Accessibility links

«Қара жорғаны» моңғол немесе қырғыз биіне ұқсату тегін емес»


Қытайда туған этникалық қазақ Фархат Бимаш (ортада).
Қытайда туған этникалық қазақ Фархат Бимаш (ортада).

Қытайда тұратын қазақ бишісі бұл өнердің дамуы туралы, ондағы бидің Қазақстандағы биден айырмашылығы жайлы айтты.

Қытайда туып-өскен этникалық қазақ Фархат Бимаш Астанада өтіп жатқан EXPO көрмесіне сол елдегі «Шанхай» бишілер тобын бастап келген. 46 жастағы өнерпаз Қытайдың Тарбағатай аймағы Дөрбілжін ауданында дүниеге келген. Үрімжі мен Пекинде би мамандығы бойынша білім алған Фархат Бимаштың қазір Қытай астанасында жеке би мектебі бар.

Қытайда тұратын қазақ бишісі Фархат Бимаш
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:40 0:00

Азаттық: – Би саласына қалай келдіңіз?

Фархат Бимашұлы: – Біздің отбасы түгел өнердің айналасында жүрген жандар. Мәселен, анам өлең айтатын, әңгіме жазатын адам еді. Біз үйде көп баламыз. Мен сегізіншісімін. Аға-әкелерімнің барлығы ауылдың музыканттары болды. Ең үлкен ағам біз тұратын қаладағы музыкалық ансамбльде қызмет ететін. 1985 жылы алғаш рет Іле қазақ облыстық би мектебі ашылып, ағам сол мектепке баруыма ықпал етті. Сол мектепте үш жыл оқығаннан кейін Іле облыстық ән-би ансамблінде биші болып жұмыс істедім. Ал 1992 жылы білімімді дамыту мақсатында Үрімжідегі көркем өнер институтында жоғары білім алдым.

Қазір Пекинде өзімнің жеке би мектебім бар. Сонда би үйретемін. Сонымен қатар, Қытай астанасында «Дуң фаң» атты ән-би ансамблінде 1996 жылдан бері жұмыс істеймін.

Азаттық: – «Дуң фаң» мемлекеттік ансамбль ме?

Фархат Бимаш: – «Дуң фаң» ән-би ансамблі – мемлекеттік деңгейдегі ұйым. Негізгі мақсаттары – Қытайдың және оның ішіндегі аз-ұлттардың би өнерін шетелге таныстыру және шетелдіктердің музыка өнерін өз іштерінде тарату. Сол үшін шетелдіктердің билерін, музыкасы мен әндерін тұрақты саралап отырады. Мысалы, мен ирландтықтардың табан биін (степ) билеймін. Мен келгенге дейін қытайлықтардың сахнасында бұл би болмаған. Сондықтан интернет арқылы және де басқа да жолдармен өзім үйреніп, өзге де әріптестеріме үйретіп, концерттік сахнаға алып шықтым. Сонымен қатар үнді билерін және испандықтардың фламенко биін билеймін.

Қытайда туған этникалық қазақ Фархат Бимаш (күлгін көк киген).
Қытайда туған этникалық қазақ Фархат Бимаш (күлгін көк киген).

Азаттық: – EXPO көрмесіне арнайы концерттік бағдарламамен келгендеріңізді естідік. Осы жолы сіздің өнеріңізді тамашалай аламыз ба?

Фархат Бимаш: – Осыдан екі ай бұрын «Шанхай» би ансамблінен маған ұсыныс түскен. EXPO-ға концерттік бағдарлама дайындайтындарын, соған қазақша би керек екендігін айтқан еді. «Өзің қазақсың. Осы концерттік бағдарламамен бірге барсаң. Егер мүмкіндік болса, осы бидің ортасында өзің билесең» деген ұсыныстарын жеткізді. Кейін дайындық кезінде ұйымдастырушылар ирландтықтардың табан биі мен қазақ биін біріктірген бір шығарма дайындау қажет екенін айтты. Осы концерттік бағдарламаның ішінде сондай бір бес-алты минуттық қойылым бар. Барлығы 150-дей адам келдік. Оның 25-і – би тобы.

Азаттық: – Қазақ биі дегенде есімізге бірден «Қара жорға» түседі. Бірақ соңғы кездері «бұл би қазақтікі емес» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Жалпы, қазақтың бұрынғы би өнері қай деңгейде болған?

Фархат Бимашұлы: – Өнердің барлық түрі тұрмысқа, яғни әдет-ғұрпымыз бен жасаған ортамызға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан келгенде «Қара жорға» биін моңғол немесе қырғыз биіне ұқсату тегін емес. Өйткені бұл елдер де өзіміз секілді көшпенді тұрмыс кешкен және бір-бірімен аралас-қоралас өмір сүргендіктен бір қимылдың бір-біріне ұқсап кететін жерлері – табиғи нәрсе. Ал «Қазақта би болған ба немесе қай деңгейде болған?» деген сұраққа келсек – болған. Бірақ аса жоғары деңгейде дамыған жоқ. Себебі әр ұлттың өз артықшылығы болады ғой. Қазақ – биші халық емес, әнші халық. Сосын тілге баймыз. Сонымен қатар отырықшылықтан гөрі көшпелі тұрмысқа бейім болдық. Сол себепті би аса көп дами қоймады. Қазақ биі дегенде «Қара жорға», «Жорға аю» секілді бірнеше би ғана еске түседі. Қазақ билерінде қимыл-қозғалыс аз. Мысалы, ұйғыр халқының билерін алып қарасаңыз, қазақ биімен салыстырғанда бір-біріне ұқсамайтын қимыл қозғалыстар көп. Менің зерттеуімше, қазақ билері тек белгілі бір шығарма атауымен бөлінеді. Ал өзге ұлттарда қимыл-қозғалысқа қарай бөлінеді.

Азаттық: – Қазіргі қазақстандық би өнеріне қандай баға бересіз?

Қазақстанда би ойдан гөрі әрекетке негізделеді, яғни сенің сахнадағы қозғалысыңды көрсетуге ұмтылады. Бұл – басты ерекшелік. Мен өз басым бұл үрдісті қолдаймын.

Фархат Бимаш: – Азия мен Еуропаның би өнерінің даму бағыты бір-біріне ұқсамайды. Совет Одағы құрамында болған елдердің би өнерінің даму бағыты басқа болды. Мысалы, Қытайда би белгілі бір әңгіме негізінде қойылады немесе ойды бейнелейді. Ал Қазақстанда би ойдан гөрі әрекетке негізделеді, яғни сенің сахнадағы қозғалысыңды көрсетуге ұмтылады. Бұл – басты ерекшелік. Мен өз басым бұл үрдісті қолдаймын. Себебі би болғаннан кейін әрекет басты рөлде ойнауға тиіс. Би арқылы әңгіме айтамыз деп кейде бидің рөлін де ұмытып қалатын жайттар болады.

Азаттық: – Шәкірт тәрбиелеп жүр екенсіз. Оқушыларыңыздың арасында қазақ жастары да бар ма?

Фархат Бимаш: – Әрине, бар. Бірақ бір жігітті ерекше атап айтқым келіп отыр. Ол – Ерзат деген жігіт. Би өнері бойынша тоғыз жыл оқып, биыл ғана бітірді. Бірақ сонысына қарамай керемет жұмыс жасап жүр. Әсіресе қазақ биінің сахналық түрін жасауда жаңаша жұмыстар атқарып жатыр. Қазақ биінің сахналық түрінің аз болатын себебі – материалы аз, жиі қайталанатын қимыл-қозғалыстар көп. Ерзат сол қозғалыстарды түрлендіріп, заманға сай ету жолында.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG