Accessibility links

"Өзгені мінейді, өзін сынағанды бұғаттайды". Қытай елшісінің әлеуметтік желідегі тірлігі


Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо.

Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің Twitter желісіндегі ресми аккаунты тіркелгеннен бастап жұмыстары жайлы есеп жазбалардан бөлек, эмоцияға толы посттар да жариялап келеді. Жазбаларды сынағандарды елшілік бұғаттап тастайды. Азаттық сөйлескен журналистер мен қолданушылар мұны "цензура" дейді. Қытай елшілігі журналист сұрағына жауап берген жоқ.

ҚЫТАЙ ЕЛШІЛІГІНІҢ "ҚАРА ТІЗІМІ"

Наурыздың 14-і күні Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо "коронавирус тарауының алдын алмаған" әлдебір ел туралы айыптау мәніндегі жазба жариялады. Елші "Эпидемия енді тарай бастағанда сендер не істедіңдер? Геосаяси ойын ойнап, ішкі саяси мәселелерді айтып, Қытайға күйе жақтыңдар. Қытайлар барлық елге өмірінің өтеуімен ұтып берген уақытты бос жіберіп алдыңдар" деп жазады. […] "Кінәнің бәрін арта салатын құрбанды іздегенді қойыңдар. Сендерде маска, қолғап, тест пен қажетті құрал тапшы, қор нарығы да құлап жатыр. Бұл да Қытайдың кінәсі ме?" дейді.

Орыс тіліндегі мәтіннен елшінің қай елге қарата сөйлеп жатқаны анық емес. Бірақ "вирус штаттың көбіне жайылып, қырықтан аса адам қаза тапқанда көздерің ашылып, абдырап қалдыңдар" деген сөйлем мен бұған дейін жазбаларды ескеріп, мәлімдеменің АҚШ-қа бағытталғанын аңдауға болады.

Чжан Сяоның Facebook әлеуметтік желісінде өз атынан жариялаған бұл мәтінін Қытайдың Қазақстандағы елшілігі Twitter-дегі ресми аккаунтына көшіріп басты. Елшілік жазбасы қазақстандық қолданушылардың бәріне бірдей ұнай қойған жоқ.

"Оyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі, журналист Әсем Жәпішева елші жазбасының астына "Бұл – Қазақстандағы елшілік аккаунты. Біздің азаматтарға осылай сөйлеуге болады деп кім айтты? Дипломатсыз ба, тәрбие көрмегенсіз бе? Сізді мұнда америкалықтар оқымайды" деп жауап жазған.

Жәпішева аздан соң елші жазбасының суретін жүктеп, "Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо дәрісін ішуді тағы ұмытып кетіпті" деп жазды. Мұнан соң елшілік белсендінің аккаунтын бұғаттап тастады.

- Біраз уақыт бойы "Бұл – АҚШ-тағы емес, Қазақстандағы елшілік қой, басқа нәрсе жазыңыздаршы" дегендей кеңеске ұқсайтын пікір жазып келдім. Соңғы жазбамда эмоциямды жасыра алмадым. Елші болған соң өзін-өзі ұстауы керек. Оның пайдаланатын сөздері совет кезіндегі пропаганданы еске түсіреді. Ол Қытайдың Қазақстандағы елшісі болғанымен, жазбасының көбі америкалықтарға арналған. Мәтіндері де түгел орыс тілінде, - дейді Жәпішева.

Азаттыққа Қытай елшісінің жазбасын сынап, Чжан Сяоны "байбалам салушы" деп атаған, дипломаттың жазу стилі мен ойын келемеждеген қырыққа тарта адамның да бұғатталғаны белгілі.

Елші пікіріне бірнеше халықаралық БАҚ-тың Орталық Азиядағы тілшісі, британдық журналист Джоанна Лиллис те реакция білдірген. Постқа "Мұныңыз агрессивті сипатта жүріп жатқан түсініксіз дипломатия" деп пікір қалдырған оның аккаунтын да елшілік "қара тізімге" кіргізді.

- Бұл Қытай елшілігінің сын қабылдауға әзір емесін көрсетеді. Мұны цензура деп санаймын, - дейді Лиллис.

Азаттық Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне қолданушыларды бұғаттау себебін сұрап хабарласқанымен, елшіліктің баспасөз қызметі ресми сұраныс хат жіберуді сұрап, жауап берген жоқ. Азаттық жіберген сауалдарға мақала жарияланып жатқанда жауап келмеді.

АҚШ, ШЫҢЖАҢ ЖӘНЕ НҰР-СҰЛТАН

Әлеуметтік желіде Қытай елшісі мен елшілігінің парақшаларын бұрыннан оқитындарға Чжан Сяоның коронавирус туралы жазбасы таңсық емес. Ресми аккаунтта Пекин - Нұр-Сұлтан ғана емес, АҚШ - Қытай қатынасы туралы эмоцияға толы жазбалар жиі жарияланады.

Қазақстанның Қытайдағы елшілігі Twitter аккаунтында парақшасын 2019 жылы қыркүйектің 30-ында Қытай коммунистік партиясының 70 жылдығына орай "өз жетістіктері" туралы бірнеше пост жариялаудан бастаған. Бірақ үш күннен соң Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы ахуалды айтып, "сыртқы күштерді" сынауға көшті. 2017 жылдан бері халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Шыңжаңда "бір миллионға жуық мұсылман лагерьге қамалған, кейбірі мәжбүрлі жұмысқа жегілген" деп, Пекинді сынаумен келеді.

Чжан Сяо "Қытайдың дамуына, оның Қазақстанмен қатынасының нығаюына АҚШ кедергі келтіріп жатыр" деп жазды. Ол "Шыңжаңда адам құқықтары бұзылып жатыр" деп, Қытайдың бірнеше компаниясына санкция салған Вашингтон шешімін "арандату" деп атайды; "қолмен жасалған бұл шудың артында Қытай имиджіне нұқсан келтіру мақсаты" тұрғанын айтады; АҚШ шешімін "Қытайдың ішкі ісіне араласу" көреді; Қытайдың Шыңжаңда істеп жатқаны "терроризм мен экстремизммен күреске ғана бағытталған" деп сендіруге тырысады

Былтыр қазанның 2-сіне бұрын Шыңжаңда тұрып, кейін Қазақстан азаматтығын алғандармен кездескен Қытай елшісі "Кейбіреулер түрлі себеппен теріс пиғылды күштерге алданып қалса да, түбінде олардың көзі ашылып, екі халықтың (қытай мен қазақты айтады – ред.) сан ғасырлық достығын нығайту жолына түседі" деп жазды. Дәл сол шақта Қазақстанның бірнеше қаласында жүздеген адам "Қытай экспансиясына қарсымыз!", "Қазақстанға Қытайдың 55 зауыты салынбасын!", "Шыңжаңда қамауда отырғандар босатылсын!" деген ұрандармен әкімдіктер мен орталыққа жиналып, наразылық акциясын өткізіп жүрген.

Қазанның 16-ына "Қытай мен Қазақстан дос әрі тату көрші ғана. Халықты көшіріп әкелу, жерді басып алу сияқты бітпейтін мәнсіз әңгімеге негіз жоқ. Әбден мезі қылды. Қашанғы айтыла бермек?" деп жазды.

2018 жылдан бері Қазақстан соты Қытайдан шекараны "заңсыз бұзып өтіп" келген кемінде бес этникалық қазақтың ісін қараған. Олар "Шыңжаңда мұсылман ұлт өкілдері қайта тәрбиелеу лагерінде қамауда отыр" деп мәлімдеп, өздерінің де "қысымға ұшырағанын" айтқан. Қазақстан ол бесеуіне түрлі жаза кескенімен, ешбірін Қытайға қайтарған жоқ.

2019 жылы күзде Қытайдан келген этникалық екі қазақ – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісі қаралып жатқан тұста Чжян Сяо "трансшекаралық қылмыс" туралы жазды. "Қылмыскерлер саяси шымылдықтың артына жасырынып, Отанын балағаттайтын құбылыс байқалады. Олар жанашырлыққа лайық емес. Жаны ашығандар – заң үстемдігін қорлағандар" дейді.

Сонымен бірге Қытай елшісінің қайсыбір жиын туралы бейтарап не позитивті жазбалары да бар. Ол әлеуметтік желідегі парағында Қазақстанды 30 жылдай билеп, 2019 жылы наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарған, бірақ билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті мен сөздерін бөлісіп тұрады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да кей шешімін мадақтап, оның "екі жақтың қатынасын нығайтып жатқанын" айтады. ​

"ҮСТЕМШІЛ МЕССЕДЖ"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов "Қытай Twitter-ді бұғаттағанымен, өзін держава санайтын ел ретінде пропаганданың барлық амалын қолдануға тырысады. Сондықтан сыртта жүрген елшілер осы әлеуметтік желіні қолданады" дейді. "Бірақ өзін мадақтап, жазбаларды үшінші жақтан жазуы – Қытай билігі пропагандаға келгенде ескі әдіске жүгінетінінің көрінісі" дейді.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.

- Қытай әлі күнге дейін коммунистік идеологияны ұстанатын болған соң пропагандасында да революциялық алға жылжу болды деп айта алмаймын. "Барлығы тамаша, барлығы керемет" дейтін насихаты жаңа платформаға көшті, бірақ стратегиясы қатты өзгере қойған жоқ. "Жау жаман, бірақ жақсымыз" дегендей ақ-қараға бөлу бар. Қазақстан ішінде АҚШ та, Ресей де пропаганда жүргізіп жатыр. Бірақ олар заманға бейімдеп тастаған. Әрі олардың сөзі агрессивті болмаған соң қалыпты нәрсе деп қабылдаймыз. Ал Қытай сол 20 ғасырдағы әдістерімен қалып қойды, - дейді ол.

Саясаттанушы елші Чжан Сяоның "эмоцияға толы жазбалары дипломатия стиліне жатпайтынын, дипломатияның жазылмаған ережелеріне сай емесін" айтады.

- Түрлі елдердегі Қытай елшілерінің парақшалары бір-біріне ұқсамайды. АҚШ пен Канададағы елшілерінің жазбаларында үстемдік месседж жоқ. Ал Қазақстандағы Қытай елшісінің парақшасы басқаша. Олардың агрессивті жазбалар жариялауы "біз АҚШ-тан қорықпаймыз, еш кем емеспіз" деген әсер қалдыруды көздейді, - дейді Нұрсейітов.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев.

Бұрынғы дипломат, саясаттанушы Қазбек Бейсебаев "дипломатияның жазылмаған ережелері" екі елдің өзара қарым-қатынасында сұралатынын, ал елші жазбалары Қазақстан емес, АҚШ-қа қатысты екенін айтады.

- Чжан Сяо Қытайдың АҚШ-тағы елшісі болса, Вашингтон оны сөйлесуге шақыртуы мүмкін еді. Бірақ бізге тиісіп жатқан жоқ. Бұл – АҚШ-Қытай ойындары. Бұрын мұндай жағдай Совет одағы мен АҚШ арасында болды. Совет елшісі газет-журналдарды жинап, АҚШ-қа қатысты мәлімдемелер айтатын. Бұл да тап солай. Бірақ әлеуметтік желілер болған соң, тартыс көрініп жатыр. Онда тұрған ештеңе жоқ. Жазбалар АҚШ-қа бағытталғанымен, Қазақстан аудиториясына арналған. Сондықтан да біз осыны көріп, талқылап жатырмыз, - дейді Бейсебаев.

"ЕЛШІНІ АУЫСТЫРСЫН"

Қытай елшісінің кей жазбасына қатысты шара қабылдауды сұрап, Нұр-Сұлтанға ашық хат жазған қазақстандықтар да бар.

Наурыздың 4-іне Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу лагерьлері жайлы алғаш айтқан Қытай қазағы, қазір Швецияда тұратын Сайрагүл Сауытбай АҚШ мемлекеттік департаментінің "Батыл әйелдер" халықаралық сыйлығын (Annual International Women of Courage) алды. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо үш күннен соң, наурыздың 7-сіне Сауытбайдың марапат алуын сынап жазды.

Жазбада елші "[…] Сауытбай мемлекеттік департаменттің қоюымен әлдебір ерлігі үшін белгісіз бір сыйлықты алған екен. Бұл – Қытайдың ішкі ісіне араласуға бағытталған көпе-көрінеу арандату. Шараның өзі бастан-аяқ қызықсыз цирк болғанымен, Вашингтонның арам ойын әшкерелеп берді. […] Қытайда да, Қазақстанда да қылмыскер деп танылған әлгі "батыл әйелді" қалайша ерлік жасады деуге болады? Оның ерлігі – өзі мен отбасын асыраған Отанын сатып, елі жайлы пасық әрі жиіркенішті сөз айту" дейді.

Наурыздың 11-іне қазақстандық сайттардың бірінде зерттеуші, Шыңжаңдағы саяси тәрбелеу лагерінде болғандардың тағдыры жайлы "Зұлмат: Шығыс Түркістанның күйреуі" кітабының авторы Тұрарбек Құсайыновтың Қытай елшісінің жазбасы жайлы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен сыртқы істер министрі Қайрат Тілеубердіге, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке жазған ашық хаты жарияланды.

Онда Құсайынов "Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның бұл әрекеті Қазақстан-АҚШ, Қазақстан-Қытай қатынасы мен түрлі саладағы әріптестігіне көлеңке түсіріп тұр. Ол "идеологиялық вирус", "геосаяси цирк", "қылмыскер", "Отанын сатқан" деген былапыт сөздер айтып, дипломатқа жат қылық жасады" дейді. Зерттеуші Чжан Сяоның "бұған дейін де бірнеше мәрте қазақ қоғамының ашу-ызасын туғызғанын", оның "әр сөзі ультиматум, қоқан-лоққы, кемсіту түрінде болатынын" жазады. Ол Тоқаевтан, сыртқы істер министрі мен бас прокурордан Қытай елшісінің "іс-әрекетіне құқықтық және саяси баға беруін" және соған сәйкес "Қытайға наразылық нотасын жолдап, Қытайдың Қазақстандағы елшісін ауыстыруды талап етуін" сұрады.

Қазақстандық басылымдар наурыздың 19-ына сыртқы істер министрлігінің Құсайыновқа жауап беріп, "Чжан Сяоның әрекеті туралы хат назарға алынды" деп хабарлағанын жазды. Министрдің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтың атынан жіберілген хатта "Қазіргі таңда Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын ілгерілету мақсатында барлық мемлекетпен тең дәрежедегі ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Осы орайда сіздің ақпаратыңыз жан-жақты зерделенеді. Халықаралық дипломатияны іске асыру аясында Қазақстанның ұлттық мүдделерінің барынша сақталатынына сендіреміз" деп жазылған.

Наурыздың 20-сына Азаттыққа Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Тұрарбек Құсайыновқа осы хаттың жолданғанын растады.

TWITTER-ГЕ ТІРКЕЛУ "НАУҚАНЫ"

Коронавирус туралы АҚШ-ты айыптайтын пост жазған жалғыз Қытайдың Қазақстандағы елшісі емес.

Наурыздың 12-сіне Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лицзянь Чжао өзінің Twitter аккаунтында "Уханьға эпидемияны әкелген Америка әскері шығар" деген жазба жариялады.

Бұл постты Қытайдың басқа елдердегі дипломаттары да іліп әкетіп, осыған ұқсас пост жазды.

Қытай елшілерінің Twitter-де қазіргідей белсенділік танытып жүргеніне көп болған жоқ.

Үш жыл бұрын, 2017 жылы Қытай мемлекеттік "Синхуа" ақпарат агенттігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Twitter-дегі "дипломатиясын" сынаған. Басылым "Сыртқы саясатқа келгенде Трамп даналық танытпады", "Дипломатия – баланың ойыны емес, оны бизнес сияқты жүргізуді доғару керек" деген бірнеше америкалық саясаткер мен сарапшының сөзін келтірген. "Синхуаның" мақаласында Пекин шенеуніктерінің Трамп жазбаларын "жылдар бойы орындалып келген дипломатиялық хаттамаларды бұзды" деп сынағаны айтылады.

Гонконгте шығатын South China Morning Post басылымы "Қытай билігіне бағынышты газеттегі бұл мақала АҚШ президентінің келіссөз жүргізудегі ерекше тәсіліне Пекиннің әлі үйрене алмай жатқанын көрсетеді" деп жазған. Шанхай зерттеу институтының халықаралық қатынастар бойынша маманы Чжан Чжэсинь Трамптың Twitter-дегі жазбалары Пекиннің "бас ауруына айналады" деген. Сарапшы "Қытайға Трамптың даулы мәселелерді ашық жариялап отырғаны ұнамайды. Олар мұндай әдіс дипломатиялық дауды шеше алады дегенге сенбейді" дейді.

Бірақ біршама уақыттан соң Пекин ойын өзгерткенге ұқсайды.

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның дипломат қызметіне кіріскеннен кейін бір жылдан соң, 2019 жылдың күзінде аккаунт ашуы – түрлі елдегі Қытай дипломаттарының жаппай Twitter-ге тіркеле бастаған тұсымен дөп келді.

Былтыр маусымда Қытайдың АҚШ-тағы елшісі Цуй Тянькай Twitter-де аккаунт ашқан соң желідегі Пекин дипломаттары көбейе түсті. Қытай сыртқы істер министрлігінің әлеуметтік желілерді қалай пайдаланатынын зерттеген екі ғалым – Чао Александр Хуан мен Руи Ванг "2018 жылдың қазанында Пекин дипломаттарына тиесілі аккаунттар саны тек 17 болғанын, қазір елшілер аккаунтының саны 80-нен асқанын" айтады. BBC-дің жазуынша, елшілердің Twitter-дегі белсенділігіне Гонконгтегі үкіметке қарсы халық наразылығы мен Шыңжаңдағы лагерьлер мәселесіне, АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысына байланысты Пекинге "сыртқы қысымның күшеюі ықпал еткен".

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаң жайлы сұраққа қалай жауап берді? 27 қараша 20196 жыл.

"Бәрі жалған". Қытай елшісі Шыңжаң жайлы сұраққа қалай жауап берді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00


Елшілерге "Пекин позициясын агрессивті түрде білдіру" тапсырылған соң дипломаттар Қытай билігінің "жауынгерлік рухын" әлеуметтік желіде айқын көрсете бастады.

Мәселен, әуелі Қытайдың Пәкістандағы елшілігінде істеп, кейін сыртқы істер министрлігіндегі ақпарат департаменті директорының орынбасары болып "өскен" Чжао Лицзянь былтыр шілдеде "Шыңжаңда мұсылман ұлт өкілдеріне қысым бар" деп сынаған Вашингтонға жауап ретінде "АҚШ-та әлі күнге дейін сегрегация мәселесі шешілмеді" деп жазды. Пекин өкілі "Вашингтонда жүрсеңіз, ақ адамдардың оңтүстік-батыс ауданға бармайтынын түсінесіз. Себебі ол – қара нәсіл мен латын америкалықтардың мекені. Азаматтарды нәсіліне байланысты алалау білім беру пен жұмыста, кредит беруде, мемлекет басқару салаларында әлі күнге дейін бар" деп жазған. Бұдан соң АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Сьюзан Райс дипломаттың жазбасын "расистік мазмұндағы масқара" деп атап, "адам сенгісіз надандыққа абдырап қалғанын" жазды. Райс "Чжао Лицзянь еліне қайтарылуы керек" деген. Даудан соң Чжао Лицзянь жазбаларын өшіріп тастады.

Қытай дипломаттарының жазбалары әр түрлі – бірі АҚШ пен Қытайды салыстырған цитаталарды, кейбірі Пекиннің аз ұлттарға қатысты саясаты мен Гонконгтегі наразылық жайлы "фейктерді" жариялайды, "АҚШ-тың Қытай технологияларын елден тықсырып жатқаны" туралы айтады, "қара нәсілді жұртты ақ полицейлердің азаптап жатқанын" жазады. Өзі елші болып барған жердің халқы мен мәдениеті туралы жазбалар да жариялап тұрады.

Дипломаттар жазбаларына аудитория реакциясы да біркелкі емес. Twitter-ді қолданушы кейбіреулер Пекин өкілдерінің "өтірігіне" сенбейтінін жазып жатады. Дипломаттардың өзін сынайтын қолданушыларға танытатын реакциясы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоның "жауабымен" бірдей.

Наурыздың 19-ына Пекин саясаты туралы жазатын америкалық журналист Бетани Аллен-Эбрахимян өзін Twitter-де Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуниннің бұғаттап тастағанын жазды. Журналист жазбасына ондаған адам жауап беріп, өздерінің де түрлі пікірлері үшін "қара тізімге" енгенін жазды. Қолданушылардың бірі "Қытай дипломаттарының өзіне жақпайтындарды бұғаттауы – үйреншікті нәрсе" дейді.

"Батысты әшкерелейтін" елшілерді мақтайтындар да бар. Бірақ ондай пікірлердің шынайылығына дәлел жоқ. Бұған дейін Қытай үкіметінің қоғам пікіріне әсер ету үшін комментарий жазатындарды жалдайтыны айтылған. Былтыр тамызда Twitter мен Facebook "Гонконгтегі наразылық туралы фейк тарату үшін мемлекет ұйымдастырған кампания аясында ашылған" жүздеген аккаунтты өшірген. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы да Қытайдың "билікшіл тролльдері интернеттегі онлайн талқылауды қолдан ұйымдастырады" деген.

Қытай билігі Twitter-ді 2009 жылы Шыңжаң аймағындағы бірнеше наразылықтан соң бұғаттады. Пекин "мұсылман белсенділері Twitter мен Facebook-ты наразылық ұйымдастыру үшін өзара байланысып отыруға пайдаланады" деген. Қытайда бұғаттауды айналып өтудің амалын тапқан қарапайым азаматтардың желідегі жазбасы үшін жауапқа тартылғаны жайлы деректер бар. Қытайдың ірі компаниялары мен мемлекеттік басылымдар Twitter-ге кіру үшін үкімет мақұлдаған VPN жүйесін қолданады. Халықаралық ұйымдар есебінше, Қытай – интернет еркіндігін ең қатты шектейтін ел.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG