Accessibility links

Өзбек билігі коронавирус жайлы "байбалам таратушыларға" сес көрсетті


Маска таққан медицина қызметкері мен құқық қорғау орган өкілі. Қарши, Қашқадария облысы, Өзбекстан, 17 наурыз 2020 жыл.

Өзбекстан билігі жұртқа коронавирус жайлы "байбалам тудыратын" ақпарат таратпауды ескертіп, ондай әрекет жасағандар көп мөлшерде айыппұл төлеуі я сегіз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін деп мәлімдеді.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ХАЛЫҚҚА ҮНДЕУІ

Наурыздың 18-і күні Өзбекстанда коронавирус жұққандар 15 адамға жетті.

Ел президенті Шавкат Мирзияев халыққа жасаған үндеуінде елдегі коронавирусқа байланысты жағдай қатаң бақылауда екенін айтып, жұртты үрейге бой алдырмауға шақырды.

"Көптеген сынақты басынан өткерген халқымыз қалыптасқан жағдайды дұрыс түсінеді, мәселеге байыппен қарайды деп ойлаймын. Мүфтият бастаған діни қайраткерлер өз дұғаларында елімізге бейбітшілік пен тыныштық, науқасқа шалдыққандардың айығып кетуін тілейді. Ұлтқа, тілге және сенімізге қарамастан біздің барлығымыз бұл қиындықты міндетті түрде еңсеретінімізге сенімдіміз" деді Мирзияев.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев коронавируске байланысты халыққа үндеу жасап тұр. 18 наурыз 2020 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев коронавируске байланысты халыққа үндеу жасап тұр. 18 наурыз 2020 жыл.

Бұған қоса президент экономикаға теріс әсерін азайту мақсатында туризм, көлік, фармацевтика мен жеңіл өнеркәсіп салаларында салық каникулы, несие қайтару мерзімін ұзарту, сыртқы қарызды төлеу мерзімін кешіктіргені үшін салынатын айыппұлдан босату тәрізді бірқатар жеңілдіктер енгізілетінін хабарлады.

Өзбекстанда алғашқы коронавирус наурыздың 15-і күні Ташкентке Франциядан ұшып келген әйелден анықталған болатын.

"БАЙБАЛАМ ТУДЫРАТЫН АҚПАРАТ"

Өзбекстан әділет министрлігі ұлттық заңға сәйкес, байбалам тудыратын материал әзірлеген және сақтаған адамдар 9400 доллар айыппұл төлеуі немесе үш жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін екенін, ал осындай іс-әрекетті БАҚ және интернетті пайдалана отырып жасағандар сегіз жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалуы ықтимал деп мәлімдеді. Министрліктің бұл мәлімдемесі Орталық Азиядағы халқы өте тығыз қоныстанған постсоветтік елде коронавирус алғаш рет анықталған күннің ертеңіне, наурыздың 16-сында жарияланды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "пандемия" деп жариялаған вирустың таралуына тосқауыл қою үшін үшін өзбек үкіметі шекараны жауып, халықаралық рейстерді тоқтатып, көп адам қатысатын іс-шараларға тыйым салып, мектептер мен университеттерде сабақты уақытша доғарды.

Өзбекстанда пойыз вагонындағы жолаушылардың дене қызуын тексеріп тұрған адам.
Өзбекстанда пойыз вагонындағы жолаушылардың дене қызуын тексеріп тұрған адам.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, наурыздың 18-і күнгі жағдай бойынша елде коронавирус жұқтырғандар 15 адамға жеткен. Министрлік елдегі коронавирус жайлы ақпаратты әлеуметтік желілерде жариялағанда "Байбаламсыз карантин" деген хэштегті жиі қолданады. Бұған қоса денсаулық сақтау министрлігі үкіметтің вирусты тежеу үшін қандай іс-шаралар атқарып жатқаны туралы жұртты хабардар етіп отырады.

Министрлік кейбір сақтық шаралары әлеуметтік желілерде "қате түсінік пен қауесетке" ұласқанын мәлімдеген. Денсаулық сақтау министрлігі наурыздың 16-сынан бастап жоғару оқу орындарында сабақ уақытша тоқтағаннан кейін студенттер үйлеріне қайтып жатқандықтан, пойыздар мен қала арасында жүретін автобустарда жолаушы көбейгенін хабарлады.

"Кей тұрғындар бұл жағдайды бұрмалап баяндаған, сөйтіп әлеуметтік желілерде көп ұзамай Ташкентке ешбір көлікті кіргізіп-шығармайды екен, ал басқа облыстардан келгендерді өздерінің тұрғылықты жеріне қайтуға мәжбүрлеп жатқан көрінеді деген жаңсақ ақпарат тараған" дейді министрлік өкілдері.

Денсаулық сақтау министрлігі әлгіндей хабарды "негізсіз" деп атап, Ташкент пен аймақтардың көлік қатынасы"үздіксіз" жалғасып жатқанын айтады.

Елде коронавирус анықталғаны туралы хабардан кейін базар мен дүкендерде дүрбелең пайда болып, бүкіл елде азық-түлік бағасы қымбаттап кетті. Дәріханаларда медициналық маска мен дезинфекция жасауға арналған заттар тапшылығы сезіліп отыр.

Қаршиде қоғамдық көлікке дезинфекция жасап жатқан адам. Қашқадария облысы, Өзбекстан, 17 наурыз 2020 жыл.
Қаршиде қоғамдық көлікке дезинфекция жасап жатқан адам. Қашқадария облысы, Өзбекстан, 17 наурыз 2020 жыл.

"Өзбеказықауқатхолдинг" мемлекеттік агенттігі шекараның уақытша жабылғанына қарамастан "Өзбекстанда азық-түлік тапшылығы болмайды" деп сендіруге тырысып жатыр. Агенттіктің мәлімдеуінше, тұрғындар тұтынатын азық-түліктің 98 пайызы елдің өз ішінде өндіріледі, ал сырттан негізінен какао, кофе дәні мен цитрус жемістері әкелінеді.

Денсаулық сақтау министрлігі наурыздың 17-і күні таратқан мәліметте Өзбекстанда 640 адам ауруханада, 5600-ден астам адам үйде карантинде жатқаны айтылған.

Өзбек билігі елге Еуропа мен Түркиядан оралған азаматтардың коронавирус жұқтырғаны анықталғанын айтады.

Наурыздың 18-індегі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан 36 адам, Қырғызстанда - 3 адам бар.

Әлемде Covid-19 коронавирусы 200 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 8 мыңнан асты. Вирус 150-ден астам елге тарады.

Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерт әсіресе егде адамдар мен созылмалы ауруы бар адамдарға өте қауіпті саналады.

Вирустан сақтаныңыз. Қолды қалай жуу керек?

Қолды қалай жуу керек?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG