Human Rights Watch (HRW) халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы 4 ақпанда жарияланған жылдық есебінде Қазақстанда адамдардың еркіндігі "қатаң шектеледі" деген тұжырым жасаған. Есепті әзірлегенге ұйым қандай дәйектерге сүйенді? Қазақстан билігі кейінгі бір жыл ішінде осындай сын-пікірлерді елеп-ескеріп, диалог орнатты ма? Орталық Азия мен әлемдегі адам құқығы мәселесі қандай күйде? Азаттық ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманмен сұхбаттасты.
Азаттық: Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан билігінен Қаңтар оқиғасына қатысты адам құқықтарының тапталуын ашық тергеуге шақырып келеді. Президент Тоқаев жақында берген сұхбатында "Қаңтар оқиғасына қатысты тергеулер азаматтық қоғаммен бірге жүзеге асты, толық картина белгілі болды" деді. HRW есебінде қазақ үкіметі ашық тергеу жүргізе алмады делінген. Сіздер анықтаған нақты дәйектерге тоқталып өте аласыз ба?
Риттман: Қазақстаннан Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін адам құқықтарының бұзылуына қатысты ашық әрі жан-жақты тергеуді талап еткенде, бір-екі эпизодты ғана емес, құқық қорғау органдарының оқиғаға дейінгі, оқиға барысындағы және оқиғадан кейінгі іс-әрекетін тұтас қамтитын кең форматтағы тергеуді айтып отырмыз. Оқиғадан кейін деп отырғаным, наразылыққа шықты дегендерді ұстау мен қамау, олардың қатыгез қарым-қатынас пен азаптау туралы шағымдары, сондай-ақ өткен кейбір сот процестеріндегі мәселелерді адам құқықтары призмасы арқылы қарастыру да кіреді.
Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев тергеу деп, бәлкім, жүргізілген қылмыстық тергеулерді меңзеп отырған шығар: оған мыңдаған адам тартылды. Бірақ біз айтып отырған бұл емес. Адам құқықтары тұрғысынан тергеу дегеніміз, мандаты нақты белгіленген, құқық қорғау органдарының әрекетін де, наразылық білдірушілердің әрекетін де бағалайтын, оқиғаға қатысы бар немесе куә болған адамдардың кең ауқымымен сұхбат жүргізетін, дәлелдерді тәуелсіз түрде жинап, талдайтын процесс. Мұндай жұмысқа, әдетте, халықаралық сарапшылардың қатысуы оны күшейтеді.
Сондықтан тәуелсіз немесе халықаралық тергеу дегенде біз адам құқықтары бұзылған тұстарды кеңінен анықтап, кейін жауапкершілік тетіктерін іске қосуға мүмкіндік беретін, құқық бұзушыларды нақты жауапқа тартуға бағытталған толыққанды тәсілді күтеміз. Президент айтып отырған тергеу Қазақстанда біз көрген процесс емес. Сол себепті қазақ билігінен адам құқықтары тұрғысынан кең ауқымды, тәуелсіз тергеу жүргізу талабы әлі де өзекті.
Оқиғаларға қатысы бар, кейін қудаланған немесе оқиғадан соң құқық қорғау органдары ұстаған адамдардың сөзін тыңдасаңыз, көпшілігі сол күндердегі адам құқықтарының бұзылуы мен кісі өліміне қатыстылар жауапкершілікке тартылмағанын байқаймыз.
Азаттық: Есепте сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу құқығына қатысты бірнеше кейске назар аударған екенсіздер. "Экстремизм" және "терроризм" айыбымен сотталған белсенділердің экономикалық және әлеуметтік құқықтарының тапталып жатқанын да жазғансыздар. Осы баптар бойынша сотталғандардың іс жүзінде нақты қандай құқықтары шектеліп отыр?
Риттман: Бұл – Human Rights Watch ұйымы шамамен екі жыл бұрын жариялаған есепке қатысты мәселе. Сол есепте Қазақстанда "экстремизмге" қатысты айыппен қудаланған адамдардың автоматты түрде "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар адамдар мен ұйымдар" тізіміне енгізілуі қарастырылған.
Мәселенің түп-тамыры – Қазақстанда "экстремизм" ұғымына тым кең анықтама беріледі және оны зорлықшыл экстремизммен шатастырады. Қазақстанда "экстремизм" деген желеумен қудаланатын белсенділерге көбіне "әлеуметтік алауыздық қоздыру" және соған ұқсас "алауыздық" баптары, сондай-ақ "тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметіне қатысу" секілді айыптар тағылады: Бұл істерде "экстремистік ұйым" деп танылған құрылымдар – Қазақстан билігі мен соты "экстремистік" деп таныған кейбір саяси оппозициялық топтар.
Соның салдарынан өздерінің заңды құқығын пайдаланып, саяси белсенді болған немесе билік саясатын сынап, сөз бостандығын жүзеге асырған адамдар кең ұғымдағы айыптаулармен қудалануы мүмкін. Бұл – халықаралық адам құқықтары шеңберінде қорғалатын әр адамның сөз еркіндігі мен заңды әрекеті. Одан кейін олар тізімге енгенде банк шоттары автоматты түрде бұғатталады. Соның салдарынан олар қалыпты өмір сүре алмайды. Тіпті жазасын өтеп шыққанның өзінде бұл тізімде көп жылдар бойы қала береді. Яғни мәселе тек қудалаудың өзі емес, оның ұзаққа созылатын әлеуметтік-экономикалық салдары да бар.
Шоттары бұғатталғандықтан, күнделікті төлем жасау мүмкіндігі шектеледі, жұмысқа орналасу да қиындайды. Бұл адамдар жүйеде үнемі көрініп тұрады. Сондықтан бұл тәжірибе олардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарына да ауыр соққы болып тиеді, яғни бұл үдеріс қудалау кезіндегі азаматтық және саяси құқықтарының бұзылуымен шектелмейді.
Азаттық: Президент Тоқаев былтыр Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында елде адам құқықтары шектеледі деген сынға қатысты "ЕҚЫҰ-ның болжамдарына назар аудармаймын" деген, бірақ Қазақстан заңдары демократиялық екенін айтқан. Одан бөлек, омбудсмен Артур Ластаев та азаптауға қатысты құқық қорғаушылар мәлімдемесін "қоғамдық пікірді бұрмалау" деп еді. Есіңізде болса, былтыр сізден "қазақ билігі HRW есептеріне реакция білдіре ме, адам құқықтары мәселелерін талқылауға сіздерді шақыра ма?" деп сұрап едім. Сіз сұрағым жауапсыз қалып отыр дегенсіз. Кейінгі бір жылда не өзгерді, өзара коммуникация бар ма?
Риттман: Кейінгі бір жылда Қазақстан үкіметі қысымды күшейте түскенін байқадық деп айта аламын. Мұны Қазақстанда азаматтық және саяси құқықтарды шектейтін жаңа заңнамалық өзгерістерден де, құқық қорғау органдарының медиаға, азаматтық қоғам белсенділеріне, құқық қорғаушыларға қатысты әрекеттерінен де байқаймыз.
Сіз президент Тоқаевтың халықаралық құқық қорғау институттарының сынына қатысты пікіріне тоқталдыңыз. Біздің Қазақстан билігімен жұмыс істеу тәжірибеміз мынадай: олар біз көтерген мәселелерді бізбен талқылайды. Кездесу сұрасақ, олар келіседі. Бірақ көп жағдайда тығырыққа тірелеміз. Қазақстанның адам құқықтарын қорғау және сақтау бағытындағы іс-әрекетін біз қалай бағалаймыз және билік оны қалай сипаттайды – осы екі ұстаным арасында айқын алшақтық бар. Соның бір мысалы – бейбіт жиналу туралы заң. Тоқаев билікке келгеннен кейін қоғамдық жиындарды реттейтін жаңа заң қабылданды. Қазақстан билігі өкілдерінің бұған қатысты мен көрген мәлімдемелерінің бәрінде ол "халықаралық адам құқықтары стандарттарына сай реформа" деп сипатталады. Бірақ бұл баға шындықпен сәйкес келмейді. Тәжірибеде билік бейбіт наразылықты қалай реттеп, бақылап отырғанына және халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың оған қатысты пікіріне қарасақ, қайшылық анық көрінеді. Human Rights Watch бағасы халықаралық адам құқықтарының өлшемдеріне негізделген.
Тағы бір мысал – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнама. Қазақстан екі жыл бұрын "денеге жеңіл дәрежедегі жарақат салу" мен "ұрып-соғуды" қылмыс қатарына енгізді. Ол кейін "ірі реформа" ретінде жарияланды. Бірақ тарихи контекске қарасақ, Қазақстан бұларды біраз жыл бұрын қылмыс қатарынан алып тастаған. Яғни "реформа" деп көрсетілген қадам, шын мәнінде, заңнаманы бұрынғы қалпына қайтару сипатында болды.
Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестегі мәнді реформа деп біз мынаны айтар едік: тұрмыстық зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодексте дербес қылмыс құрамы ретінде бекіту, әрі заңды қағаз жүзінде ғана емес, нақты іске асырып, кінәлілерді жауапқа тарту. Сондықтан реформа деп көрсеткені – бастапқы қадам ғана. Қазақ билігі адам құқықтарын сақтауға талпынысын көрсетіп, ал Human Rights Watch секілді ұйымдар "көбірек әрекет жасау туралы" мәселе көтере беруінің себебі де осында.
Қазақстан билігінің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің қорытындыларын немесе Әмбебап мерзімді шолу аясындағы ұсыныстарды жоққа шығармауы маңызды. Үкімет кейде қағаз жүзінде осы ұсыныстарды ескеретін жоспарлар мен жол карталарын қабылдайды. Енді Қазақстан билігінің бұл ұсыныстар мен қорытындыларды нақты, мазмұнды қадамдар арқылы орындағанын көргіміз келеді.
Азаттық: Кейінгі сұрағым сол ұсыныстарға қатысты еді. Былтыр өткен Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің жиынында Қазақстан есебін тыңдауға қатысқан делегаттар Қазақстан билігіне ұсынған 294 ұсыныстың 259-ын Ақорда қабылдады. Сіздіңше, Қазақстан ұсыныстарды қабылдағанымен, оны орындауға асықпай келе ме, әлде аз болса да прогресс бар ма?
Риттман: Қазақстан билігінің БҰҰ процестеріне қатысып, осындай шолуларға араласуы маңызды екенін атап өткім келеді. Бұл – мойындауға тұрарлық қадам. Алайда нақты тәжірибеге қарасақ, өкінішке қарай, Қазақстан ұсыныстармен келісіп, қабылдағанымен, оларды іске асырмай отыр. Атап айтқанда, азаматтардың пікір білдіру мен бейбіт жиын өткізу еркіндігіне, саяси процестерге қатысу құқығына және кемсітпеуге негізделген ұсыныстар Қазақстанда көрініс таба бермейді.
Сіз қойған сұрақты Қазақстан үкіметіне жолдағым келеді. Ұсыныстарды қабылдау – жеткіліксіз, ол тек бастау нүктесі. Одан кейін мемлекет осы ұсыныстарды орындау үшін нақты қадамдарға баруы керек. Қазақстан билігі жол берген құқық бұзу әрекеттері болғанын мойындап, келтірілген зиянды заң шеңберінде де, іс жүзінде де түзетуге бет бұруы керек.
Өкінішке қарай, Қазақстанда халықаралық адам құқықтары нормалары мен стандарттарына келгенде бірқатар бағытта әлі де үлкен алшақтық бар. Біз алдағы жылы осы мәселелер бойынша нақты прогресс көргіміз келеді.
Азаттық: Есепке қарасақ, Орталық Азия елдерінде кейінгі бір жылда БАҚ-ты тіркеу не меншіктеуді шектеу мен "жалған ақпаратқа" қатысты баптардың күшейтілгені, журналистер мен сыни көзқарастағы азматтарды қудалау, сайлауды тәуелсіз бақылауды болдырмауға талпыну әрекеттері айтылған. Осы үдерістердің ортақ тетігі деп ұлттық қауіпсіздік нарративін айта аламыз ба әлде бұл өңірде авторитаризмнің күшеюі ме? Немесе мұнда басқа тетік байқала ма?
Риттман: Бұл – үлкен сұрақ. Өйткені оған жауап беру үшін әр елдің нақты контекстін ескеру қажет. Тәжікстан мен Түркіменстандағы саяси басқару жүйелері Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстаннан өзгеше. Сондықтан айырмашылықтар анық болған кезде, ұқсастықтарды асыра бағалағым келмейді.
Дегенмен, тек Орталық Азияда емес, әлемнің көп бөлігінде авторитаризмнің күшеюі байқалады. Бұл билікте отырған көшбасшыларды өз билігін шоғырландыруға және өздеріне қауіп деп көргенін ашық түрде шектеуге итермелеуі мүмкін. Әсіресе саяси кеңістік пен азаматтардың белсенділігін шектеуге келсек, сөз бостандығы, пікір білдіру еркіндігі, бейбіт жиын өткізу және бірлесу еркі көбіне билік тарапынан өз ықпалына қауіп ретінде қабылданады. Әсіресе, бұл мемлекеттік саясатқа сын айтылған кезде айқын көрінеді.
Орталық Азия бойынша ортақ бір нәрсе бар деп ойлаймын. Билік құрылымдары, құқық қорғау органдары және қылмыстық сот төрелігі үкіметті сынаған адамдарды қудалау үшін жиі қолданылады. Бұл Қырғызстанда да, Өзбекстанда да, Қазақстанда да, Тәжікстан мен Түркіменстанда да бар.
Тағы бір ортақ мәселе – құқық қорғау органдарына азаматтардың билікті сынауына, заңды сұрақ қоюына кедергі келтіруге мүмкіндік беретін тым кең әрі бұлыңғыр заңнаманың болуы. Бұл – Орталық Азиядағы барлық үкіметтің шешуге тиіс проблемасы.
Қазақстанда осы өзгерістер жүзеге асқанын көргім келеді. Елде медиа өкілдеріне, құқық қорғаушыларға қарсы жиі қолданылатын қылмыстық баптардың аясын тарылтып, оларды халықаралық стандарттарға жақындату қажет.
Азаттық: Биылғы Human Rights Watch есебінің жетекші сұрағы "Адам құқықтарын қорғау ісі Трамп қысымына төтеп бере ме?" екен. Трамп әкімшілігінің ішкі және сыртқы саясаттағы шешімдері Орталық Азия басшыларының билікті уысында ұстап, адам құқықтарын одан әрі шектеуіне әсері бар ма?
Риттман: Иә, Трамп әкімшілігінің ықпалы бар деп ойлаймын. Ол бүкіл әлемге әсер етіп жатыр. Бірақ бір нәрсені нақты айту маңызды: Орталық Азиядағы авторитарлық үрдіс, жалпы авторитар басқару Дональд Трамптың сайлануынан бұрын қалыптасқан. Human Rights Watch сияқты ұйымдар бұл туралы ұзақ жылдан бері айтып келеді. Кей елдерде бір адамның ондаған жыл бойы билікте отыруының өзі соның айқын дәлелі.
Алайда Трамп екінші рет президент болған кезде халықаралық адам құқықтарын кемсіте сипаттайтын риторика қолданды және ішкі саясатта да, халықаралық қатынастарда да адам құқықтары қағидаттарына қайшы әрекеттерімен көзге түсті. Біз оның осы риторикасын Орталық Азия президенттері де пайдаланғанын көрдік. Мысалы, АҚШ-та USAID жүйесі әлсіреп, қысқарғаннан кейін президент Тоқаев шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың Қазақстандағы жұмысына қатысты сыни пікір айтып, олардың қызметін бақылап, тексеру қажет екенін мәлімдеді.
Тағы бір бағыт – ЛГБТ тақырыбы. Трамптың ЛГБТ өкілдеріне қатысты кемсіту пікірлері және әкімшілігінің ЛГБТ мәселелеріне реакциясы Қазақстанда да нақты шешімдер қабылдауға түрткі болып, кейбір қадамдарды батылдатқандай әсер қалдырды. Мысалы, "ЛГБТ насихатына тыйым салу" туралы заңның қабылдануы. Әйтсе де, бұл бастама Трамптан келді деуге болмайды. Ол Қазақстан билігінің өз ішіндегі үрдісі. Қателеспесек, мұндай заңнаманы енгізу талпынысы бұрынырақта, 2015 жылы да болған. Бірақ ол кезде өтпей қалған еді.
Дегенмен, адам құқықтарын қорғауда дәстүрлі түрде белсендірек рөл атқарып келген мемлекеттердің Қазақстандағы ахуалға назарын әлсіретуі мұндай бастамаларды өткізуге қарсылықты азайтып, оны қабылдауды саяси тұрғыдан оңайлататын факторлардың бірі болуы мүмкін. Бұл жерде "мүлде сын айтылмады" деуге келмейді. Заң қабылданғаннан кейін Астанадағы көптеген елшілер бірлескен мәлімдеме жасап, оның Қазақстан үшін, әсіресе, ЛГБТ қауымдастығы үшін және ЛГБТ құқықтары туралы оң пікір айтатын кез келген адам үшін қандай салдарға әкелуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді.
Бірақ жалпы алғанда, Трамп әкімшілігінің АҚШ ішінде адам құқықтарын өрескел бұзуы басқа елдердің үкіметтеріне "біз де осылай істей аламыз" дейтін сигнал беріп, құқық бұзуға кеңірек жол ашқаны байқалады. Кейінгі бір жылда Қазақстанда да осы үрдістің көрініс тапқанын байқадық.