Accessibility links

Алғашқы Құрылтайды сайлауды 777 шетелдік байқаушы қадағаламақ

Сайлау учаскесіндегі дауыс беретін кабина мен бюллетень салатын жәшік (Азаттық архивіндегі сурет)
Сайлау учаскесіндегі дауыс беретін кабина мен бюллетень салатын жәшік (Азаттық архивіндегі сурет)

Қазақстанның жаңа бір палаталы парламенті – Құрылтайға депутат сайлаудың барысын шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың 777 өкілі бақылайды. Бұл туралы 18 тамызда Орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

ОСК мәліметінше, 42 мемлекеттен және 13 халықаралық ұйымнан байқаушылар тіркелген. Олардың қатарында ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ТМД парламентаралық ассамблеясының өкілдері, сондай-ақ 41 елден келетін 138 парламент депутаты бар.

Қазақстанда биыл шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сай, бұрынғы екі палаталы парламенттің орнына келетін жаңа бір палаталы заң шығарушы жоғарғы мемлекеттік орган Құрылтайға депутаттар сайлау 23 тамызға белгіленген. Құрылтайдағы 145 орын үшін елдегі ресми тіркелген жеті саяси партиядан жиынтығы 545 кандидат бәсеке жарыстырып жатыр. Құрылтай депутаты партиялық тізімдер бойынша ғана сайланады; бұрынғыдай өзін-өзі ұсыну болмайды.

Қазақстандық тәуелсіз байқаушылардың кейбірі бұл жолғы саяси науқанды бақылауға қатыспайды. Шілде айында "Еркіндік қанаты" қоғамдық қоры кейінгі он жылда алғаш рет сайлауды бақылаудан бас тартты. Қор бұл ұйғарымын елде саяси реформалардың қысқарғанына, азаматтық қоғамға қысым күшейгеніне және қызметкерлері мен еріктілерге төнетін қауіп-қатерге байланысты деп түсіндірді. Бұған қоса ұйым қазіргі кезде сайлау учаскелеріндегі жағдай іс жүзінде тәуелсіз байқаушылардың мүмкіндіктерін шектейді деп мәлімдеді.

Алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға дауыс беруге санаулы күн қалғанда сайлауға дайындықтың барысын бақылап отырған ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы Қазақстанда саяси бәсекелестік, БАҚ плюрализмі және өзін-өзі цензуралауға байланысты проблемалар барын атап өткен.

Айдар
XS
SM
MD
LG