Accessibility links

Ауған шенеуніктерінің апат орнындағы суреті ашу тудырды


Ауған шенеуніктерінің апат орнындағы суреті.
Ауған шенеуніктерінің апат орнындағы суреті.

Ауған шенеуніктері табиғи апаттан зардап шеккен Бадахшан провинциясына барып, топтасып суретке түскенде олардың қасіретті оқиғаға немқұрайды қарайтыны байқалды. Бұл жұрт ашуын тудырды.

Бұл Ауғанстан тарихында соңғы 10 жылда болған ең ірі табиғи апат саналады. Жер көшіп, тау етегіндегі Абе Барик ауылын тып-типыл етті.

ЕКІ МЫҢ АДАМ КӨШКІН АСТЫНДА ҚАЛДЫ

Бірнеше күннен соң оқиға орнына келген үкімет мүшелері жапа шеккен жергілікті тұрғындармен кездесті. Бейіт басына барған олар суретке күлімсіреп түскен. Делегация өкілдерінің фотосы Ауғанстанның барлық аймағында ашу-ыза туғызды.

Мамырдың 2-сі күні болған апатты жағдайдан БҰҰ мәліметі бойынша, кем дегенде 500 адам қаза тапқан. Ал ауған шенеуніктері суретке мамырдың 3-і күні түскен. Құтқару операциясының нашар жүруіне наразы тұрғындар қатары көбейіп барады. Көптеген ауғандықтар «фото үкіметтің апатқа жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын байқатады» дейді.

Аман қалғандар бірнеше күн ас-сусыз, баспанасыз далада жатқандарын айтып, ашу шақырды. Жұрт топырақ астында қалған 2 мыңға жуық адамды іздеуден бас тартқан үкіметті сынайды.

Фото әлеуметтік желілерге тез тарап кетті, суретті көргендер наразылықтарын жазған. Ештеңе болмағандай жымиып тұрған жоғары лауазымды шенеуніктердің ішінде ауыл шаруашылығы министрі Асеф Рахими, президент Хамид Карзайдың кеңесшісі Нематулла Шахрани мен топты бастап келген екінші вице-президент Мохаммад Карим Халили бар.

Twitter мен Facebook парақшасына бұл фото мультипликациялық суретпен бірге салынған. Онда батпаққа батып бара жатқан адамды бір топ кісі суретке түсіріп тұр.

Абе Барик ауылына нөсер жауын жауып, төмендегі алқапта орналасқан ауылды батпақ пен тас басып қалды.

«ҚАСІРЕТКЕ КҮЛГЕНДЕР»

Ауған журналисі Аббас Дайя Twitter-ге суреті шыққан делегацияның әрекетін «ұятсыздық» деп бағалады. Ал Ауғанстанның Pajhwok ақпарат агенттігінің журналисі Насрат Самими Twitter-де «делегация ұялуға тиіс» дейді. Кабулдегі құқық қорғаушы Рамин Анвари суреттің «масқара, сұмдық» екенін айтады.

Мамырдың 5-і күні бұл сурет Кабулден шығатын «Ашық қоғам» газетінің бірінші бетіне, «Қасіретке күлу» деген тақырыппен жарияланған. Үкімет пен дағдарысты сынау күшейіп тұрған кезде фотосурет дауды тіпті өршітті.

Көшкін кесірінен 700-ге жуық адам баспанасыз қалды. Ауған әскери тікұшақтары су, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен шатырлар жеткізді. Көмек көрсету агенттігі мен жергілікті құтқарушылар нашар жолдың кесірінен апат аймағына әзер жеткен.

Бірақ тұрғындар өздеріне көрсетілген көмекке разы емес. Кейбіреулер екі түн бойы далаға түнеп, үсіп қала жаздаса, енді бір тұрғындар әлі көмек алмағанын айтады. Абе Барик тұрғыны Мулла Абдулла мамырдың 5-і күні Reuters агенттігіне көшкін болғаннан үш күн өтсе де отбасына үкімет пен халықаралық ұйымдардың жәрдемі жетпегенін мәлімдеді.

Ол сияқты үйсіз қалған ондаған адам әлі күнге дейін тамақ пен дәрі, киім-кешек күтіп отыр. «Соңғы үш күнде ешқандай көмек алған жоқпыз. Мұндағы әйелдер мен балалардың бәрі сырқат. Әлі бізге ешкім көмек қолын созбады» дейді ол.

«БАДАХШАН КӨМЕККЕ МҰҚТАЖ»

Ауылдың тағы бір тұрғыны Хафизулла Азаттық радиосына мамырдың 5-і күні үкіметтің өздерін ұмытып кеткенін айтты. «Мен отбасымдағы 10 адамнан айрылдым» дейді ешқандай жәрдем көрмей отырған ол.

Бадахшандағы апатты жағдайлармен күресетін ұлттық мекеменің өкілі Мохаммад Асеф «аласапыран кезінде жергілікті және шетелдік көмекті тарату қиынға түсті» дейді.

Ауылдың тағы бір тұрғыны Гулам Хуссейн жоғалған 2 мың адамды іздеуді тоқтатып қойған үкіметті сынайды. Абе Барикте көшкін болған соң бір күннен кейін-ақ үкімет іздеу жұмыстарын тоқтатты. Олар «көшкіннен аман қалғандарды табуға мүмкіндік жоқ» деп мәлімдеді.

Абе Барик ауылының тұрғындары көшкін астында қалған туыстарын іздеп жатыр. Ауғанстан, 4 мамыр 2014 жыл.
Абе Барик ауылының тұрғындары көшкін астында қалған туыстарын іздеп жатыр. Ауғанстан, 4 мамыр 2014 жыл.
Құрбандардың жатқан жерлерін анықтау қиын, олар батпақтың астында бірнеше метр тереңдікте жатуы мүмкін. Тұрғындар күрек сияқты қарапайым құралдармен, тіпті жалаңаш қолдарымен жерді қазып, іздеуді жалғастырып жатыр.

«15 туысым осында тұрған еді, тек біреуі ғана аман қалды. Ол апат кезінде Кабулде еді. Немере бауырымның отбасынан сегіз адам көмілді, басқа 16 туысым да балшық астында жатыр. Үкімет бульдозер әкеліп, олардың денесін топырақтан қазып алсын деп талап етеміз» дейді ол.

Тұрғындардың талаптарына қатысты жауап берген Бадахшан губернаторының орынбасары Гул Мухаммад Байдар мамырдың 5-і күні «құтқару жұмыстарын жалғастырамыз» деді. Оның айтуынша, «ет жақын туыстарын жоғалтқан адамдарды психологиялық тұрғыда тыныштандыру үшін» іздеу операциясы тағы бес-алты күн жалғасады.

Ауғандықтар жапа шеккендерді жұбатып, көмектесу үшін Twitter мен Facebook әлеуметтік желілерін қолданды. Олар «Бадахшан біздің көмегімізге мұқтаж» деген парақ ашты. Интернет қолданушылар құрбандар туралы ақпарат табуға көмектеседі және жапа шеккендерге қаржы жинайды. Twitter мен Facebook бетінде елден жылу жинап жүрген азаматтардың ондаған суреті жарияланды.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG