Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жарияланбақ
Қазақстан үкіметі 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында карантин жариялайтынын мәлімдеді. Карантин кезінде бұл екі қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылады. 17 наурыздағы дерек бойынша, Қазақстанда 32 адам коронавирус жұқтырған. 15 адам – Алматыда, 17 адам – Нұр-Сұлтан қаласында.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірге дейін елде төтенше жағдай жариялаған.
Карантин кезіндегі шаралар:
- карантин кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;
- карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіріп-шығу пункттерін анықтау;
- адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көліктердің кіріп-шығуын шектеу;
- ауруды жұқтырғандардың, вирус жұқтыруы күдігіне ілінгендердің, карантиндегілердің жағдайы үшін аурухана, емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қала аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;
- қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру не шектеу және түнгі уақытта тоқтату;
- азық-түлік сатпайтын сауда базарларының жұмысын, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру (Азық-түлік сататын орындар мен дәріханалардың жұмысы жалғаса береді).
- санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейту және «тамақтарды сатып алушыларға жеткізу» жүйесі бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;
- Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;
- карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, өмірге ең қажетті тауарларға тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;
- карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі ең қажетті тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау;
Қазақстанда тағы бес адамнан вирус табылды. Дертке шалдыққандар 32-ге жетті
17 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Алматы тағы төрт адамнан, Нұр-Сұлтанда бір адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Сонымен, қазір елде 32 адамнан вирус табылды. 15 адам – Алматыда, 17 адам – Нұр-Сұлтан қаласында.
СІМ: Венгриядағы Қазақстан азаматына вирус жұқты
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Венгрияда бір қазақстандық коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсті.
“16 наурызда Қазақстанның Венгриядағы елшілігіне Қазақстанның бір азаматы коронавирус күдігімен Будапештегі ауруханаға жатқызылғаны хабар түсті. Анализ қорытындысынан коронавирус табылды. Қазір жағдайы қалыпты, ауруханада емделіп жатыр. Елшілік бұл жағдайды бақылауға алды” деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігі.
Венгрия үкіметінің дерегінше, бұл елде 50 адамға вирус жұққан. Елде шетелдіктерге кіруге тыйым салынды.
Үкімет экономиканы тұрақтандырудың шұғыл шарасын әзірлемек
Қазақстанда теңге құнсызданып барады. 17 наурызда ақша айырбастау пункттерінде 1 АҚШ доллары 439-439,5 теңгеден сатылды.
Сейсенбіде Қазақстан үкіметі ел экономикасы мен еңбек нарығын тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар әзірлеп жатқанын хабарлады. Үкімет кәсіпкерлерді қолдауға "кемінде 300 миллиард теңге" (шамамен 668 миллион доллар), ал басымды жобаларға жеңілдікті несие беру жөніндегі үкіметтік бағдарламаға 400 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай режимі енгізілгендіктен, жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес субъектілеріне несие борышына қарызын төлеу мерзімін 90 күнге шегеруге мұрсат беру көзделген.
"Төтенше жағдайға байланысты бұл норманы жеке және заңды тұлғаларға қарыз берген банктер ғана емес, сонымен бірге қарыз беруші микроқаржы ұйымдарының (ломбардтар, кредит серіктестіктері, т.б.) барлығы орындауы тиіс" деді сейсенбіде Нұр-Сұлтанда өткен үкімет отырысында қаржы нарығын дамыту және реттеу агентігінің жетекшісі Мәдина Әбілқасымова.