Accessibility links

Алматыдағы сотта журналист Гүлнәр Бажкенова тағылған айыптарды мойындамады

Журналист Гүлнәр Бажкенова
Журналист Гүлнәр Бажкенова

Алматы қаласының Бостандық аудандық №2 сотында өтіп жатқан процесте Orda.kz онлайн-басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова өзіне тағылған айыпқа келіспейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Vlast.kz басылымы жазды.

Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 214-бабы ("Заңсыз кәсіпкерлік"), 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") және 189-бабы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi қылмыстық топпен немесе аса ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша айыптар тағылған.

274-бап бойынша айып тағуға Orda.kz сайтында жарияланған сегіз материал себеп болған. Айыптау эпизодтарының бірі Алматы қаласы прокурорының бұрынғы орынбасары, қазір Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нұрлан Ауғанбаевқа қатысты жарияланған мақалаға байланысты. 2024 жылдың мамырында Orda.kz сайтында Ауғанбаевтың пара алды деген күдікпен ұсталғаны жөнінде мақала жарияланған. Сол күні Алматы прокуратурасы бұл ақпаратты жоққа шығарып, ресми мәлімдеме жасаған.

Сотта Бажкенова өзі басқарған редакция жариялаған материалдарды "көрінеу жалған ақпарат тарату" деуге еш негіз жоғын айтып, журналистер қоғам үшін маңызды ақпаратты тексеруге тырысты және ресми органдардан жауап алғаннан кейін де оқиғаның өзін – жаппай хабарлама таралғанын – жариялау міндетімізге жатады деп мәлімдеген.

Ол редакцияға "Ауғанбаев пара алмақ болғанда ұсталған" деген хат түскенін, журналистер ол бойынша бірден Бас прокуратура мен Алматы прокуратурасына ресми сауал жолдап, кейінгі жарияланған материалда ол ақпараттың жалған екенін көрсеткенін айтқан.

Ауғанбаев сот отырысына қатысқан жоқ. Сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауабында ол прокуратура ресми түрде жоққа шығарғанына қарамастан Orda.kz әлгі ақпаратты түрлі платформада таратқанын, сөйтіп ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін мәлімдеген.

Бажкенованың сөзінше, журналистер тіпті ресми органдардан жоққа шығарған жауап алғаннан кейін де билік өкілінің ұсталғаны жайлы хат жаппай таралғанын елеусіз қалдыра алмаған.

"Маған оның ұсталмағаны жайлы хатты алсаң да неге (ұсталған-мыс деген хабарды) жарияладың деп сұрақ қоятын шығарсыз. Біз қоғам үшін жұмыс істейміз, ол (Ауғанбаев) туралы жаппай таралған ақпараттың өзі – қоғам үшін маңызды факт. Біз сұрау салып, ресми жауап алдық және осы жайттың бәрін жариялауға тиіспіз", – деп түсіндірді ол сотта.

Бажкенова "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша өзіне тағылған өзге айыптарға да келіспей, өзінің кінәсі жоқ екенін айтып отыр.

Полицияның мәліметінше, Гүлнәр Бажкенованың үстінен қылмыстық істер азаматтар жазған арыздар бойынша қозғалған. Іс материалдарында 11 адам жәбірленуші ретінде көрсетілген. Олардың арасында OrdaMedia.kz ЖШС директоры Мақсат Ғаниев, "Қазақстан темір жолы", "ҚазМұнайГаз" және басқа ұйымдардың өкілдері бар.

2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отырған Гүлнәр Бажкенова сот процесі басталар алдында Гүлнәр Бажкенова өзін қорғауды сұрап бес адвокатқа өтініш жасағанын, алайда олардың ешқайсысы келіспегенін айтқан. Кейін сот оған Алматы қалалық адвокаттар алқасы арқылы қорғаушы тағайындады.

Гүлнәр Бажкенова 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отыр.

Айдар
XS
SM
MD
LG