Accessibility links

ОҚО-да екі аптада екі тастанды бала табылды


Жан сақтау бөлімінде жатқан нәресте. (Көрнекі сурет)
Жан сақтау бөлімінде жатқан нәресте. (Көрнекі сурет)

Ақпанның 25-і Шымкент көшесінен жаңа туған бала жалаңаш күйінде табылған еді. Бір апта өтпестен Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам ауданынан тағы бір тастанды нәресте табылды. Екі сәби де ауруханада жатыр, аналары әзірге табылмады. Мамандар дерегінше, ата-аналары бас тартып, «Бөбектер үйіне» өткізілген нәрестелер 20 пайызға көбейген.

ЕКІ БАЛАНЫҢ ТАБЫЛУ ТАРИХЫ

Ақпанның 25-і Шымкенттегі №2 перзентхананың жан сақтау бөліміне түскен баланың анасы табылмаған. Дәрігерлер оған Жұлдыз Сақтаған деген ат қойған. Жұлдызды көшеге тастап кету оқиғасы бақылау камерасына түсіп қалған. Дәрігерлер сөзінше, ұзын плащь киген, басын бүркеген әйел көліктен әрең түсіп, зорға жүрген. Ол Гагарин мен Абай көшелері қилысындағы банкомат пен қоқыс жәшігі ортасына баланы жалаңаш күйінде жерге қойып кеткен.

Сол күні Шымкентте жаңбыр жауып тұрған. Видео уақытымен есептеген мамандар «бала сол жерде бір сағат жатқан» дейді. Оны таяу маңдағы «ДауМед» жеке клиникасының күзетшісі байқап, нәресте перзентханаға жедел-жәрдем көлігімен таңғы сағат 9:20-да жеткізілген. Перзентхананың бас дәрігері Лейла Үкібаева наурыздың 3-і күні:

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

- Қыз, салмағы – 2,7 килограмм. Жағдайы өте ауыр, тыныс алуы мен жүрек соғысы баяу, температурасы 30 градустан төмен болды. Тыныс беру аппаратына қостық. Гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия, құрысу синдромы болуы мүмкін, - деді.

Апта бойы жан сақтау бөлімінде жатқан Жұлдыздың денсаулығы сәл жақсарып, наурыздың 6-сы палатаға ауыстырылған. Ал наурыздың 4-і күні осы облыстағы Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылы мектебінің ауласынан тағы бір нәресте табылған. Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) денсаулық сақтау департаменті баспасөз хатшысы Асылбек Досалының айтуынша, «қыз баланың салмағы – 3,8 килограмм».

- Жаңа туған, сөмкеге салып, тастап кеткен. Табылғанда температурасы төмен болды. Жедел жәрдем Сайрамдағы Ақсукент ауданы ауруханасына апарған. Дәрігерлер қазір жағдайын қалыпты деп отыр, - дейді ол. Бұл оқиғаға қатысты да қылмыстық іс қозғалған.

«БӨБЕКТЕР ҮЙІНЕ» ӨТКІЗІЛЕТІН БАЛАЛАР КӨБЕЙГЕН

Шымкенттегі мемлекет тарапынан қаржыландырылатын мамандандырылған «Бөбектер үйінің» бас дәрігері Раушан Оразбаеваның айтуынша, аналары табылмаған жағдайда тастанды балалар осы мекемеге жолданып, мұнда төрт жасқа дейін болады. «Бөбектер үйі» ОҚО бойынша ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін, оларға медициналық көмек көрсететін жалғыз мекеме.

- Ондай балаларды қарау, күту - біздің міндетіміз. Бізге ата-анасы бас тартқан балалар көбіне перзентханадан жолдамамен түседі. Ал тастанды балалар полиция актісімен келеді. Іздеу жарияланады, ата-анасы табылмаса, ата-ана құқығынан айыруға сотқа шағым түсіреміз, - дейді Раушан Оразбаева.

Мамандандырылған "Бөбектер үйінің" бас дәрігері Раушан Оразбаева. Шымкент, 2 наурыз 2017 жыл.
Мамандандырылған "Бөбектер үйінің" бас дәрігері Раушан Оразбаева. Шымкент, 2 наурыз 2017 жыл.

Қазір «Бөбектер үйінде» төрт жасқа дейінгі 82 бала бар. Соның ішінде ата-аналары мүлде бас тартқан бала – бесеу, ал анасы көшеге тастап кеткені - алтау. Бұл 11 баланың барлығы дерлік мүгедек болып қалған. Қалған балалардың ата-анасы перзентханадағы құжаттарынан белгілі. Кейбірі хабарласып тұратын олар өз шешімімен сәбилерін «Бөбектер үйінде» қалдырған. Раушан Оразбаева 2015 жылы бұл мекемеде жиыны 65 бала болғанын айтады. Бұл көрсеткіштерден «Бөбектер үйіне» өткізілген балалардың саны 20 пайызға жуық өскенін аңғаруға болады.

Бас дәрігер сөзіне қарағанда, мұндағы балалардың тастанды нәрестелерден өзгесі екі топқа жатады. «Үміт тобы» некесіз бірінші рет босанған жас қыздар балаларын түпкілікті тастап кетпеу үшін ашылған. Бұл топтағы 20-дан астам баланы аналары немесе туыстары келіп, көріп тұрады. Маман «2015 жылы «Үміт тобына» - 15 бала, 2016 жылы 23 бала түскенін» айтады.

Раушан Оразбаева «Үміт тобымен» жұмыс тәсілдерін түрлі мысалдармен баяндады. Ол былтыр некесіз жас қыз («Бөбектер үйі» жабық мекеме болғандықтан, аты-жөні аталмайды ) баласынан бас тартқанын, бірақ психолог, дәрігер, педагогтар кіретін «Бөбектер үйі» кеңесі қызбен сөйлескенін айтады. Қыздың жүкті болып қалғанын білген жігіті «баланы қайда апарарын білмей» тастап кеткен. Қызметкерлер ебін тауып жігітпен де сөйлесіп, екі жасқа балаларын көрсетіп, олардың қайта араласуына себеп болған. Жарты жыл ішінде жігіт қызға үйленіп, балаларын алып кеткен.

Біз баланы ата-анасымен табыстыруға барынша жұмыс істейміз, осында түскен әр баланы ата-анасымен кездестіруге тырысамыз. Мұндағы кез келген бала мейірімге мұқтаж. Қызметкерлер қанша жылы қараса да, бала ата-ана мейірімін күтеді.

- Біз баланы ата-анасымен табыстыруға барынша жұмыс істейміз, осында түскен әр баланы ата-анасымен кездестіруге тырысамыз. Мұндағы кез келген бала мейірімге мұқтаж. Қызметкерлер қанша жылы қараса да, бала ата-ана мейірімін күтеді, - дейді бас дәрігер.

Балалардың кездесуге келмеген жақындарының мекен-жайын қызметкерлер полиция арқылы табуға тырысады, табылған жағдайда байланыс орнатып, сөйлесе бастайды. Раушан Оразбаеваның айтуынша, «Былтыр перзентханада мүгедек баласынан бас тартып, кейін оны іздеп, «Бөбектер үйінен» тапқан отбасы да бар. Олар қазір баланы қайтарып алу үшін сотқа өтініш түсірген, құжаттандыру жұмыстары жүріп жатыр».

- Үміт тобынан бөлек «Жеке ана» деген топ бар. Онда әлеуметтік жағдайы төмен, үй-жайы, жұмысы жоқ, күнкөрісі нашар аналар балаларын уақытша тапсырады. Соңғы уақытта жағдайы жоқ отбасылардың балалары көбейді, былтыр осы топқа 47 бала түсті, биыл екі айда 6 бала түсті, - дейді ол.

Бас дәрігер айтқан статистикаға қарағанда, «Жеке ана» тобына былтыр айына төрт бала түсіп отырса, биылғы көрсеткіштің де аса азаймағанын көруге болады. Ата-анасы табылмаған балалар төрт жасқа дейін осында болып, ары қарай Шымкенттегі №3 балалар үйіне жіберіледі.

Психолог Гүлжәмила Нүсіпжанованың сөзіне қарағанда, тастанды бала проблемасы жеке адамның емес, қазір қоғамдық мәселеге айналған.

Мамандандырылған "Бөбектер үйіне" кіріп бара жатқан әйел. Шымкент, 2 наурыз 2017 жыл.
Мамандандырылған "Бөбектер үйіне" кіріп бара жатқан әйел. Шымкент, 2 наурыз 2017 жыл.

- Жүкті болған қыз да, жүкті еткен азамат та баланы тастаса, проблемадан құтыламын деп ойлайды. Жатырда жатқанда-ақ бала денсаулығына әйелдің қайғы-мұңы әсер етуі мүмкін. Баланы тастап кеткен соң қыз қателігін артынан түсінуі де ғажап емес. Бірақ ол кезде кеш болады, - дейді психолог.

Гүлжәмила Нүсіпжанова «Тастанды атанған кезден бастап бала өмір бойы ойынан кетпейтін психологиялық жарақат алады. Ол ғұмыр бойы жалғызсырап өтеді» дейді. Ал ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова екі баланың да анасы іздестіріліп жатқанын айтады. Ол «Бұл - резонанс тудырған қылмыстық істер. Іздестіру шараларының өз әдістері бар. Біз ол әдістерді айта алмаймыз» деді.

ОҚО ІІД мәліметі бойынша, баласын көшеге тастап кеткен адамдардың үстінен қылмыстық кодекстің «Қауiптi жағдайда қалдыру» бабы бойынша іс қозғалады. Бұл бап бойынша айыппұл салу, қылмыс салдарына қарай 45 тәуліктен екі жылға дейінгі мерзімге соттау жазасы қаралған. Ал кісі өлімі болған жағдайда қылмыскер үш немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

XS
SM
MD
LG