Қазақстанда жалған ақпарат тарату бабы бойынша үшінші журналист үйқамаққа жіберіліп жатқан тұста журналистер қауымдастығы Тоқаевтан жалған ақпарат тарату бабын декриминализациялауды сұрады. Ақпарат министрі журналистке іс қозғалуына реакция білдірді.
21 наурызда бір топ қазақстандық журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәлімдеме жасап, журналист Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауына алуды сұрады. Бұған қоса, жалған ақпарат тарату бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұрады.
“Сізден Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауға алуыңызды және бізді, журналистерді, осындай оқиғалардан қорғауыңызды сұраймыз, себебі Қылмыстық кодекстің 274-бабы көбінесе журналистерге қысым жасау құралы ретінде қолданылады. Конституцияның гаранты ретінде сізден осы бапты декриминализациялау туралы президенттік бастама көтеруіңізді сұраймыз” деді видеомәлімдеме журналистер.
Мәлімдеме авторларының атап өтуінше, Ботагөз Омарованың журналистикада 20 жылдық тәжірибесі бар және “әрдайым өзінің кәсіби міндетін адал атқарып келе жатыр, фактілерді тексеріп, құжаттарды зерттейді, заңнама аясында жұмыс істейді”.
Осы апта соңында Астана полициясының “Көрінеу жалған ақпарат тарату” бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, журналист Ботагөз Омарованың іс аясында күдікті танылғаны хабарланған еді. Іс бір адамның арызы бойынша қозғалған.
"Құқықтық медиа орталықтың" хабарлауынша, журналистке іс қозғалуына «Айтпа, Ботагөз!» телеграм-арнасында жариялаған президенттің ат қорасының құрылысы және мердігердің жұмысшылар алдындағы қарызы туралы мақаласы себеп болған. Алғашында Омарова қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесінде болған, алайда ізінше күдіктіге айналды. Құқық қорғау ұйымының жазуынша, Омарованың үйінде тінту жүргізілген. Ұйым нақты жағдайда полиция "шамадан тыс әрекет жасады" деп санайды.
"Біз полиция мен соттың мұндай әрекеттерін шамадан тыс деп санаймыз. Ботагөз Омарова – Қазақстандағы беделді журналистердің бірі, принципшілдігімен және жоғары кәсібилігімен танымал. Ол ауыр қылмыс жасаған жоқ, тек өз жұмысын сапалы атқарды. Бұл жағдай елдегі медиа қауымдастық үшін үрейлі белгі болып табылады және сөз бостандығының елеулі қауіпке ұшырағанын көрсетеді" деп мәлімдеді құқық қорғау ұйымы 21 наурыз күні.
Әзірге Ақорда журналистердің үндеуіне реакция білдірмеді. Құқық қорғау органдары іс бойынша құрғақ ақпараттан басқа мәлімет жариялаған жоқ.
Ботагөз Омарова – “Жалған ақпарат тарату” бабы бойынша үйқамаққа алынған үшінші журналист. Одан бөлек, қазіргі кезде Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова мен ҚазТАГ бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақта отыр.
"Жалған ақпарат тарату" бабы алғаш рет Қазақстанның Қылмыстық кодексінде 2015 жылы пайда болған. Содан бері аталған бап бойынша көп қазақстандық жауапқа тартылды. Арасында оппозиция белсенділері, тәуелсіз журналистер, блогерлер бар.
Бұған дейін де құқық қорғау ұйымдары ресми Астананы бұл бапты декриминализациялауға шақырған. Мұндай талап халықаралық ұйымдардың есебінде де айтылады.
Қазақстан билігінің басқа саяси астары бар баптар бойынша халықаралық үндеулерге реакция білдірген кезі болған. Мәселен, халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылардың жылдар бойғы мәлімдемелерінен соң 2020 жылы Астана жала жабу бабын қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске алмастырды.
МИНИСТРДІҢ РЕАКЦИЯСЫ
22 наурызда ақпарат министрі Аида Балаева журналист Ботагөз Омароваға іс қозғалуына байланысты реакция білдірді.
Ол “заңда көзделген барлық рәсім” аяқталғанға дейін “асығыс түсіндіру жұмыстарын жасауға, дәлелсіз қорытындылар шығаруға және алдын ала баға беруге” болмайтынын алға тартты.
“Таратылып жатқан ақпараттың дұрыстығын тексеру – «Масс-медиа туралы» ҚР заңында бекітілген журналистердің негізгі міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, заңнамада, атап айтқанда 68-бапта, журналистерді шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар қарастырылған, оның ішінде ресми сөздерді сөзбе-сөз, өзгеріссіз келтірілген болса. Осы сияқты кез-келген мәселелерді қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидатын қатаң сақтау қажет деп есептейміз, өйткені заң баршаға ортақ және оны сақтау барлық азаматтар үшін міндетті” деп жазды мәдениет және ақпарат министрі.
Оның сөзінше, министрлік “жағдайды мұқият бақылап отыр” және “қажет болған жағдайда өз құзыреті аясында шаралар қабылдауға дайын”. Бұған қоса, “барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуы тиіс” деп жазды.
ӘДІЛ СӨЗ: ЖУРНАЛИСТ ЗАҢ БҰЗҒАН ЖОҚ
“Әділ сөз” баспасөз қорғау ұйымы да журналист Ботагөз Омарованың жағдайына алаңдайтынын мәлімдеді. Ұйым 21 наурыз күнгі мәлімдемесінде журналистің ешқандай заңды бұзбағанын атап өткен.
“Журналист «Айтпа, Ботагөз!» Telegram-арнасында жалақысын алмаған жұмысшылардың пікірлерін келтірген. ҚР «Масс-медиа туралы» заңының 68-бабына сәйкес: «БАҚ, сондай-ақ оның бас редакторы (редакторы), журналисі егер олар: (...) өкілді орган депутаттарының, мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды немесе уәкілетті тұлғаларының, жеке және заңды тұлғалардың ресми сөздерін сөзбе-сөз қайта жарияласа, ҚР заңдарына немесе заңды күшіне енген сот актілеріне сәйкес таратуға тыйым салынған немесе өзгеше түрде шектелген ақпаратты таратуды қоспағанда шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершілікке тартылмайды» деп жазылған мәлімдемеде.
“Әділ сөз” құзырлы органдарды істің мән-жайын объективті және жан-жақты тексеруге, Ботагөз Омарованың құқықтары мен процессуалдық нормалардың қатаң сақталуына кепілдік беруге шақырады.
“Қор ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін міндетті түрде төмендегідей үш белгі болуы қажет екенін атап көрсетеді: таратылған ақпарат жалған болуы тиіс; осы ақпаратты таратқан тұлға оның жалған екенін нақты білуі және соған қарамастан әдейі таратуы тиіс (яғни, қасақана белгісі); жалған ақпаратты тарату нәтижесінде елеулі зиян келтірілуі тиіс. Қалған барлық жағдайлар әкімшілік немесе азаматтық заңнама шеңберінде қаралуы тиіс” деп мәлімдеді.
Осы аптада "Құқықтық медиа орталығы" мәлімдеме таратып, Қазақстанда журналистерге бұрын-соңды болмаған дәрежеде қысым үдегенін мәлімдеген еді.
“Болып жатқан жағдайлар мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөз бостандығын қамтамасыз ету, ақпарат тарату құқығын қорғау және жаңа Конституция қабылдау арқылы заңнаманы демократияландыру қажеттігі туралы мәлімдемелері аясында ерекше алаңдатарлық сипатқа ие. Біз бұл жағдайды өзін демократиялық мемлекет ретінде жариялайтын Қазақстан үшін жол берілмейтін құбылыс деп санаймыз және жағдайды жан-жақты тексеріп, журналистерді қудалауды тоқтатуға шақырамыз” деп жазылған Құқықтық медиа орталығы ұйымы 19 наурыз күнгі мәлімдемесінде.
Желтоқсан айының басында халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігі кейінгі апталарда тәуелсіз журналистер мен баспасөз құралдарына қысым көрсетіп жатыр деп мәлімдеп, ел билігіне үндеу жолдап, мұны тоқтатуға шақырған еді.
Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Human Rights Watch ұйымы 2026 жылға әлемдік есебінде Қазақстан билігі "тәуелсіз журналистерді сыни материалдары үшін қудалауды жалғастырды" деп жазған. Ұйым былтыр сәуірде тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияровтың "көрінеу жалған ақпарат тарату" ісі бойынша бірнеше сағатқа ұсталғанын, ал QazNews24 сатиралық паблигі авторы Темірлан Еңсебектің "ұлт араздығын қоздырғаны үшін" бес жылға бостандығы шектелгенін мысал ретінде келтірген.
Дегенмен Қазақстан билігі елде сөз еркіндігіне қысым жоқ дейді. 2024 жылғы қарашада ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева "Шекарасыз тілшілер" ұйымы рейтингіндегі Қазақстанның орны жөнінде журналист сұрағына елде сөз еркіндігі шектелмейді және оған байланысты ешқандай проблема жоқ деп жауап берген.