Accessibility links

Әйелге қол көтеру неге тыйылмай отыр? HRW Астананы уәдесін орындауға шақырды

Иллюстрация авторы – Shapalaque
Иллюстрация авторы – Shapalaque

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі халықаралық деңгейде тағы да қозғалды. Human Rights Watch ұйымы елдегі жағдайды қатты сынға алып, үкіметті сөзден нақты іске көшуге үндеді. Астана әйел құқығын қорғауға күш салып жатырмыз деп мәлімдеген.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін халықаралық міндеттемелерін толық орындамай отыр деп сынға алды. Оған елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің оқиғасын мысалға келтіріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшысы айтқан сынға сілтеме жасаған. Ұйым 14 қазанда жариялаған мақаласында ресми Астананы осы мәселе бойынша берген уәдесін орындауға шақырды. 6 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы комитетінің отырысында Қазақстан делегациясының өкілдері елде әйел құқығын қорғауға күш салып жатырмыз мәлімдеген.

Ал халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыста жапа шеккен әйелдер әлі де жеткілікті қорғалмай отыр деп есептейді. HRW бұған дәлел ретінде елде болған жекелеген жағдайларды тізіп шыққан.

23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жәзира Адау қаза болды. Оны пышақтап өлтірді деген күдікпен келіншектің бұрынғы күйеуі ұсталды. Туыстарының айтуынша, әйел бұған дейін күйеуінен қоқан-лоқы мен зорлық-зомбылық көріп жүргенін полицияға бірнеше рет хабарлаған. Қазір осы іске байланысты бұрынғы төрт полиция қызметкерінің әрекеті тергеліп жатыр.

Ал Қазақстанның батысында тұратын Эльвира Еркебаева 20 жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Алайда ақырында полиция оның күйеуін жауапқа тартудың орнына, әйелдің өзінің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Былтыр Еркебаева бұрынғы күйеуін өлтіруді ұйымдастырмақ болды деген айыппен сотқа тартылып, ақталып шықты.

Ұйымның жазуынша, мұндай оқиғалар Қазақстанда аз емес. Кей әйелдер бірнеше рет қорғау нұсқамасын алса да, зорлық-зомбылықтан аман қала алмаған. Human Rights Watch құқық Қазақстан билігіне сөзден іске көшіңіздер деп, халықаралық қауымдастыққа берген уәдесін орындауға шақырды.

Human Rights Watch мәлімдемесінен үзінді:

"Қазақстан заңнамасындағы олқылықтарды жоюы қажет және жауапкершілікті жүктейтін реформа керек. 6 қазанда БҰҰ-ның Әйелді кемсітуді жою комитетінде өткен талқылау кезінде Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде қарастыратын жаңа заңнама қабылдауға уәде берді. Бұл – дер кезінде жасалған мәлімдеме. Енді үкімет сөзден іске көшуі керек".

Биыл 6 қазанда БҰҰ-ның Әйелді кемсітуді жою комитеті Қазақстанның осы саладағы міндеттемелерін қалай орындап жатқанын талқылады. Комитет мүшесі Елгун Сафаров елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғауға байланысты бірқатар мәселе әлі шешілмегенін айтты.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңда жеке қылмыс деп қарастырылмаған. Ал зорлау қылмысының анықтамасы халықаралық стандарттарға сай емес. Халықаралық стандарттар бойынша, адамның келісімінсіз жыныстық қатынасқа түсу зорлау деп танылуы керек. Кемсітуге қарсы арнайы заң әлі қабылданбаған. Сонымен қатар әйелдердің әділдікке қол жеткізуіне кедергі көп. БҰҰ комитетінің №33 ұсынымында әр адамның сот әділдігіне жүгініп, өз құқығын қорғай алуы теңдікті қамтамасыз етудің маңызды шарты екені айтылған. Жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер тергеу кезінде де қысымға тап болады. Мысалы, оларды болған оқиғаны қайта көрсетуге мәжбүрлейді, болған жағдайға өзін кінәлі етіп көрсетеді немесе қоғам оларды шеттетеді" деді Елгун Сафаров.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митинг. Алматы, 26 қараша, 2023 жыл (Азаттық архивіндегі фото)
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы рұқсат етілген митинг. Алматы, 26 қараша, 2023 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Қазақстанның ресми делегациясы БҰҰ комитетінің сынына жауап берді. Ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов елде кемсітуге қарсы кешенді заң әзірленіп жатқанын айтты. Жұмыс тобы жеті рет жиналған, ал құжат қазір үкіметте талқыланып жатыр. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамада жеке қылмыс құрамы жоқ екенін делегация өкілдері мойындады.

Алайда билік мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік Қылмыстық кодекстің басқа баптарында қарастырылғанын алға тартты. Құрылтай депутаты әрі Қазақстанның Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілі Снежанна Имашева осы нормаларға енгізілген өзгерістерді былай түсіндірді:

Снежанна Имашева
Снежанна Имашева

– Заңнамада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған жеке бап жоқ екені рас. Бірақ Қылмыстық кодекстің құрылымы мен заңды қолдану тәжірибесіне қарасақ, біз бұл мәселені заң арқылы реттеуге тырыстық. Депутат ретінде мен де осыған қатысты түзетулерді бірнеше рет ұсындым. Жалпы заңда тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстарға қатысты ережелер бар. Мысалы, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы баптарда жәбірленушінің зорлық жасаған адамға тәуелді болғаны ескеріледі. Бұл тек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ғана емес, адамның материалдық, психологиялық немесе экономикалық жағынан тәуелді болатын басқа жағдайларына да қатысты. Бұдан бөлек, Жоғарғы соттың осы нормаларды қалай қолдану керегін түсіндіретін нормативтік қаулысы бар. Сондықтан заңда "тұрмыстық зорлық-зомбылық" деген жеке бап болмаса да, мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік басқа баптарда қарастырылған. Бұл нормалар тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдатуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 2024 жылы заңдарға әйелдер мен балаларды қорғауға байланысты өзгерістер енгізіліп, ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыс деп танылды. Қазақстан делегациясы заң өзгергенінен оң нәтиже бар деп мәлімдеді. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2024 жылы полицияға отбасындағы зорлық-зомбылық туралы шамамен 100 мың хабарлама түскен. 72 мың қорғау нұсқамасы беріліп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесетін 69 дағдарыс орталығы жұмыс істеген.

"Әкімшілік жазадан тайсалмайды". Құқыққорғаушымен сұхбат

Азаттыққа сұхбатында Қазақстандағы Human Rights Lawers қоғамдық қорының жетекшісі, заңгер Ләззат Рақышева кейінгі кезде қорға жәрдем сұрап жүгінетіндер бұрынғыдан азайғанымен, ондай хат жазатындар сиремегенін айтты.

Азаттық: Ләззат ханым, Қазақстанда осыдан екі жыл бұрын ғана көпшілік арасында "Салтанат заңы" аталып кеткен, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы заң қабылданғаны баршаға мәлім. Сол заң ештеңе шешпеді ме? Неліктен халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан үкіметін сөзден іске көшуге шақырып мәлімдеме жасап отыр?

Ләззат Рақышева: Заң өзгеріп жатыр, шынымен де өзгеріс көп. Мысалы, 10 жыл бұрын болмаған отбасын қолдау орталықтары ашылды, қазір тегін психологиялық, заңгерлік көмек көрсететін 160 орталығымыз бар. Бұл адамдардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыс жасалып жатқанын білдіреді.

Қателік қай жерден кетіп жатыр? Менің ойымша, заң өзгергенімен, соны жүргізетін тәжірибелі, мықты, өз жұмысын білетін білікті мамандар аз. Мысалы, жәбірленушіден арыз түссе, соны уақытында қабылдап, жұмыс жасау керек. Кейбір кезде бізде, өкінішке қарай, резонанс болғанда ғана қимылдайтын қызметкерлеріміз бар. Ал енді абьюзерлер, тирандар 15-50 күн әкімшілік қамаудан қорықпайды. Сондықтан заңды күшейту керек деп санаймын. Негізі, осы тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызып, заңға енгізген жөн.

Азаттық: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ең үлкен проблема қайсысы: заңның әлсіздігі ме, жоқ осы заңның орындалуын бақылайтын құқық қорғау жүйесінің жұмысы ма, әлде қоғамның зорлық-зомбылықты бір қалыпты құбылыс ретінде қабылдауы ма?

Ләззат Рақышева: Практик ретінде айтар болсам, қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық болып жатса да үндемей қалатын адамдар бар. Біз азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында екі жыл жұмыс істеп жатырмыз. Мәдениет министрлігінің арнайы жобасы бар, соның үйлестірушісімін. Біз өңірлерге барып, сауалнама жүргіздік. Соның қорытындысына қарағанда, оған қатысушылардың 70 пайызы өзінің қандай құқықтары барын білсе, 30 пайызы әлі күнге дейін орталықтар барын білмейді немесе құқық қорғау органдарына сенбейді. "Мен оларға барғанмен бәрібір ештеңе істемейді, уақытым босқа кетеді. Одан да үндемей-ақ қояйын, осылай жүре берейін" деп, 15-20 жыл бойы зорлық-зомбылық көрсе де көндігіп жүрген әйелдер бар.

Тағы бір нәрсе – олардың экономикалық жағынан тәуелділігі. Мысалы, әйел әлгіндей жапа шегіп, шыдамы шегіне жетсе де, "Бәрібір барар жерім жоқ, қайда барамын? Балаларымды әкесіз өсірмейін" дейді. Және де қазақы менталитетімізге де байланысты: "Ұят болады. Ертең туыстар не дейді? Ертең баланың өміріне қалай әсер етеді, әкесіз қалай өседі? Көнемін" дейді.

Сосын көбінесе ауылдық жерлерде прокуратура болсын, полиция қызметкерлері болсын: "Қоя салсаңдаршы, ертең туыстардың алдында ұят емес пе, ойланыңдар" деп, өзі әзер келген ананы жарты жолдан қайтарып жібереді немесе үлкендерді ортаға салып, "үндемей-ақ қойсын, ұят болады" деген сөзбен аяғына жеткізбей қалдыратындар бар. Бірақ, өкінішке қарай, олар мұның артында ауыр қылмыс тұрғанын білмейді.

Мысалы, бүгін бізде бір әйел бостандыққа шықты. Ол 13 жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз ашпаған: күйеуі оны да, балаларын да ұрып-соғып, күн бермеген. Сондай бір кезде күйеуі оны тұншықтырып өлтіргелі жатқанда, ол әйел баласын, өзін қорғаймын деп, күйеуіне абайсызда пышақ тығып алған.

Сондықтан мұның түбін тоқтатпаса, не жәбірленуші қылмыс жасайды, не болмаса абьюзер қылмыс жасайды. Оның арты үлкен, ауыр қылмысқа әкеліп соғады. Ал одан айналып келгенде сол баяғы балалары зардап шегеді.

Азаттық: Құқық қорғаушы ретінде қолыңызда қандай да бір деректер бар ма? Мысалы, Ішкі істер министрлігінің я Бас прокуратураның осы жәбірленушілерге байланысты: "жылына пәленше адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады, пәленшесі түрлі деңгейде жарақат алып, мүгедек болып қалады" деген сияқты статистикасы жүргізіле ме?

Ләззат Рақышева: Бізде жыл сайын "Зорлық-зомбылықсыз 16 күн" атты акция өтеді. Сол кезде Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар Астанада үлкен жиын өткізеді. Сол кезде әлгіндей жылдық статистика жарияланады.

Бірақ мен ол статистикаға келіспеймін, сене алмаймын. Себебі ол статистиканы жүргізетін сол органның өзі ғой: оны азайтуы да, көбейтуі де мүмкін. Мысалы, былтырғы жиналыста естігенім бойынша, көбіне 70% жағдайда әйелдер өздері кешірім береді екен, біз татуластық деп.

Ал қазір ондай кешірім деген жоқ. Бұрын әйел өзі арыз жазбаса, арыз қабылданбайтын. Ал жаңа заң бойынша, әлімжеттікті біреу көріп, айтса болды, арыз қабылдана береді. Бұрынғыдай әйелдің, яғни жәбірленушінің ғана арызына қарап отырмайды. Сондықтан тіркелгені бар, тіркелмейтіні бар, ондай оқиғалардың нақты санын тап басып айта алмаймын. Себебі, жаңа айтқанымдай, кейбір кезде өтінішін қабылдамай қояды не болмаса "Ұят болады" деп үндемей қалатын адам өте көп.

Азаттық: 2024 жылы сізге келетін хаттардың негізінде Азаттық радиосында көлемді мақала жариялағанбыз. Сол мақалада сіз 8 айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 5000-нан астам хат алғаныңызды айтқан едіңіз. Әлі де сондай көлемде хат келе ме сізге?

Ләззат Рақышева: Сол кезде 5 мың болса, қазір 2,5 мың. Біздің қоғамдық қордың, яғни Ләззатқа келген хаттардың статистикасын айтатын болсам: бұрын 5000 хат болса, биыл 9 айдың ішінде 2660 хат болды.

Азаттық: Екі еседей азайған болып тұр ғой сонда?

Ләззат Рақышева: Иә.

Азаттық: Бұл қоғамның көзінің ашылғанының жемісі ме, әлде қабылданған заңдардың жұмысының нәтижесі ме?

Ләззат Рақышева: Қазір заң өзгерді, жауапкершілік қатайды. Адамдар қазір әлеуметтік желіде ондай жағдайларды ашық айтатын болды. Бір жағдай болса, полицияға хабарласа алмаса да, ешкімнен қорықпай, "Мені ұрды-соқты" деп әлеуметтік желіде жазады. Сосын адамдар оған: "Сен 111 телефон нөміріне хабарлас, мына жаққа хабарлас" деп жөн сілтейді.

Мұның бәрі елде отбасын қолдау орталықтары ашылып, нақты тақырыпта түрлі семинарлар өткізіліп жатқанының нәтижесі деп білемін, мен соны көріп отырмын. Соның бәрі әсер етіп отыр деп санаймын. Қазір жағдай 10 жыл бұрынғыдай емес, басқаша.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG