Accessibility links

Коронавирус әлегі жүздеген тәжікті шекарада бөгеді


Шекарадан өте алмай тұрған тәжікстан азаматтары. 16 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан мен Өзбекстан коронавирустан қорғану шарасы ретінде шетелдік азаматтардың ел аумағына кіруіне уақытша тыйым салған соң Тәжікстанның 200-ге жуық азаматы 17 сағат қазақ-өзбек шекарасындағы бейтарап аймақта сарыла күтіп тұруға мәжбүр болды.

Қазақ-өзбек шекарасында қалып қойған тәжікстандықтардың едәуірі әйелдер мен балалар. Наурыздың 16-сы күні Азаттық тілшісі сөйлескен тәжік азаматы Ресейден Отанына қайтар жолда Қазақстанның "Қапланбек" шекара бекетінен шығып, Өзбекстанның "Науаи" шекара бекетіне жетпей, екі арада қалып қойғанын айтты. Шекара наурыздың 16-сына қараған түні жабылған.

"Шекарашылар бізге Өзбекстан жағы елге тек өз азаматтарын ғана кіргізіп жатқанын айтты" деді өзін Абдулла деп таныстырған әлгі азамат.

Редакцияға келіп түскен бірнеше видеода шекарада ұзын-сонар кезекте тұрған көліктер мен адамдар (арасында балалар да көп) бейнеленген.

Тағы бір видеодан шекара бекетінің жабық қақпасы алдында тұрған бір топ адамның қоршаудың ар жағындағы өзбек шекарашыларымен сөйлесуге тырысып жатқанын көруге болады.

"Біз не кері қайта алмай, не ілгері өте алмай екі ел шекарасының аралығында қалып қойдық" дейді Парвиз есімді тәжік азаматы.

Парвиз және онымен бірге шекарадан өте алмай тұрған өзге азаматтардың есебі бойынша, ол жерге 200-ге жуық адам жиналып қалған. Олар Ресейден Тәжікстанға ұшақпен қайтуға ақшасы жетпегендіктен, құрлық жолымен баруды ұйғарғанын айтады. Ресейден Тәжікстанға дейін Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы автокөлікпен бірнеше күн жүріп жетуге болады.

"Мұнда көп уақытқа қалуға ақшамыз жоқ. Бізді ешқайсысы – Ресей де, Қырғызстан да, Қазақстан да, Өзбекстан да кіргізгісі келмейді. Барлығы есігін тарс жауып алды" деп шағымданған тәжік азаматы өз елінің үкіметінен жәрдем сұрайды. "Үкіметіміз бізге осы жерден шығып, үйімізге жетуге көмектессе екен" дейді ол.

Екі ел шекарасы арасындағы бейтарап аймақтан шыға алмай қалған азаматтар Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінен көмек сұрады. Бірақ тәжік дипломаттары жауап қайтаруға асықпады.

Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінің қызметкер Азаттыққа дипломаттардың бұл жағдайдан хабардар екенін, мәселені шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Ол елшілік атынан БАҚ-қа түсініктеме беруге құзыры жоқ болғандықтан өз аты-жөнін көрсетпеуді өтінді.

Өзбекстан билігі елде коронавирус жұқтырған алғашқы адам наурыздың 15-і күні анықталғанын хабарлап, вирустың тарауына жол бермеу мақсатында кең көлемді шаралар жүргізетінін мәлімдеген. Ташкент шекараны жабумен шектелмей, барлық мектепте сабақты тоқтатты, халықаралық әуе қатынасына, көпшілік қатысатын шараларға уақытша тыйым салды.

Наурыздың 16-сы күні Өзбекстан билігі елде коронавирус жұқтырғандар 6 адамға жетіп, 230 адамның карантинге жатқызылғанын хабарлады. Сейсенбі күн тағы екі адамнан вирус анықталған.

Қазақстан аумағында наурыздың 16-сынан бастап төтенше жағдай режимі жарияланған. Сейсенбі күнгі мәлімет бойынша, елде коронавирус жұққан 27 адам (біреуі – екі жасар қыз) бар.

Ресми ақпарат бойынша, Тәжікстанда коронавирус жұқтырған адам тіркелмеген.

Орталық Азиядағы ең кедей ел саналатын Тәжікстанда жұмыссыздық деңгейі өте жоғары болғандықтан жүздеген тәжік азаматы жұмыс іздеп Ресейге баруға мәжбүр.

P.S. Материал сайтқа жарияланар шақта Өзбекстан билігі Қазақстанмен шекарадағы бейтарап аймақтан өте алмай қалған тәжікстандықтардың ел аумағына кіруіне рұқсат бергені белгілі болды. Тәжікстандықтардың сөзінше, шекарада 17 сағат тұрған көліктерін тексергеннен кейін оларды "Науаи" шекара бекетінен өткізген.


ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG