Accessibility links

Халқы жоқшылық зардабын тартқан Түркіменстанда ұрлық-қарлық көбейген


Су құйылған бөтелкелер арқалап бара жатқан бала. Көрнекі сурет.
Су құйылған бөтелкелер арқалап бара жатқан бала. Көрнекі сурет.

Түркіменстанды кедейлік жайлап, ұрлық-қарлық көбейіп кетті дейді тұрғындар. Елде жоқшылық салдарынан балалардың дүкенге ұрлыққа түсетіні, мешіттен аяқкиім мен әмияндар қолды болатыны жайлы хабарлар жиілеген.

Түркіменбашы қаласының халқы намаз кезінде мешіттен аяқкиім, әмиян, ұялы телефондар ұрланғанын хабарлады.

Ұрлық намаз бен уағыз кезінде жасалды дейді Азаттықтың Түркімен қызметіне жергілікті тұрғындардың бірі. Оның айтуынша, оқиға болған 6 қаңтарда пальтосының қалтасындағы ақшаны әлдекім ұрлап алған.

Мешітте болған тағы бір адамның аяқкиімі қолды болған. "Жалғыз аяқкиімім еді" дейді ол.

Оқшау өмір сүретін авторитар елде кейінгі кезде осыған ұқсас оқиғалар көбейіп кеткен. Түркімендер қылмыстың өршуін дағдарыстың күшеюімен байланыстырады.

Азаттық радиосы Түркіменбашы қаласы орналасқан Балқан уәлаятының полиция басқармасына хабарласып, жауап ала алмады. Полиция қызметкерлерінің бірі мұндай қылмыстар басқа мешіттерде де тіркелгенін айтып, аты-жөнін атамауды өтінді.

Түркіменстан билігі қылмыс деңгейі туралы ақпарат жарияламайды, Азаттыққа да ресми ақпарат берген жоқ. Бұл журналистердің бейресми деректер мен оқиға орнындағы деректерге жүгінуіне тура келетінін білдіреді. Мемлекетте тәуелсіз баспасөз құралдарының жұмысына тайым салынып, әлеуметтік желілер бұғатталғандықтан, ондағы өмірдің шынайы көрінісін білу қиын.

Балқанабаттағы полиция қызметкері ұрлық оқиғалары қаңтардың алғашқы аптасында болды деді. Қудалауға түсуден қауіптенген ол аты-жөнін атамауды өтінді. Ол ұрлық көбейді деген сөзді растады.

Полиция қызметкерінің айтуынша, Балқанабатта жалғыз жүрген әйелдің телефоны мен сөмкесін ұрлау жиілеген. Мұндай оқиғалардың көбі тапа-тал түсте болған дейді ол.

Азаттықпен сөйлескен тұрғындардың, куәгерлер мен жапа шеккендердің сөзінше, мемлекетте ұрлық пен тонау оқиғалары жайлы расталмаған хабар-ошар көбейген. Оның ішінде балалардың дүкен мен базарға ұрлыққа түсіп, ауылды жерде малдың қолды болғаны туралы шағым жиі айтылған.

Түркімендердің көбі мұны табиғи газ қорына бай мемлекетті кедейлік жайлап бара жатқанымен байланыстырады. Қылмыстың өршуіне полициядағы жемқорлық та әсер етті дейтіндер де бар.

Түркіменстан мемлекеттік ақпарат құралдары тек гүлденген, бақытты әрі бай-қуатты өмірді көрсетеді.
Түркіменстан мемлекеттік ақпарат құралдары тек гүлденген, бақытты әрі бай-қуатты өмірді көрсетеді.

Кейінгі он жылда Түркіменстанның экономикалық жағдайы қиындаған. Мемлекетте еңбекақы мөлшері мардымсыз, жұмыссыздық жайлап, азық-түлік тапшылығы қатты сезіліп, тауарлардың қымбаттауы жұрттың көбінің экономикалық жағдайын нашарлатып отыр.

Мары уәлаятындағы Байрамали қаласында супермаркет ұстайтын адам дүкеніне ұрлыққа түсіп жүрген балалардың ауыр жағдайын түсінетінін айтады.

Азаттыққа аты-жөнін атағысы келмеген кәсіпкер 2022 жылғы қазанда "тозығы жеткен, жыртық киім киген кішкентай ұл дүкен жабылар алдында кіріп, печенье алды да, тұра қашты" дейді.

Ол баланың соңынан жүгіріп, ұстап алған. "Бала үйінде інісі мен қарындасы барын, жейтін ештеңе жоғын айтты. Печеньені соларға апара жатыр екен" дейді дүкен иесі.

Ол балалардың әкесі еңбек мигранты ретінде шетелге кетіп, бірнеше жыл бойы отбасымен хабарласпағанын, ал анасының кешкі жұмыс істейтінін, тапқан-таянғаны күнкөріске әрең жететінін білген. Елде шетелге кеткен еңбек мигранттары туралы ресми статистика жоқ, бірақ олардың саны жүз мыңдап саналатыны, көбінің Түркияда жұмыс істейтіні айтылады.

Дүкен иесі ұрлық оқиғасы туралы полицияға хабарламай, көмекшісіне ұлды отбасына апаруды тапсырып, аздаған азық-түлік беріп жіберген.

Түркіменстанда азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар. Архивтегі фото
Түркіменстанда азық-түлік дүкені алдында кезекте тұрған адамдар. Архивтегі фото

Түркімендердің көбі биліктің әлеуметтік осал топтарға арналған тиімді жүйесі жоқ екенін айтады. Олар билікті кедейлікпен, жұмыссыздықпен күресе алмайды деп кінәлайды. Бұл жағдай кейінгі он жылда миллиондаған түркіменнің елден кетуіне ықпал еткен.

Лебап уәлаятының орталығы, елдің шығысындағы Түркіменабат қаласының тұрғындары малы мен тұрмыс техникасы ұрланғанын айтқан.

1 қаңтардың өзінде Түркіменабаттағы үш шаруашылық мал ұрланғанын хабарлаған деді жапа шеккендердің бірі Азаттыққа. Ұрылар Әмудария өзені жағасындағы үйлерге кіріп, сиыр, қой-ешкіні қолды қылған.

Полиция мұндай істерді қарастыру үшін қолы бос емесін айтып, әрекет етуден бас тартып отыр дейді ол. "Олар мұндай проблемалармен айналысатын уақытымыз жоқ, жұмысымыз онсыз да көп" деп шығарып салады" деді Түркіменабат тұрғыны Азаттыққа. Ол жапа шеккендер пара бергеннен кейін ғана полиция тергеу бастағанын айтты.

Азаттық радиосы Түркіменабат полиция департаментімен байланысып, сұрастырып көргенімен олардан ешқандай жауап ала алмады.

Түркіменстан билігі елде проблема жоқ дейді. Мемлекеттік баспасөз құралдары тек гүлденген, бақытты әрі бай-қуатты өмірді көрсетеді.

Материалды жазуға Азаттықтың Түркімен қызметі атсалысты

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG