Сонымен, 17 наурыз Алматы уақыты бойынша түскі сағат 13.00-дегі деректі назарларыңызға ұсынамыз. Сәл күтіңіз инфографика жүктеліп жатыр.
Билік төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратқандарға жаза қатаң болатынын ескертті
Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігі төтенше жағдай кезiнде жалған ақпарат таратқан БАҚ жауапкершілігі ауырлайтынын ескертіп, сайтына "Бұқаралық ақпарат құралдарының төтенше жағдайдағы жауапкершілігі туралы" арнайы ақпарат жариялады.
"COVID-19 пандемиясына байланысты соңғы уақытта елде көрінеу жалған ақпараттың таралуы байқалады" делінген министрлік сайтындағы ақпаратта.
Министрлік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-1-бабының 2-бөлігінде "БАҚ-та, ақпарат иеленушінің интернет-ресурсында, ашық деректер интернет-порталында немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен көрінеу жалған ақпаратты орналастырғаны үшін" әкімшілік жауапкершілік белгіленгенін еске салған. Ведомство төтенше жағдай кезінде бұл баптан өзге аталған кодекстің "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар" деп аталатын 57-бабының 9-тармағы ("дүлей зілзала жағдайларында немесе басқа да төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау") іске қосылады деп жазған. Сонымен бірге төтенше жағдай кезіндегі БАҚ жауапкершілігін ауырлататын басқа да бірнеше бап пен оған қолданылатын жазаларды көрсеткен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстан аумағына 2020 жылдың 16 наурыз таңертеңгі сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізген.
Нұр-Сұлтанда 14 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды
17 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан қаласында тағы да 14 адамнан коронавирус табылғаны туралы хабарлады.
"Нұр-Сұлтанда тағы да 14 пациенттің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, диагнозы расталып, карантинге жатқызылды. Олармен байланысқан адамдардың барлығы анықталып, оқшауланып жатыр" деді Біртанов.
Бұдан бірнеше сағат бұрын Алматыда шетелден оралған үш қазақстандықтың (біреуі - екі жасар бала) вирус жұқтырғаны анықталғаны хабарланған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 27-іе жетті. Елде коронавирусқа байланысты 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай режимі жарияланған.
Қырғызстан шетелдік азаматтардың елге келуіне уақытша шектеу енгізеді
Қырғыз үкіметі ел аумағына шетелдіктердің келуіне уақытша шектеу енгізу туралы қаулы қабылдайды. Бұл туралы 17 наурызда брифингте Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары Алтынай Омурбекова мәлімдеді деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Шенеунік әлемде коронавирустың таралуына байланысты үкіметтің "осындай сақтық шарасы қажет" деп ұйғарғанын айтты.
"Қырғызстанда жүрген шетел азаматтары елден шығып кете алады. Қырғызстандықтардың елге оралуына кедергі жоқ" деді Алтынай Омурбекова. Оның сөзінше, елден шығатын және келетін жүк тасымалына шектеу қойылмайды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Қырғызстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Көрші Қазақстанда вирус жұққан 13 адам, Өзбекстанда - 8 адам тіркелген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "пандемия" деп жариялаған Covid-19 коронавирусы әлемде 181 мыңнан астам адамға жұқты. Қаза болғандар саны 7 мыңнан асты. 80 мыңнан астам адам дерттен айыққан. Вирус 150-дан астам елге тарады.