Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдегі мұнай өңдеу инфрақұрылымы нысандарына Қазақстаннан дрондар ұшырылған деген хабарларды "негізсіз жалған ақпарат" деп атады. Мұны министрліктің редакция сауалына берген жауабына сүйеніп Tengrinews.kz сайты жазды.
"Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі бұл айыптаулардың шындыққа жанаспайтынын және оларды растайтын ешқандай деректер немесе фактілер жоғын жауапкершілікпен мәлімдейді. Біз мұндай жарияланымдарды кешенді стратегиялық серіктестік пен одақ рухында табысты дамып келе жатқан Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының дәстүрлі достық сипатын бұрмалауды көздеген негізсіз жалған ақпарат деп санаймыз", — деген министрліктің жауабын келтірген басылым.
Бұған қоса сыртқы істер мекемесі Қазақстан теңгерімді және жауапты сыртқы саясат жүргізетінін, халықаралық міндеттемелерін сақтайтынын және өзге мемлекеттердің ішкі істеріне араласпайтынын атап көрсеткен.
"Қазақстан Республикасы өз аумағын, әуе кеңістігін және инфрақұрылымын басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін пайдалануға болмайды деген ұстанымда", — деп жазған министрлік.
Осы аптаның басында Ресейдің Қазақстанмен шектесетін Омбы облысында болған дрон шабуылдарынан кейін Ресей басылымдарында бұл шабуылдарға Қазақстанның қатысы жайлы долбарлар тараған еді. Ондай хабарламалардың авторлары дрон шабуылына ұшыраған аймақтың географиялық жағынан Қазақстанға жақын орналасқанын өз долбарына негіз ретінде келтірген.
6 шілде күні әуеден жасалған шабуылдар салдарынан Ресейдегі мұнай өңдейтін ең ірі кәсіпорын – Омбы зауыты зақымдалып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Reuters агенттігінің дерегінше, зауыттағы екі бастапқы мұнай өңдеу қондырғысы істен шыққан.
Омбы мұнай өңдеу зауыты бензин мен дизель отынын Санкт-Петербург тауар биржасы арқылы көтерме сауда алаңында сатуды тоқтатты.