БҰҰ құрылымындағы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) Газа секторы тұрғындарына берілетін көмек көлемін қаржы азаюына байланысты қысқартатынын хабарлады. Қыркүйек айында бөлінген қаржы 1,6 миллион адамды қамтуға жеткен болса, енді бөлінетін қаражаттың кемуіне байланысты көмек алатындар қатарынан Газаның 500 мың тұрғыны шығып қалғалы тұр.
WFP барынша көп адамды қамту үшін бір адамға берілетін тағам көлемін азайтпақ. Мұқтаж жандар бұрынғыдай аптасына екі емес, бір ғана азық-түлік жиынтығын алады, оның өзінде көлемі бұрынғыдан аз болады. Таратылатын ыстық тамақ саны 250 мыңнан 150 мыңға дейін қысқарады.
"Қатынау қиын аймақтарда, соның ішінде Израиль әскери бақылау орнатқан "сары сызыққа" жақын жерде тұратын отбасылар енді ыстық тамақты күнде емес, күнара алатын болады", – деді WFP өкілдері.
Бұған қоса, 75 мың отбасына төленетін ақшалай жәрдемнің мөлшері де кемиді.
2025 жылдың қазан айында Израиль мен Газа секторын басқаратын, АҚШ пен Еуроодақта террористік деп танылған ХАМАС тобы арасында оқ атуды тоқтату туралы келісім жасалған еді. Содан бері WFP сектордағы 1,6 миллион тұрғынға ай сайын жәрдем көрсетіп келді. Ұйым халыққа азық-түлік жиынтықтарын, ұн, нан, ыстық ас, балалар тағамын, мектеп шәкірттерінің түскі асын таратып, қолма-қол ақшалай көмек берген. Бұған қоса жергілікті наубайханаларға қолдау көрсетіп, Газа тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігін нанмен қамтамасыз етіп отырған.
- Газа секторы ұзаққа созылған гуманитарлық дағдарысты бастан өткеріп жатыр. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі өңірде 2024 жылдан бері кемінде 466 адам аштықтан көз жұмғанын айтып отыр.
- Азық-түлік тапшылығын бағалайтын негізгі халықаралық бастама – Integrated Food Security Phase Classification (IPC) – 2025 жылы бітім жасалғалы бері Газа секторындағы жағдай едәуір жақсарған деп мәлімдеген. Дегенмен азық-түлік жәрдеміне мұқтаждық әлі де бар: шамамен 72 мың бала қосымша тамақтануға мұқтаж болуы мүмкін.
- Израиль билігі IPC бастамасын мәліметтерді «бұрмалаған» деп айыптап, Газа секторына жеткізіліп жатқан гуманитарлық көмектің жалпы көлемі тіпті тұрғындарға қажет шамадан асып түседі деп отыр.