Париж магистраты 2018 жылы қаза тапқан саудиялық журналист Жамал Хашоггидің ісі бойынша Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманға қарсы берілген арыз негізінде тергеу жүргізеді. Бұл туралы AFP агенттігі дереккөздерге сүйеніп хабарлады.
Арызды 2022 жылы "Араб әлеміне қазір демократия үшін" (DAWN) және Trial International адам құқықтарын қорғау ұйымдары түсірген. Кейінірек оларға "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) ұйымы да қосылды.
AFP мәліметінше, Хашоггидің азапталуы мен күштеп жоғалуы туралы шағымды Францияның Ұлттық терроризмге қарсы прокуратурасы тергеп жатыр. Бұған дейін француз прокуратурасы іс қозғауға қарсы болған.
"Жамал Хашукжи (журналистің сойын жазғанда кездесетін түрлі нұсқалардың бірі - Азаттық) құрбанына айналған бұл қылмыс – Сауд мемлекетінің ең жоғары деңгейінде жоспарланып, ұйымдастырылған жиіркенішті қылмыс", – деп мәлімдеген "Шекарасыз тілшілер" ұйымының адвокаты Эммануэль Дауд.
Кейінгі жылдары АҚШ-та тұрған және Сауд Арабиясы билігін сынайтын мақалалар жазған Жамал Хашогги 2018 жылғы 2 қазанда Сауд Арабиясының Стамбұлдағы консулдығында өлтірілген. Түркия билігі журналисті өлтіруге саудиялық 15 агенттің қатысы болған деп мәлімдеген.
Эр-Рияд кісі өлтіруді журналисті елге қайтаруды көздеген арнаулы операция барысындағы "қателік" деп түсіндірді. Саудия соты осы іс бойынша айып тағылған бес адамды 20 жылға бостандығынан айырған, бастапқыда олар өлім жазасына кесілген еді.
2021 жылы АҚШ барлау қызметі Жамал Хашоггиді ұстау немесе өлтіру жоспарын Саудия ханзадасы Мұхаммед бин Салман жеке өзі мақұлдаған деген қорытынды жариялады. Ал Эр-Рияд бұл қылмысқа ханзаданың қатысы жоғын айтып келеді.
2025 жылғы қараша айында АҚШ президенті Дональд Трамп тақ мұрагерін қорғай сөйлеп, Хашогги өлімінен ханзада бейхабар болған деп айтты. Ақ үйде болған кезде Мұхаммед бин Салман бұл кісі өлтіру оқиғасын "үлкен қателік" деп атады.