Accessibility links

Өзбекстан қырғыз цементі тиелген көліктерді кеденде бөгеді


Өзбекстанға кіре алмай тұрған цемент тиеген жүк көліктері. Қырғызстан, мамыр, 2019 жыл.
Өзбекстанға кіре алмай тұрған цемент тиеген жүк көліктері. Қырғызстан, мамыр, 2019 жыл.

Өзбекстан бір аптадан астам уақыт шекарадан өте алмай тұрған жүк көліктеріне ел аумағына кіруге рұқсат берді. Жақында Өзбекстанның Әндіжан облысында жаңадан цемент зауыты ашылған тұста Қырғызстаннан цемент әкеле жатқан жүзден астам көлікті өзбек жағы белгісіз себеппен шекарада бөгелуге мәжбүр болған.

Мамырдың 22-сы күні Азаттықтың Қырғыз қызметі өзбек шекарашылары бір аптадан астам уақыттан бері Қырғызстанмен шекарадағы бейтарап аумақта бөгелген жүк көліктерін Өзбекстан жеріне өткізе бастағаны туралы хабарлады.

Бұған дейін Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) хабарласқан өзбек кәсіпкерлері Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы бейтарап аумақта қырғызстандық цемент тиелген кемінде 105 жүк көлігі бөгелуге мәжбүр болғанын айтқан. Өзбекстан мемлекеттік кеден қызметінің өкілдері қырғызстандық цементті елге әкелуге неліктен тыйым салынғаны туралы түсініктеме бермеді. Қырғызстан парламентінің кей мүшелері мұны "астыртын сауда соғысы" деп атады.

СЕБЕБІ ЖҰМБАҚ ТЫЙЫМ

Озодлик редакциясына Қырғызстан аумағынан хабарласқан азаматтар өздерін Ферғана алқабының кәсіпкерлеріміз деп таныстырды. Олардың сөзінше, мамырдың 13-і күні Қырғызстанның Ош облысындағы зауыттан сатып алған цемент тиелген жүк көліктері қырғыз кеден бақылауынан заң ережесіне сәйкес өткен, көліктерге тиісті мөр басылған.

Ферғаналық кәсіпкерлердің айтуынша, Өзбекстан жағы ешқандай ресми себебін айтпастан цемент тиеген көліктердің ел аумағына кіруіне тыйым салған.

- Әуелде біз президент (Шавкат) Мирзияев Әндіжан облысына баратын болғандықтан Өзбекстанға жүгімізді өткізбей тұрған болар, кейін өткізер деп ойлағанбыз. Бірақ содан бері бір апта өтті, проблема әлі шешілген жоқ. Мамырдың 13-інен бері кемінде 105 жүк көлігі бейтарап аумақта тұр. Қазір біз Қырғызстанға да кейін қайта алмаймыз, өйткені қырғыз кеденшілері жүгімізге мөр салып тастаған. Бірақ өзбек жағы өз аумағына көліктерімізді өткізбей тұр. Бейтарап аумақта тұрғаның үшін ақы төлейсің. Осы жерде тұрған бір аптадан бері 9 мың қырғыз сомын (120 АҚШ доллары шамасында) төледік. Ең жаманы, қырғызстандық цементті Өзбекстанға кіргізуге не себепті тыйым салғанын бізге айтпай отыр. Кеденшілер "бұған кінәсі жоқ екенін, Ташкенттен сондай бұйрық түскенін" айтады, - дейді жүк көлігінің жүргізушісі.

Ферғаналық кәсіпкерлер Озодлик редакциясына өзбек-қырғыз шекарасындағы бейтарап аумақта түсірілген суреттер мен видеоны жолдады.

Узбекистан не пропускает на свою территорию фуры с кыргызстанским цементом
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:28 0:00

- Әр жүк көлігіне 20 тонна цемент тиелген. Кейбіреулер өндіріс қажетіне пайдалануға, енді біреулер қырғыз цементін Әндіжанда құрылыс келісім-шарты бойынша сатып алған. Қырғызстанның цемент зауытымен жасалған келісім бойынша, біз тауардың толық құнын алдын ала төлегенбіз. Зауыт өкілдері бізге цементті сатып, жүкті қырғыз кеденінен өткізуге көмектескендерін, ары қарайғы проблемада шаруасы жоқ екенін айтады. Біз президенттің (Шавкат Мирзияевті айтады - ред.) порталына да жаздық. Бірақ ешкім ешқандай жауап бермеді, жүк тиеген көліктеріміз Өзбекстанға қашан кіре алатынын да айтқан жоқ, - деді ферғаналық кәсіпкерлердің бірі.

КЕДЕН ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРМЕДІ

Озодлик тілшісі жүк көліктері бөгеліп тұрған "Дустлик" өзбек кеден бекетіне, Әндіжан облысының кеден басқармасы мен Өзбекстан мемлекеттік кеден комитетіне хабарласты. Алайда олардың ешқайсысы қырғыз цементін тиеген жүк көліктерінің Өзбекстанға кіруіне неліктен тыйым салынғаны жөнінде нақты жауап бермеді.

Мемлекеттік кеден комитеті қызметкерлерінің бірі жүк көліктерін ел аумағына кіргізбей жатқаны туралы ақпаратты растады. Алайда тыйымның себебін сұраған Озодлик тілшісіне "Ол бізге байланысты емес" деп қысқа жауап берді. Комитеттің тағы бір өкілі "проблема туралы білмейтінін" айтып, тілшіге мәселені цемент тиеген көліктерін кіргізе алмай отырған ферғаналық кәсіпкерлерден анықтауға кеңес берді.

ҚЫРҒЫЗ ДЕПУТАТЫ: ӨЗБЕКСТАН "АСТЫРТЫН САУДА СОҒЫСЫН" ЖАРИЯЛАДЫ

Қырғызстан мемлекеттік кеден органы баспасөз қызметінің өкілі Озодлик редакциясына шекарадағы бейтарап аумақта жүк көліктерінің бөгелуіне қырғыз тарабының еш қатысы жоғын айтты.

- Өзбек жағы бұл мәселеге байланысты әзірге бізге ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ, - деді ол.

Қырғызстан парламенті депуаттарының бірі Өзбекстанның қырғыз цементін шекарадан өткізбей қоюын "астыртын соғыс" деп атады. Қырғызстан социал-демократиялық партиясы мүшесі Азамат Арапбаев мамырдың 21-і күні парламенттің экономикалық және салық саясаты жөніндегі комитеті отырысында елдің оңтүстігіндегі цемент зауыттарының көбі өнімін экспортқа арнап шығаратынын еске салды.

"Олар біздің рынокта барлық өнімін өткізе алмайды, егер бұлай жалғаса берсе кәсіпорындар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады" деген депутаттың сөзін келтіреді ​Tazabek интернет басылымы. Арапбаев Өзбекстанның шектеу енгізуіне не себеп болғанын анықтауды Қырғызстан премьер-министрі мен экономика министрлігінен сұрады.

Қырғызстан экономика министрі Олег Панкратов Өзбекстанның қырғыз цементін енгізуге тыйым салғанына бір аптаға жуық уақыт болғанын айтты.

"Қазір Өзбекстан елшісімен келіссөз жүріп жатыр. Егер ештеңе шешілмейтін болса онда біз (Өзбекстанға) делегация жіберіп, бұл тыйым жойылмаса барлық қажетті шаралар қабылдайтымызды жеткіземіз" деді министр.


ШЕТТЕН КЕЛЕТІН ЦЕМЕНТКЕ ЖЕҢІЛДІКТІ ЖОЯ МА?

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтың 2018 жылы қаңтардың 17-сі күні қабылдаған қаулысына сәйкес, 2020 жылғы қаңтардың 1-іне дейін кеден салығын төлегенде жеңілдік жасалатын шеттен келетін өнімдер, шикізат пен материалдар тізіміне цемент те енгізілген еді. Озодлик тілшісімен әңгімеде ферғаналық кәсіпкерлердің долбары бойынша, қырғыз цементін ел аумағына енгізуге тыйым салуға жергілікті цемент зауыттары иелерінің президент Мирзияевке жасаған үндеуі себеп болуы ықтимал.

- Өзбекстанда әртүрлі "сити" құрылысы басталғаннан кейін, ішкі нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етуге жергілікті цемент зауыттарының күші жетпеген соң шеттен әкелінетін цементке жеңілдік берген болатын. Бірақ енді өзбекстандық цемент зауыттарының иелері Мирзияевтан импорттық цемент рыногын жабуды сұрап отырған тәрізді. Сондықтан олар біздің жолымызды жауып отыр, - деді өзбек кәсіпкерлерінің бірі. Ол Өзбекстан президентінің шетелдік цементке жеңілдік беру туралы қаулысынан кейін Қырғызстаннан цемент тасумен айналыса бастаған.

2019 жылдың басында кеден салығын төлегенде жеңілдік жасалатын шеттен келетін өнімдер, шикізат пен материалдар тізімінен биылғы қазан айының 1-інен бастап цементті алып тастау жоспарланып отырғаны хабарланған. Ашық дерек көздерінде Өзбекстанға шеттен цемент әкелуге қатысты заң құжаттарына өзгерістер енгізу туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.

Соңғы рет "цемент мәселесі" президент Шавкат Мирзияевтың қатысуымен өткен жиында құрылыс материалдарының құнын азайту жайлы талқылау барысында айтылған.

"Биыл Қарақалпақстан, Сурхандария, Әндіжан және Науаи облыстарында әрқайсысы жылына екі миллион тонна өнім шығара алатын төрт цемент зауыты іске қосылды. Ал жылына 3,5 миллион тонна цемент өндіретін жаңа зауыттар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Шығарылатын цементтің жалпы көлемі 15 миллион тоннаға дейін жеткізіледі. Бұл ішкі сұранысты өтеп, цемент бағасын арзандатуға мүмкіндік беретіні айтылды" делінген Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің жиын туралы таратқан ақпаратында.

ӨЗБЕК КӘСІПКЕРІ: ОЛАРҒА ҚЫРҒЫЗ ЦЕМЕНТІНІҢ АРЗАН БОЛУЫ ЖАҚПАДЫ

Озодлик тілшісімен әңгімеде шеттен цемент әкелетін өзбекстандық кәсіпкерлер Қырғызстанның оңтүстігінде жұмыс істеп тұрған бірнеше цемент зауыты бағасы арзан әрі сапасы өзбекстандық цементтен жоғары өнім шығарып жатқанын айтты.

- Бізде Әндіжанда барлық шығынды қоса есептегенде цементтің келісін 650 сумнан (өзбек валютасы - ред.) сатады. "Кувасайцемент" және басқа зауыттар сататын цементтің келісі 70-80 сумға қымбат. Өзбекстанның цемент зауыттары цемент клинкерін Қырғызстаннан сатып алады. Цемент сапасы нақ сол клинкерге байланысты. Бірақ Өзбекстандағы зауыттар клинкерді аз қосады, сондықтан қырғызстандық цементке қарағанда олардың сапасы нашар, - дейді Өзбекстанға сырттан цемент әкелумен айналысатын кәсіпкерлердің бірі.

2018 жылы желтоқсанның 18-і күні Ош қаласында өткен Қырғызстан мен Өзбекстанның шекаралық облыстары басшыларының екінші отырысында екі елдің премьер-министрлері Абдулла Арипов пен Мухаммедкалый Абылгазиев екі көрші мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестіктің жол картасына қол қойған.

Осы кездесу барысында Өзбекстан Ош облысы кәсіпкерлерінен Қырғызстанның оңтүстігіндегі цемент зауыттарының жалпы құны бес миллион доллар тұратын өнімін сатып алатыны туралы келісімге қол қойғаны туралы хабарланған.

Мамырдың 20-сы күні YouTube порталында өзбек-қырғыз шекарасының бейтарап аумағында түсірілген видео жарияланды. Онда Өзбекстанға кіре алмай тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері шеттен цемент әкелуге салынған тыйымға наразылық білдіреді.

Видеода көлік жүргізушілері Қырғызстан үкіметіне үндеуінде көрші елдің билігінен цементті енгізуге салынған тыйым жайлы ресми жауап талап етуін сұрап өтініш айтады.

"Бізді ешқандай түсініктеме бермей және себебін айтпай өткізбей отыр. Көлігімізге тиелген цементті не істерімізді білмейміз. Бұл жерде өткізген әр күн бізге қымбатқа түсіп жатыр" деп мәлімдейді видеода көлік жүргізушілердің бірі.

ӘНДІЖАН ОБЛЫСЫНДА АШЫЛҒАН ЖАҢА ЗАУЫТ

2017 жылы шілденің 20-сы күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Әндіжан облысы Бұлақбас ауданында цемент зауыты құрылысын ұйымдастыру шаралары туралы қаулыға қол қойған. Ресми баспасөз жобаның жалпы құны 203,9 милион долларды құрайтыны, ал зауыт іске қосылған соң жылына 1,2 миллион тонна цемент өндіретіні туралы хабарлаған.

Биыл мамырдың 14-і күні Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі Әндіжан облысында жаңа цемент зауыты ашылғаны туралы ақпарат таратты.

Озодлик сөйлескен ферғаналық кәсіпкерлер (аты-жөндерін атамауды өтінді) Өзбекстанға қырғызстандық арзан әрі сапалы цементті әкелуге салынған тыйым нақты бір "мүдделі топтың" ісі деп топшылайды. Президент Мирзияев 2017 жылы қол қойған қаулыда инвестициялық жобаны іске асыру үшін құрылған Shangfeng-Bridge of Friendship бірлескен кәсіпорыны өндіріс іске қосылғаннан кейін алғашқы бес жылда заңды тұлғаның пайдасына, мүлкіне, аумақты абаттандыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға салынатын салық түрлерінен, республикалық жол қорына міндетті төлемдерден босатылатыны айтылған.

Бірақ Әндіжан облысында құны 200 миллион доллар тұратын цемент зауытын салған "шетелдік және жергілікті инвесторлар" туралы ақпарат әзірге еш жерде жарияланған жоқ.

Азаттықтың Өзбек қызметінің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG