2006 жылдан бері психиатриялық ауруханада мәжбүрлі түрде "емделген" журналист Жамшид Каримов биыл ақпанда бостандыққа шыққан болатын. Өзбекстанның тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтің немере інісі Жамшид Каримов Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик) тілшісіне психиатриялық клиникада аз ғана үзіліспен өткізген 11 жылдық "емдеуден" кейін денсаулығынан айырылғаны, бостандыққа шыққан соң әлі күнге жаңа төлқұжат ала алмай жүргені, елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзияевтің виртуалды қабылдау қызметіне жолдаған өтініштері жауапсыз қалғаны туралы айтып берді.
Төлқұжатсыз зейнеатқымды да ала алмай, жұмысқа да орналаса алмай жүрмін.
- 2006 жылдың жазында Швецияға кету үшін құжаттарымды ОВИР-ге (виза және тіркеу бөлімі. - Азаттық) өткізуге дайындап жүргенімде төлқұжатымды тартып алды. Бұл мені психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызардан сәл бұрын болған еді. Содан бері менде төлқұжат жоқ. Қызым төлқұжат алуыма көмектесулерін сұрап, президенттің виртуалды қызметіне жүгінген, бірақ бізге сол күйі жауап келген жоқ. Олар мұны әдейі жасап отыр ма, немесе бұл Өзбекстандағы әдеттегі бюрократия ма, білмеймін. Төлқұжатсыз зейнеатқымды да ала алмай, жұмысқа да орналаса алмай жүрмін. Қазір қолымда қызым берген ақшадан алты мың сум (70 центке жуық) ғана қалды, - дейді ол.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің ағасы Арслан Каримовтің ұлы Жамшид Каримов Жизақ қаласында тұрады. Ол 2000 жылдардан бастап халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтасып жұмыс істеген.
Журналист Каримов билікті ашық сынағаны үшін қудалауға ұшырап, ақыры оны психиатриялық клиникаға мәжбүрлі түрде жатқызған. Жамшид Каримовті алғаш рет 2005 жылғы қыркүйекте тұтқындаған, кейін Өзбекстан соты журналисті психиатриялық клиникаға күштеп жатқызу туралы шешім шығарған.
2006 жылғы қыркүйекте Жамшид Каримовті Самарқандағы психиатриялық клиникаға "мәжбүрлі түрде емдеу" үшін қамаған. 2011 жылдың күзінде оны бостандыққа шығарған, бірақ екі айдан кейін ол жұрт көзіне көрінбей кетті. 2012 жылдың басында президенттің немере інісі биліктің бұйрығымен психиатриялық ауруханаға қайта қамалғаны белгілі болды.
Жалғыз кісілік камерада "Иф қамалы тұтқыны" сияқты 10 жыл 5 ай отырдым.
- Еркіндікте жүрген екі ай үзілісті санамағанда, мен Самарқан зынданындағы жалғыз кісілік камерада "Иф қамалы тұтқыны" сияқты 10 жыл 5 ай отырдым. Самарқанның шетіндегі әрі ішкі істер министрлігіне қарасты психиатриялық клиникаға мені әлдебір айыптау үкімінсіз күштеп жатқызды, - дейді ол Азаттыққа.
Жамшид Каримов ұсталғанға дейін интернетте жергілікті және орталық билікті сынайтын бірнеше мақаласын жариялап үлгерген.
"Саған ешқандай айып тағылған жоқ, бізге жоғары жақтан сені жындыханаға жабыңдар деген бұйрық түсті" деп айтты.
- Мені "шизофренияға шалдыққан" деп шығарды. Бірақ мұны айыптау деп санауға болмайды ғой. Егер адам психикалық тұрғыдан сырқат болса, оның көзін жою керек пе? Психиатриялық ауруханаға түскенде маған: "Саған ешқандай айып тағылған жоқ, бізге жоғары жақтан сені жындыханаға жабыңдар деген бұйрық түсті" деп айтты. Шынымды айтсам, немере ағамның қазасы мен үшін мүлде күтпеген тосын сый тәрізді болды. Өйткені, зынданнан босап шығуыма шын мәнінде сол кісінің ажалы себеп болды. Ол өлгеннен кейін жаңа басшылықтың порталы ашылды. Қызым мені босатуды талап етіп, әлгі порталға шағым жазды. Қызым арыз бергеннен кейін 15 күн өткенде мені психиатриялық ауруханадан шығарды, - дейді Жамшид Каримов.
Оның сөзінше, психиатриялық клиникада оған сақтықпен, бірақ қатал қараған, аяушылық танытпаған.
Олар маған сақтықпен, бірақ тым қатал әрі аяусыз қарады. Ол жақтағы өмірім аштықта өтті.
- Қайткенмен, президенттің немере інісі болдым ғой. Олар маған сақтықпен, бірақ тым қатал әрі аяусыз қарады. Ол жақтағы өмірім аштықта өтті. Соның кесірінен зынданда созылмалы панкреатитке шалдықтым, - дейді президент Каримовтің туысы.
Психиатриялық ауруханадан босап шыққаннан кейін жуырда 50 жасқа толатын Жамшид Каримовтің бойы аласарып, бүкірейіп жүретін болған. Қазір Жамшид Каримов екінші топтағы мүгедек, бірақ ол сүйікті мамандығы – журналистикадан бас тартқысы келмейді.
- Журналистикамен айналысуды міндетті түрде жалғастырамын. Өйткені, мен үшін журналистика – ардақты мамандық, - дейді Жамшид Каримов Озодлик тілшісімен әңгімесінің соңында.
Психиатриялық ауруханаға күштеп жатқызылғанға дейін Жамшид Каримов IWPR (соғыс және бейбітшілік мәселелерін жариялау институты), "Арена" сынды беделді басылымдар және "Ферғана", Uznews.net ақпарат агенттіктерімен әріптестік орнатып, жұмыс істеген.