Accessibility links

Қырғыздың ақ қалпағына ресми мәртебе бермекші


"Ақ қалпақ күні" мерекесі қарсаңында ұлттық бас киім киіп тұрған жас жігіт. Бішкек, Қырғызстан, 4 наурыз 2013 жыл.
"Ақ қалпақ күні" мерекесі қарсаңында ұлттық бас киім киіп тұрған жас жігіт. Бішкек, Қырғызстан, 4 наурыз 2013 жыл.

Жогорку Кеңеш қырғыздың ұлттық бас киімі - ақ қалпаққа мәдени мұра мәртебесін беру туралы заң жобасын қарап жатыр. Депутаттар оны мақұлдайтын болса, ақ қалпақ мемлекеттік символға айналмақ.

Қырғызстанда ту, елтаңба және әнұранмен бірге ер адамның ұлттық бас киімі - киізден басылған ақ қалпақ та мемлекет символына айналуы мүмкін.

Қазір парламент қарап жатқан заң жобасы қабылданса, онда президент, премьер-министр, үкімет мүшелері мен парламент депутаттары шетелге сапарға шыққанда және ресми шаралар кезінде ұлттық бас киіммен жүруге міндетті болмақ.

Бұған қоса құжат авторлары халықаралық жарыстар мен мәдени шараларға Қырғызстанның атынан қатысатын спортшылар мен өзге адамдарға ресми рәсім кезінде ақ қалпақ киіп жүруді ұсынған.

Заң жобасында ақ қалпақты "қырғыз халқының материалдық мәдениеті мен тарихи мұрасының маңызды элементі" деп атаған. Ұлттық бас киімге мемлекеттік статус берілетін болса, онда оған құрмет танытпаған адам айыппұл төлеуі немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

2017 жылы желтоқсанда интернетте ақ қалпақ киген иттің суреті тараған еді. Бішкектегі сән көрмесінде түсірілген даулы сурет ашу-ызасына тиген желі қолданушылары иттің иесін айыптап, кей белсенділер қарсылық шарасын ұйымдастырған болатын.

Бірнеше айдан соң Жогорку Кеңеш депутаттары Экмат Байбакпаев ("Республика – Ата Жұрт" фракциясы) пен Бакирдин Субанбеков ("Бір Бол" фракциясы) қырғыздың ерлерге арналған ұлттық бас киіміне мемлекеттік символ мәртебесін беруді қарастыратын заң жобасын ұсынған. Құжатта қалпақты дұрыс пайдалануды қамтамасыз етуді, ұлттық бас киімді тігу, әкелу және сатуды реттеу ісін үкіметке жүктеу қарастырылған. Заң жобасында қалпақ "тек таза жүннен басылған киізден" әзірленуі керек деп жазылған.

"Ақ қалпақ күні" мерекесіне арналған шараға қатысушылар. Бішкек, 5 наурыз 2016 жыл.
"Ақ қалпақ күні" мерекесіне арналған шараға қатысушылар. Бішкек, 5 наурыз 2016 жыл.

Сонымен бірге құжатта ақ қалпақты "дұрыс пайдаланбағандарға" қарсы күресу, "қалпақты қорлағандарға" жаза қолдану қажеттігі айтылған. Бірақ қалай жазалау керектігі нақты көрсетілмеген.

Қырғыз салт-дәстүрі бойынша қалпақ қастерлі бұйымға жатады, оны жерге тастауға немесе аяққа басуға болмайды.

Қырғызстанда жыл сайын наурыздың 5-інде ақ қалпақ және қырғыз ұлттық киімі күні атап өтіледі. Бұл күні елде концерттер мен өзге де мәдени шаралар ұйымдастырылады. 2016 жылы Бішкекте өткен шара кезінде бір топ студент үш метрлік ақ қалпақ көтеріп шыққан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG