынгерді өлтірді.

Уәлаят кеңесінің мүшесі Аминулла Аяддиннің сөзінше, Қала-е Зал ауданында жауынгерлер ауыз бекітіп отырған кезде содырлар тұтқиылдын атыс бастаған. Он жауынгер мен бес полицей опат болған.

Дәл осы күні Нангархар уәлаятының астанасы Джалалабад қаласына содырлар шабуыл жасап, Білім беру мекемесінің ғимаратын нысана қылған.

Ғазнидің тағы үш жерінде Талибанмен қақтығыс болып, үш полицей мен он содыр өлген.

Жергілікті билік өкілінің айтуынша, ел шығысындағы Ғазни уәлаятында жол жиегіне қойылған бомба жарылып, шағын автобусқа мінген алты адам қаза тапты.

Уәлаят губернаторының өкілі Ариф Нури, өлгендердің ішінде әйелдер мен балалар бар екенін айтады. Үш адам жараланған.

Нуридің сөзінше, бұл уәлаяттың тағы үш жерінде Талибанмен қақтығыс болып, үш полицей мен он содыр өлген.

Ауғанстаннан АҚШ бастаған Батыс елдерінің әскери коалициясы қарулы жасақтарының негізгі бөлігін шығарып әкеткелі бері Талибан мен ДАИШ бас көтеріп, соңғы жылдары әскерге, полицияға, діни азшылықтар мен бейбіт тұрғындарға шабуыл жасауды жиілетті. Сәуірдің 30-ында Кабулда жасалған жанкешті жарылысынан отыз шақты адам қаза тапқан. Құрбандардың ішінде Азаттық тілшілері де бар еді.

Маусымның 7-сінде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Талибанмен мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы аяқталып, Айт мерекесі басталатын уақыт қарсаңында уақытша бітім жасалғанын жариялаған. Талибан қозғалысы бұл бітімді қолдайтынын, я қарсы екенін білдірмеген. Бітім 11 маусымнан 15 маусымға дейін созылады деп болжанған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 19.10.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:56 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG