Accessibility links

Әйелдердің жетіспеуі адам саудасына әсер етіп отыр


Пекин көшесіндегі ер адамдар. Көрнекі сурет.
Пекин көшесіндегі ер адамдар. Көрнекі сурет.

Қытайдағы гендерлік алшақтық кесірінен елге шеттен әйелдерді алдап шақыру немесе ұрлап әкетіп, күштеп және қорқытып жыныстық саудаға салу, басыбайлы күңге айналдыру белең алған. АҚШ мемлекеттік департаментінің арнаулы есебінде Қытай үкіметінің тууды шектеуге бағытталған көпжылдық саясаты мен қытайлардың ұлдарға басымдық беру дәстүрі ондаған миллион әйелдің жасанды түсік жасату арқылы болашақ сәбиінің жынысын алдын-ала таңдауына жол ашқаны, әйелдер мен ерлер арасындағы алшақтық ұлғайып бара жатқаны айтылған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2019 жылғы әлемдегі адам саудасы туралы есебінде Қытай Халық Республикасында қылмыскерлер "Оңтүстік, Оңтүстік-шығыс және Солтүстік-шығыс Азия, Африка елдерінің әйелдері мен қыздарын қытай ер азаматтарына күштеп қосып, заңсыз түрде неке рәсімдеуге көмектеседі" делінген.

Соңғы ресми деректер бойынша, қазір Қытайда 1 миллиард 404 миллион адам тұрады. Ерлер әйелдерден 34 миллионға көп. Әсіресе жастар арасында гендерлік алшақтық қатты байқалады. БҰҰ дерегінше, 2018 жылы Қытайда 15-29 жас аралығындағы 100 әйелге 280 ер адамнан келген. Болжам бойынша, 2026 жылға қарай 15-29 жас аралығындағы әр әйелге үш ер адамнан келеді. Бұл алшақтықты жою үшін ондаған жыл уақыт керек.

Нәтижесінде қытайлық ерлер, әсіресе, ауылдық жерде кедей отбасында туғандар өздеріне қалыңдық таба алмайды. Кейбір қытайлық жасөспірімдер бақытты некеден үміттеніп, жеке үй салуға қыруар қаржы жұмсайды. Бұл жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауына соқтырады. Той шығынына қосымша қалыңмал құны 30 мың долларға дейін жетеді. Халықтың басым бөлігінің мұндай шығынды өтеуге жағдайы жоқ. АҚШ мемлекеттік департаменті мен БҰҰ ұсынған ақпаратқа сәйкес, кейбір қытайлық ерлер осы себептен шетелдік әйелмен некеге тұру үшін "жеңгетайлық" қызметі қымбат тұратын делдалдар көмегіне жүгінеді. Үйленуге кеткен шығындарды өтеу үшін ер адамдардың көбі әйелін жыныстық құлдыққа салады немесе ауылшарушылық жұмысқа мәжбүрлеп жегеді.​

Адам саудасымен айналысқан деген күдікпен ұсталғандар. Гуанчжоу, Қытай.
Адам саудасымен айналысқан деген күдікпен ұсталғандар. Гуанчжоу, Қытай.

Құжатта "Жақында Пәкістанда адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтың әшкереленуі Қытайдағы әйел тапшылығының басқа елдерге де әсер етіп жатқанын көрсетеді" делінген. Қытайдағы адам саудасының құрбанына айналатындар арасында әдетте Пәкістандағы шағын әрі әлеуметтік оқшауланған христиан қоғамының, Мьянма билігінің қудалауына ұшыраған качин ұлтының өкілдері көптеп кездеседі.

Мәскеудегі экономика жоғарғы мектебі шығыс зерттеулері орталығының жетекшісі, қытайтанушы Алексей Маслов бұл мәселенің ауқымы мен оның әртүрлі аспектілері туралы Азаттықтың Орыс қызметіне айтып берді.

Алексей Маслов: Менің көзқарасымда ашық талқыланбайтын, бірақ Қытайда тұратын барлық адамға – жергілікті халыққа да, шетелдікке де таныс бір жағдай бар. Көп жылдар бойы "Бір отбасы – бір бала" саясаты салдарынан Қытайда туған қыздарын тіркемей келген. Бұл әр отбасындағы әйел ұл бала дүниеге келгенше туа бергенін көрсетеді. Маған өзім дос болған ауылдағы үш қызы, бір ұлы (ұлы әрдайым кенже бала болады) бар отбасылар жақсы таныс. Үш қыздың жағдайы қалай? Олардың бірін ресми тіркеген, ол статистикаға кіреді. Ал қалған екеуі ешқандай есепте жоқ. Билік олар туралы біле ме? Әрине, біледі! Өйткені бұл ауыл және мұнда кімнің үйінде қанша бала бары бәріне белгілі.

Мұндай жағдайда қандай шара қолданылады? Ресми түрде бұл қыздар үшін ұзақ уақыт бойы айыппұл төлеу керек. Сонда айыппұл төлеген ата-ананың қыздары заңды түрде тіркеуге алынады. Бірақ отбасы (көпшілігі солай жасайды) "Біздің ақшамыз жоқ. Ескі үйіміз бар. Бірақ заң бойынша да, адамгершілік тұрғысынан да оны тартып ала алмайсыңдар" деп айтады. Нәтижесінде бұл қыздар өмір сүруді жалғастыра береді. Бірақ олар мектепке тіркелмей, жасырын оқиды. Жеке куәлігі болмағандықтан, университетке түсе алмайды. Қазір қытай демографтарының әртүрлі есебі бойынша, елде "еш жерде тіркелмеген" осындай 60 миллион қыз бар. Бұл ерлер мен әйелдер арасындағы алшақтық соншалық үлкен емесін көрсетеді.

Бірақ басқа мәселе де бар. Еш жерде есепке алынбаған бақытсыз қыздар әртүрлі зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды. Олардың бар екенін растайтын құжат болмағандықтан, қыздардың құқығын ешкім қорғамайды. Оларды әдетте Қытайда көп кездесетін массаж жасайтын орындарға және шаштаразға жібереді. Онда қыздар жергілікті және шетелден келген ерлерге қызмет көрсетеді. Бұл жезөкшелер үйі емес, жергілікті "жаппай гедонизмге" ерген, шулы ортада отырып, әйелдердің өздеріне көңіл аударғанын қалайтын қытайлық ерлер келетін орындар. Қытайда мұндай демалыс түрі кең танымал. Мұндай орталықтарда қызметкерлер ерлерді ішкізіп, олармен бірге караокеде ән айтады. Қызметкерлердің денін туған елінде мемлекет есебіне ілінбеген, басқа жұмыспен айналысуға мүмкіндігі жоқ әйелдер құрайды.

Азаттық: Қытай отбасы үшін той жасау, әсіресе жігіттің туыстарына көп қиындық туғыза ма?

Алексей Маслов: Бұрын бұл қиын міндет болатын, бірақ қазір Қытай қатты өзгерді. Бүгінде Қытайда халықтың 60 проценті қалада тұрады. Олар өмір салты, талап-тілегі мен қажеттілігі бойынша кәдімгі қала халқына айналған. Қытайдағы қала халқының өмірі кез келген батыс мегаполисі тұрғыны тұрмысынан қатты ерекшеленбейді. Ауылға оралсақ, ол жақта ер азаматты үйлендіру үшін оның отбасы ақша жинап, қызды қалыңмал төлеп қана алып келген. Әдемі қыздарын отбасы тұрмысқа беріп, мол табысқа кенелу көзі қылатын.

Тарихтан Қытайда некенің әртүрлі формасы болғаны белгілі. Мәселен, 1970 жылдары бес, алты, жеті жасар баланы өзінен едәуір үлкен, кейде тіпті егде жастағы әйелге қосып, ресми түрде некесін қиятын болған. Ұлдың ата-анасы ондай әйелге тіпті қалыңмал төлеген. Неге? Өйткені баланың ата-анасы қарт кісілер болғандықтан, олар үйлендіру арқылы ұлын ересек әйелдің тәрбиесіне берген. Ең оңайы, баланы ақша төлеп үйлендіру болған. Бұл қалыпты отбасылық өмірге ұқсамағанымен, әйел балаға қамқорлықпен қараған. Қазір мұндай неке формасы жоқ. Бірақ шалғай ауылдарда әлі де осы дәстүрмен үйлендіру сақталған деседі. Қалада тұратын отбасыларда үйлену үшін міндетті түрде ата-ана рұқсатын алу, келінге қалыңмал төлеу деген дәстүр мүлде кездеспейді. Өйткені жастар барлық жағынан, әсіресе қаржылық тұрғыдан тәуелсіздікке қол жеткізді. Қытайлық жасты "яппи" деп атасақ, ол қазір ата-анасына тәуелді емес.

Пекин салонындағы Lamborghini көлігі.
Пекин салонындағы Lamborghini көлігі.

Бірақ көптеген таныстарым той шығынын өзі өтеу үшін ақша жинау туралы көп ойланады. Қытайдағы тойлар өте үлкен әрі аста-төк өтуі керек. Менің 22-23 жастағы қытайлық студенттерім бір жағынан ата-аналары олардың жалғыз жүргеніне назар аудармайтынын, екінші жағынан, өз күшімен үйленуге қаржылары жетпейтінін айтып шағынады. Менің "Шағын мейрамхана жалдап, Совет Одағындағы "комсомол тойын" жасап, қонақтар өздерімен ақша немесе шартты түрде ас ішетін ыдыстар алып келсе болады ғой?" деген ұсынысымнан олар "Жоқ, жоқ!" деп үзілді-кесілді бас тартады. "Әрине, олай жасауға болады. Бірақ біз онда жұрттың сөзіне қаламыз" дейді олар.

Қазір Қытайда тойға көп қаржы жұмсауға қарсы күрес партия деңгейінде жүріп жатыр. Жастарға "бұлай шашылып той жасаудың қажеті жоқ" дегенді түсіндіру қолға алынған. Мемлекеттің бұл мәселеге алаңдаушылық білдіруі түсінікті жайт. Өйткені Қытайға тұрақты отбасылардың көп болғаны керек. Халықтың көп бөлігі қартайып бара жатқандықтан, мемлекет әр отбасында кемі екі бала болғанын қалайды. Пәтерсіз, жатақханада тұратын жастың жақсы той жасауға жағдайы жетпесе, мемлекеттің көздегені орындалмайды. Сондықтан қазір бұл мәселемен жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат айналысады.

Жас жұбайлар. Пекин, ақпан, 2019 жыл.
Жас жұбайлар. Пекин, ақпан, 2019 жыл.

Азаттық: Қазір Қытайда жаңа демографиялық саясат бар ма?

Алексей Маслов: Жаңа демографиялық саясат салық саясатынан көрініс тапқан. Мәселен, үйі мен пәтері жоқ жас отбасыға ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істеуі керек деген талаппен мемлекеттің сыйлығы саналатын дотация беріледі. Басқа жағдайды қарастырып көрейік: күйеуі мен әйелінің жұмысы екі қалада болғандықтан, ерлі-зайыпты бөлек тұруға мәжбүр болса, олардың әрқайсысына уақытша жеке пәтер ұсынылады. Ең бастысы, жас отбасы балалы болып, бірге тұруға тырысуы керек. Сонда мемлекет оларға тұрақты пәтер береді. Оған қосымша, мемлекет ресми түрде "бір отбасы – екі бала" заңының күшін жоймастан, жас отбасыларды көп балалы болуға ынталандырып жатыр. Мысалы, бірінші және екінші балаға отбасы тұратын аймаққа байланысты жәрдемақы төленеді. Мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, баланың ата-анасы мемлекеттік қызметте істесе немесе акционер болса, жұмыстан да жәрдемақы төленеді.

Бірақ билік азаматтар құндылығының өзгеруі мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Мен мұны қытайлық азаматтармен жеке сөйлескенде байқадым. Пекин, Шанхай, Гуанчжоу сияқты үлкен қалаларда тұратын жастар "Еі әуелі кәсіби тұрғыда өсуге күш саламыз. Диссертация қорғаймын, үлкен корпорацияға жұмысқа тұрамын немесе шетелге тәжірибе жинақтауға барамын. Тек содан кейін отбасы мәселесіне көңіл бөлуге болады" дейді. Біз үшін қалыпты көрінетін мұндай ойлар қытайлар үшін санадағы төңкеріс саналады. Бұрын отбасы өмірдегі негізгі әрі жалғыз құндылық болатын. Бастысы, адамдар барлық тыйымдар мен қаржылық жағдайына қарамастан қанша бала болса да туудан бас тартпайтын. Қазір қытайлар отбасын 28–30 жаста немесе одан да кеш құрады. Сондықтан қалалық отбасыда әдетте бір немесе екі бала ғана болады. Өйткені олар жеке тұрады және туыстарынан көмек сұрамайды. Олар балаларды балабақшаға беруге мәжбүр, ал бұл тағы да шығын. Сондықтан олар балаға жұмсалған әр тиынды санайды – бұрын олай болмайтын.

Бұрын "отбасында кемі бір ұл бала болуы керек, ол кейін университет бітіріп, жұмыс істеп, отбасын асырайды" деген түсінік болса, қазір баланы аяғынан тұрғанша бағып, жақсы білім беріп, "Бір кездері біз өз күшімізбен адам болғанымыз сияқты, сен де енді өз өміріңе өзің жауаптысың" деп үлкен өмірге шығарып салады. Батыс демографтары бұрынғы әдетпен әлі де жазып жүрген дәстүрлі Қытай қазір жоқ.

Азаттық: Қолда бар құжаттар мен деректерге қарағанда, Қытайдағы әйел тапшылығы, әсіресе жергілікті және шетелдік қыздардың адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер құрбанына айналуы алаңдаушылық туғызады. Шын мәнінде қалыптасқан жағдай осынша қауіпті ме?

Алексей Маслов: Мен осындай жағдай болғаны туралы тек бір не екі рет қана естідім. Қытайға жұмыс іздеп филиппин, малай, вьетнам және тай әйелдері көп келеді. Ресми түрде олардың бәрін жыныстық сауда құрбандары ретінде қарастырады. Әйелдер әуелден-ақ қандай жұмысқа бара жатқанын жақсы біледі. Мысалы, Гонконгта шатыр астында мыңдаған, он мыңдаған филиппин және тай әйелдері отыратын еңбек нарығына айналған тұтас бір аудан бар. Онда кез келген адам келіп, өзіне биші, әнші, хатшы, шаштараз, үй қызметшісі немесе көңілдес әйел таба алады. Оларды алып-сатып, күштеп ұстап, қорлайтыны туралы Қытай ақпарат құралдары үздіксіз айтып келеді. Бірақ Қытай билігі осындай қауіп барын, белгісіз адамдар мен ұйымдар ұсынған жұмысқа келіспеу керегін үнемі еске салып отырады.

Әйел саудасымен айналысқан жасырын топ құрған деп айыпталған Қытай азаматтары Исламабад сотында тұр. Пәкістан, мамыр, 2019 жыл.
Әйел саудасымен айналысқан жасырын топ құрған деп айыпталған Қытай азаматтары Исламабад сотында тұр. Пәкістан, мамыр, 2019 жыл.

Оның үстіне, қазір Қытайда шетелдіктерге де жұмыс табуға көмектесетін арнаулы орталықтар бар. Яғни, Қытайда жұмыс істегісі келген адам, ұлтына қарамастан, осындай орталықтар көмегін алады. Ол жақта сізге қауіпсіз жұмыс тауып береді. Қытайлық қылмыскерлер әдетте Қытайдан жұмыс тапқысы келген шетелдіктердің жергілікті еңбек нарығы мен заңдар туралы ештеңе білмейтінін пайдаланады.

Жақында болған бір шынайы оқиғаны баяндап берейін. Таныстарының Қытайда орыс модельдері ерекше сұранысқа ие деген сөзіне (негізі бұл жартылай шындық) сеніп қалған орыс қыз Қытайға барған. Қытайда оған жаман ештеңе жасамағанымен, қытайлар әдетте шетелдіктер еңбегін қалай пайдаланса, оны да дәл солай жұмысқа салған. Төлқұжатын тартып алып, өте көп фотосессияға түсуге, подиумға шығып, көрмелерде қандай да бір тауарларды жарнамалауға мәжбүрлеген. Оған қоса, белгілі бір дене өлшемдерін қатаң сақтауды талап еткен. Ресей азаматының сақтандыру құжаты болмаған. Оның жағдайы туралы кездейсоқ білген басқа ресейлік азаматтар өлімші халге жеткен қызды тауып, құтқарып алған.


Мен осы мәселе бойынша бірқатар талдау жұмыстарын жүргіздім. Қытайға жұмысқа баратын ресейліктердің көбі жұмыс берушімен еңбек қатынастары нақты жазылған келісімшарт жасау керегінен хабарсыз. Медициналық сақтандыру қажет екенін және өздерінің қандай да бір құқығы барын білмейді. Жалақы көлемін де алдын-ала келіспейді. Әдетте оларға қанша жұмыс істегеніне қарап төлейді. Мен Қытайда фотомодель боп жұмыс істеуге кеткісі келетін қыздармен сөйлесіп, олардың қытай заңдарын (Қытайда заң өте қатал) және бұл елде жұмыс істеу қиын екенін білмейтінін түсіндім. Олардың бәрі "Ұнамаса, қайтып кетем" деді. Шын мәнінде бұл оңай емес. Қытайға жұмысқа баруға салғырт қараған адамның қандай қолға түсері белгілі ғой. Олардың төлқұжатын тартып алып, заңсыз жұмыс істейтіндерді полиция әкетіп, қамайды деп қорқытады.

Қорытындылай келе, Қытай ауқымын ескергенде, ондағы әйелдердің заңсыз нарығы аса қатты үлкен емес дер едім. Шын мәнінде Қытай билігі мұндай қылмыскерлерге қарсы белсенді күрес жүргізіп келеді. Бірақ мәселе басқада. Әдетте қылмыскерлер қолына Қытай заңдары қатал екенін түсінбеген адам түседі. Бұл елдің заңдары мен талаптарын түсінген адамға жақсы, қауіпсіз жұмыс істеп, жоғары жалақы табуға әбден болады.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Александр Гостевтің материалынан аударылды.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG