Accessibility links

"Қарызымды қайтару үшін суррогат ана болдым"


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстанда суррогат аналардың қызметіне жүгінетін отбасылар көбейіп келеді. Заңмен тыйым салынбаған мұндай қызметті жеке меншік клиникалар көрсетеді.

"ҚҰРСАҒЫҢДАҒЫ БАЛА СЕНІКІ ЕМЕС ДЕП АЙТТЫ"

Суррогат ана қызметін көрсеткен әйелдердің де, мұндай қызметке жүгінген отбасылардың да жеке деректері құпия ақпарат саналады. Сол себепті Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі әңгімелескен жандардың да аты-жөні өзгертіліп берілді.

30 жастағы Қаныкей – жалғызбасты ана. Үш жыл бұрын ол ақшадан қысылған соң бір отбасы үшін суррогат ана болуға келісімін берген.

- Баламды асырауға ақша жетпеді. Мойнымда қарыздарым болған, соларды қайтару үшін несие алдым. Туыс әпкемнің үйін кепілге қойған болатынмын. Несиені төлей алмадым. Интернеттен "суррогат ана керек" деген хабарландыруды көзім шалды. Әлгі отбасы Америкадан келіпті. Ерлі-зайыптылардың жасы 40-тан асқан, әйелі көп жылдан бері бала көтере алмай жүр екен. Екеуімен кездесіп сөйлестім, шарттарына келістік. Маған дейін төрт-бес қызбен сөйлесіпті, бірақ олардың анализдері сәйкес келмепті, - дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Нәрестелі болғысы келген ерлі-зайыптылар мен Қаныкей толық медициналық тексеруден өтіп, қан талдамаларын тапсырған. Қаныкей дәрігерлердің келісімінен кейін ғана Алматыға көшкен. Қаныкейдің айтуынша, тараптар келісім-шартқа отырған, олармен дәрігерлер мен психологтар жұмыс істеген.

Дәрігерлер "құрсағыңдағы бала сенікі емес, сен оны көтеріп, босанасың, сонымен болды" деп түсіндірді

- Менің балаға қатысты ешқандай құқығым жоқ екені көрсетілген келісім-шартқа отырдық. Әлгі отбасы маған әуелі 10 мың доллар, кейін бес мың доллар төледі. Бұдан бөлек, келісім-шартта егер бала жарымжан болып туса я шетінеп кетсе, мені жауапқа тарта алмайтындай, алған ақшаны оларға қайтармайтындай етіп жасадық. Яғни әлгі отбасы менің қызметіме ақшасы мен уақытын тәуекелге тігіп жүгінген болып тұр. Дәрігерлер "құрсағыңдағы бала сенікі емес, сен оны көтеріп, босанасың, сонымен болды" деп түсіндірді, - дейді келіншек.

Перзентханадағы нәрестелер. (Көрнекі сурет.)
Перзентханадағы нәрестелер. (Көрнекі сурет.)

Аяғы ауыр кезінде Қаныкей шетелдік отбасымен бірге тұрған. Жүкті әйелдің жүріс-тұрысын, дұрыс тамақтануын, дәрігерлерге уақытында көрініп тұруын – бәрін әлгі ерлі-зайыптылар қадағалаған.

- Екіқабат кезімде қатты қиналдым. Бұл жолғы токсикоз осыған дейін жүкті болған кездегіден ауыр болды. Әлгі ерлі-зайыптылар асты-үстіме түсіп бәйек болып, маған өте жақсы қарады. Перзентханада баланы қолыма алған кезде жылап жібердім. Бірақ ол маған ұқсамайды екен. Азиат емес, аққұба келген ұл бала болды. Мені 10 ай көрмеген қызымды ойлап, өзімді жұбаттым да, нәрестені әлгі адамдарға бердім. Мен Бішкекке кеткеннен кейін бір айдан соң әлгі әйел телефон соғып, рахметін айтты, "енді АҚШ-қа кетеміз" деп хабарлады. Қазір бала үш жаста. Олардан алған ақшаны қарызыма бердім, қалғанын қызыма, денсаулығымды түзетуге жұмсадым. Дәрігерлер ішімді жарып ("кесарь тілігі") босандырған, сондықтан қиын болды. Елге ақшамен оралдым, ешкімге ештеңе деген жоқпын, жұртқа "Алматыда базарда істейтін туыстарымда жұмыс істеп келдім" дей салдым, - дейді Қаныкей.

Қазір келіншек тағы бір мәрте суррогат ана болуға дайындалып жүр. Ол мұндай қызметті пайдаланғысы келетін отбасын іздеп, хабарландыру берген.


СУРРОГАТ АНА ІЗДЕУ

Қаныкей жарнамасын жариялаған сайтта суррогат ана іздегендердің де хабарландырулары бар. Нәрестелі болғысы келетін жандар әдетте суррогат ана болатын әйелдің бұрын бала туған әрі белгілі бір жаста болғанын қалайды.

Азаттық әңгімелескен тағы бір әйел суррогат ана іздеп жүргенін айтады. Күйеуі екеуі Қазақстанда жұмыс істейді.

- Бала асырап алғым келмейді. Бала өзімдікі болуы тиіс. Былтыр бір әйелмен келіскен едік. Процедураны бастайық деп ұйғарып едік, ол жоғалып кетті, телефон тұтқасын көтермей қойды. Мүмкін, биыл сәті түсетін шығар деп ойладым. Әйел бізбен бірге тұруы шарт, бәрін өзім қадағалауым керек, әйтпесе сенбеймін, - дейді ол.

Зертханада жұмыс істеп отырған маман. (Көрнекі сурет.)
Зертханада жұмыс істеп отырған маман. (Көрнекі сурет.)

Бұл отбасы суррогат ананың қызметі үшін бес мың доллар төлемекші. Жарнама бергеннен кейін хабарласқан он шақты бойжеткен бала көтеріп, босанып беруге келіскен.

- Нарыннан бір қыз, Жалал-Абадтан екі әйел, Ресейден екі мигрант әйел хабарласты. Араларында 17-18 жастағы қыздар да бар. "Баламды сатып ал, мың долларға берем" немесе "асырап ал" дегендер де болды. Бірақ бұған келіспедім. Қазір 5-6 келіншекпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бізге қайсысының анализдері тура келетінін білмейміз, - дейді ол.

Мамандардың мәлімдеуінше, Қырғызстанда суррогат ана болуға келісетін қыз-келіншектерге сұраныс көбейген. Суррогат аналардың қызметіне қанша отбасы жүгінгені және мұндай қызметпен қанша әйелдің айналысатыны әзірше белгісіз. Құпия ақпарат болғандықтан, медициналық клиникалар мұндай деректерді бермейді. Кей қырғызстандықтар Ресей, Қазақстан клиникаларының қызметін пайдаланады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қырғызстандағы "Асымбекова клиникасының" Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатымен осы бағытта жұмыс істеп жатқанына оныншы жылға айналған. Клиникада суррогат ана қызметінің түрлері 2,5 мыңнан 4,5 мың долларға дейін тұрады. Мұндай қызмет түрлері туралы клиника басшысы Гүлнәр Асымбекова айтып берді.

Дүниеге келген баланы мұндай қызметке жүгінген ерлі-зайыптыларға заңды негізде береді

- Адамдар бізге түрлі проблемаларымен келеді. Әрине, жұрттың бәрі нәресте сүйгісі келеді. Бірақ белсіздіктің я бедеуліктің кесірінен кей жандардың мұндай мүмкіндігі жоқ. Енді біреулері бұрын босанған, бірақ қан көп кетіп, өміріне қауіп төнген соң жатырын алып тастаған. Экстракорпоралды ұрықтандыру тәсілімен бала көтеру үшін күн сайын бір-екі әйел келеді. Оларға суррогат ана болуға келіскен әйелдердің тізімін де береміз, бірақ бағасы мен шарттарын өздері келіседі. Дүниеге келген баланы мұндай қызметке жүгінген ерлі-зайыптыларға заңды негізде береді, - дейді Асымбекова.

Оның сөзінше, өзара келіскеннен кейін бала сүйгісі келетін отбасы мен суррогат ана келісім-шартқа отырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, "гестациялық (жүкті) курьер – үшінші тарапқа тиесілі ооциттерді үшінші тарапқа тиесілі сперматозоидтармен ұрықтандыру нәтижесінде бала көтеретін әйел. Ол болашақ сәбидің ата-анасының біреуінің немесе екеуінің де гаметаларын (жыныс жасушалары) пайдаланып ұрықтандыру жолымен бала көтеріп, дүниеге әкеледі деген шартпен немесе келісіммен жүкті болады.

Дегенмен әйелді ер адамның шәуетімен жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы дүниеге келген баланы әлгі ер адам мен оның әйеліне (егер ол үйленген болса) беретін жағдай да суррогат ананың қызметіне жүгіну деп саналады. Мұндай жағдайда суррогат ана баланың генетикалық анасы болады.

Қырғызстан заңында балаға жүкті болып, оны босанып беретін әйелдің қызметіне жүгінуге тыйым салынбаған. 2015 жылы елде "Азаматтардың репродуктивті құқықтары мен оған берілетін кепілдіктер туралы" заң қабылданған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісі Айгерім Ақылбекованың мақаласы орысшадан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG