- Авторы: Ақсәуле ӘБІТАЙ
Басқарма: Жамбылдағы коронавирус жұққан науқастар Қырғызстаннан келген
Жамбылдағы коронавирус жұқтырған үш адам Қырғызстаннан келген. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Марат Жұманқұлов 27 наурыз күнгі онлайн-брифингте хабарлады.
Алғашқысы - 1991 жылғы азамат, жеке кәсіпкер. Кейінгілері 1974 жылғы ер адам және 1996 жылғы әйел адам. Зертханалық тексерістен кейін оларда коронавирус бар екені анықталып, инфекциялық стационарға жатқызылды.
"Үшеуінің жағдайы қалыпты, шағымдары жоқ. Үш оқиға бір-бірімен байланысты емес, әртүрлі себеппен шекарадан өткен" дейді басқарма басшысы.
Науқаспен байланысқан адамдар анықталып, карантинге жатқызылды. Олардан коронавирус табылған жоқ (нақты қанша адам екені белгісіз, хабарланбады).
3 адам да 23-26 наурыз аралығында Қазақстан-Қырғызстан шекарасынан өткен, қазір олар болған орындар дезинфекцияланды.
Атырау облысында коронавирус жұққан алғашқы үш адам анықталды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 27 наурыз түсте Атырау облысында үш адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.
Елде қазір 124 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында үш адам.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.
Шымкентте әуежай және темір жол вокзалы жұмысын тоқтатады
28 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап Шымкент қаласында коронавирусқа байланысты әуежай мен темір жол вокзалдардың жұмысы толық тоқтайды. Бұл туралы Қазақстанда коронавируспен күрес штабы хабарлады.
Сенбі күннен бастап көлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, ұялы телефон дүкендері жабылады. Штаб мәлімдемесіндегі дерекке сәйкес, қалада төмендегідей шектеу шаралары енгізіледі:
- Тұрғын үйлерде, аудандарда, діни бірлестіктерде жеке, отбасылық және басқа шараларды өткізуге қатаң тыйым салынады;
- Сауда нысандарына баратын адамдар, сатушылар медициналық маск тағуы тиіс, санитарлық-дезинфекциялық шараларын күшейтуі керек;
- Мал базарлары жексенбі күні ғана сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді;
- Қоғамдық тамақтандыру орындары таңертеңгі сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін істейді;
- Қоғамдық тамақтандыру орындары кіреберісте тұтынушылардың температурасын тексеріп, қолды санитарлық тұрғыда тазартуға мүмкіндік беруі тиіс;
- 21.00-ден 7.00-ге дейін Шымкент қаласының аумағына кіруге және шығуға тыйым салынады;
- Қоғамдық көліктер таңертеңгі сағат 6.00-ден 21.00-ге дейін жұмыс істейді.
Шымкентте короновирус жұқтырған бірінші адам 24 наурыз күні түнде анықталған. 24 жастағы ер адам қалаға 20 наурыз күні автобуспен Нұр-Сұлтан қаласынан келген. 25 наурызда оның анасынан да коронавирус табылды.
Қала әкімі Шымкентте вирус жұқтырған адаммен бірге Нұр-Сұлтаннан 51 адам келгенін, олардың төртеуі Шымкентке түсіп, қалғаны Түркістан облысы Жетісай қаласына кеткенін айтқан.
Қала әкімі қазірге қалаға карантин жариялауға негіз жоқ деп мәлімдеді. 25 наурызда қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын уақытша тоқтатты.
Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 121 адамға жетті.
Алматыда бір адамнан коронавирус табылды
26 наурыз таңертеңгі сағат 10.25-тегі дерек бойынша, Алматыда тағы бір адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Науқас туралы әзірге толық дерек айтылмайды.
Елде қазір 120 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында бір адам.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. 25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.