Accessibility links

"Халқын қолдауға келген әйел". Минск оппозиция шеруіне қатысқан Швейцария азаматын түрмеге жапты


Belarus - Trial on Natallia Hersche was arrested after women anti-Lukashenka's protest 20 september, 3Dec2020
Belarus - Trial on Natallia Hersche was arrested after women anti-Lukashenka's protest 20 september, 3Dec2020

Кейінгі 12 жыл Швейцарияда тұрған Беларусь тумасы Наталья Херше Александр Лукашенкоға қарсы наразылық басталғанда Минскіге барып, шерушілер қатарына қосылған. Билік оны қамауға алып, ұстау кезінде қарсылық көрсетті деп соттап отыр.

Беларусьте 9 тамыздағы президент сайлауынан кейін билікке қарсы наразылық шерулерінің легі тоқтамай тұр. Елдің бірнеше қаласында Лукашенконың отставкаға кетуін талап еткен ірі қарсылық акциялары өтті. Минскіге мұндай акциялар осы күнге дейін өтіп келеді. Лукашенко режимі мұндай табанды қарсылық күшпен басып, ондаған мың адамды тұтқындады, абақтыға түскендері аяусыз соққыға жықты, бірнеше адам қаза тапты.

Адамды жабырқататын бұл статистикаға енді бұл статистикаға қос азаматтығы бар Наталья Херше де еніп отыр. Ол – Швейцарияның да, Беларусьтің де азаматы.

7 желтоқсанда Минск соты Хершені қыркүйекте өткен митингіде өзін тұтқындау кезінде қарсылық танытты және арнайы жасақ сарбазының бетпердесін сыпырып алды деп айыптап, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бірақ полиция арнайы жасағы сарбазының бетпердесін сыпырып алу айыбына ешқандай айғақ келтірілмеді.

Сот үкімі Хершенің күйеуі Роберт Штеели мен Беларусьтегі өзге наразылық танытушылардың қарсылығын тудырды. Штеели Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында сот үкімін "жиіркенішті" деп атады. Оның пікірінше, үкім халықты үрейлендіріп, наразыларды басуды көздейді.

Наталья Хершенің күйеуі Роберт Штеели.
Наталья Хершенің күйеуі Роберт Штеели.

"Бұл өзгелерді тіпті қарсыласамын деп ойлаушы болма деген ескерту деп қана санаймын", деді Швейцарияда тұратын Штеели 8 желтоқсанда Skype арқылы берген сұқбатында.

51 жастағы Херше сотта сөйлеген соңғы сөзінде айыбын мойындамады.

"Мен Еуропада демократиялық елде өмір сүріп жатырмын. Мұнда сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігі конституцияда айқындалған және ол сөзсіз сақталады. Мұнда полиция бетперде киіп жүзін жасырмайды, азаматтарын қорғайды. Мұндай жағдай еркін Беларусьте де орнайды деп үміттенемін", деді Херше.

"ДӘЛЕЛДЕНБЕГЕН АЙЫП"

Сот Хершені бас бостандығынан айырудан бөлек оған "жапа шектім" деп талап шағым түсірген арнайы жасақ жасағының қызметкеріне 1000 беларусь рублін (390 доллар) төлеуге міндеттеді.

Херше 19 қыркүйекте Минскіде әйелдер маршына қатысып, ұсталғаннан бері қамауда отыр.

Ол Киевтің орталығында өзін тұтқындап, полиция көлігіне итеріп кіргізу кезінде ОМОН қызметкерінің бетпердесін сыпырып алды деп айыпталып отыр. Оқиға орнынан түсірілген видео бұл айыпты растай қоймайды және беларусьтік белсенділер Хершенің өзін тұтқындау кезінде қарсылық көрсеткеніне айғақ боларлық еш сурет жоқ деп санайды.

Штеели әйелі полицияның өзін алып кетерден бұрын тұтқындалғаны туралы ұялы телефонмен хабарлап үлгергенін айтады. Оның сөзінше, әйелінің тұтқындалғаны кейін оның аты-жөні беларусьтік "Весна" үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) жариялаған тізімде шыққанда расталған. "Весна" ұйымы Беларусьтегі наразылық барысын бақылап, тұтқындалғандардың қайда және не күйде екенін қадағалауға тырысады.

Штеели осыдан кейін әйелінің қал-жағдайынан хабар-ошар болмағанын айтады.

"Осыдан кейін ұзақ уақыт ешнәрсе біле алмай, қиналдым. Бұл уақытта баспасөзде наразылық танытушыларға зорлық-зомбылық көрсетіліп жатқаны туралы, ойша елестете де алмайтын қорқынышты ақпарат көп шығып жатты", дейді Штеели.

Херше әуелде Окрестинадағы тергеу абақтысына жабылған. Бұл жерде күзетшілердің тұтқындарға қатыгездік танытатыны анықталып, бұл абақты десе азаптау қатар аталатын. Кейін белсендіні Минскіден солтүстік-шығысқа қарай орналасқан Ждино қаласындағы мекемеге ауыстырған.

"Қазір ол Минскіде, бірақ нақты қай жерінде екенін білмейміз. Оның қайда апарылғанын бақылап отыруымыз керек. Онымен сөйлесуге мүмкіндік жоқ, сондықтан менде ол жайында мәлімет жоқ. Оны сіздер сияқты БАҚ-тан ғана біле аламын", деді Штеели Азаттыққа. Оның айтуынша, әйелінен алғашқы хат тұтқынға түскеннен 40 күн өткенде жеткен. Ол хаттың қатаң тексерілгенін ұқса да, әйелінің "халі дұрыс" екенін сезген.

Ұрып-соғу және азаптау. Беларусьтегі қарсылық шеруінде қамауға алынғандардың әңгімесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:47 0:00

Штеелидің түрмедегі әйелімен тілдесуге тыйым салынған. Оның сөзінше, әйелінің ағасына да онымен жүздесуге рұқсат жоқ.

"Онымен адвокат пен Швейцария сыртқы істер министрлігінің өкілі ғана жолыға алады. Енді [үкім шыққан соң] бұл жағдай өзгереді деп ойлаймын. Бірақ қалай өзгеретінін айта алмаймын. Бұл түрме қызмет көрсететін түрме емес" деді ол.

Сотқа қатысқан Швейцария елшісі Клод Альтерматт Хершеге консулдық қолдау көрсетіле беретінін айтты.

"Біз сот шешіміне қынжыламыз. Біз үшін Натальяның Беларусь азаматы болғаны рөл ойнамайды, біз оған өз азаматымыз ретінде қараймыз", деді Альтерматт.

"ОЛ БЕЛАРУСЬКЕ БАРМАЙ ТҰРА АЛМАДЫ"

Қазан айында Швейцария депутаттары Беларусь билігіне Наталья Хершені дереу босатуды талап етіп хат жолдаған. Олар Хершенің тұтқындалып, түрмеге жабылуын "жосықсыз және саяси астары бар шешім" деп атаған.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары 4 желтоқсанда Беларусьте адам құқықтарының жай-күйі бейбіт жиындарға келгенде мейлінше нашарлап бара жатқанын мәлімдеді. Ол Беларусьте 9 тамыздағы даулы президент сайлауынан кейін басталған наразылық акцияларында 27 мыңнан астам адам тұтқындалғанын айтты.

Ақ джинс шалбарын киген Наталья Херше әйелдер шеруінде. Полиция оны осы шеруде ұстаған. Минск, 19 қыркүйек 2020.
Ақ джинс шалбарын киген Наталья Херше әйелдер шеруінде. Полиция оны осы шеруде ұстаған. Минск, 19 қыркүйек 2020.

"Өткен айда демонстрациялар кезінде апта сайын жүздеген адам ұсталып жатты. 8 қарашада 1000-ға жуық, 15 қарашада 700 адам ұсталғаны хабарланды. Күшпен тарату кезінде демонстранттардың жаралануы және тұтқындау кезінде оларға қатыгездік таныту туралы хабарлар әлі жетіп жатыр" деді ол БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жиынында.

Штеели даулы президент сайлауынан соң Беларуське бару қауіпті екенін айтса да, әйелін райынан қайтара алмағанын айтады.

"Бұл идея пайда болғанда оның күш-жігері тасып тұрған. Оның Беларуське баруы керегін түсіндім" деген Штеели әйелінің уәжі айқын болғанын айтады.

Ол Херше Беларуське "Швейцарияда өзіміз өмір сүріп жатқан демократия мен құндылықтарды отанында қорғау үшін барды" дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG